Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының Қазақстан Республикасы Мемлекеттік рәміздер күніне орай отансүйгіштік пен ұлттық тәрбие беруге бағытталған жасөспірімдер арасында ұйымдастырып отырған әлеуметтік желіде жүректен үн қату (челлендж) байқауы одан әрі жалғасуда.
«Балалар жүрекпен үн қатады» байқауының алдына қойған мақсатына өткен ғасырдың басында жазған Сұлтанмахмұт Торайғыровтың мына өлең жолдары жауап беретіндей:
Сүйемін туған тілді – анам тілін,
Бесікте жатқанымда-ақ берген білім.
Шыр етіп жерге түскен минутімнен,
Құлағыма сіңірген таныс үнім.
Сол тілмен шешем мені әлдилеген,
Еркелеткен, «құлыным», «жаным» деген.
Сол тілменен бірінші білгізілген:
«Ана» деген сүйгендік сөз һәм менен.
Қылжақтап, алып қашып құрбы бөркін,
Сол тілменен ойнадым далада еркін.
Сол тілменен бірінші сыртқа шығып,
Өмірде ен далада ұққан көркім.
Бірден айту керек, байқаудың басты шарты бойынша, 7-12 жас аралығындағы балалар ғана қатыса алады, әрі оқылатын шығарма екі шумақтан, он екі жолдан аспауы міндетті.
Диплом мен арнаулы сыйлық тігіліп отырған бұл бәйгеге қатысу бүлдіршіндер үшін үлкен қиындық тудырмайды. Үміткер үстіміздегі жылдың 4 маусымынан бастап 12 маусым (қоса есептегенде) аралығында әлеуметтік желідегі өз парақшасында мемлекеттік тілдің мәртебесі, ана тіліміздің қуатын бейнелейтін өлең, немесе осы тақырыптағы өз туындысын мәнерлеп оқып бейнебаян жариялап, #tilqazyna, #tilulttynqazynasy деп тегтейді.
Қазылар алқасы бағалау кезінде шығарманы оқу мәнері, тақырыптың кең ашылуы, төлтуынды болса, көркемдік мазмұнын бағалай отырып, кімнің өз оқырмандарынан көп ұнамды белгі алғанын ескереді. Түрлі техникалық тәсілдермен көркемдеп, қосымша музыкамен әрлеуге болады.
Құрметті ата-ана, «Бұлақ көрсең, көзін аш» деген, жас жеткіншектердің бәйгесінен жас құлыншақ қапы қалмасын!
Қашанда жақсы атаулыға тілекші болып жүретін ұстаздар қауымы, «Талаптыға нұр жауады» деп үйретеді халық даналығы, көзінің оты, жүрегінің шоғы маздаған шәкіртіңіз дүбірлі додаға түсіп бағын сынасын!
Қадыр ағамыз айтқандай,
«Ана тілің – арың бұл,
Ұятың боп тұр бетте.
Өзге тілдің бәрін біл,
Өз тіліңді құрметте!»
Қадамыңа гүл бітсін, жас өркен!