ЖУРНАЛИСТ ЖОЛЫ

Журналистика – ой-шұқыры көп ерекше әлем. Ал оның шыңына шығу екінің бірінің қолынан келмейді. Негізі, журналистика ұғымы туралы айтқанда көз алдымызға тұрпаты мен мағынасы ерекше терең сөз өнері елестері анық. Өйткені бұқаралық ақпарат құралдарының майталман маманы болу алдын-ала ерекше әзірлікті қажет етеді. Сондықтан да журналистикаға тиісті дәрежедегі дайындықпен келу керек. Әр журналистің, қаламгердің шығармашылыққа келу, алғашқы жетістіктерге жету, шеберлік тұғырына көтерілу жолдары әрқилы. Бұл жайында 26 қазанда Астанада Лев Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде республикалық «Бас редакторлар клубы» қоғамдық бірлестігі мен осы жоғарғы оқу орнының Журналистика және саясаттану факультетінің ұйымдастырумен өткен мәртебелі жиында салиқалы әңгіме болды.

Елімізге танымал журналистер, белгілі қаламгерлер, ғалымдар, ЖОО оқытушылары, магистранттар мен студенттер, республикалық БАҚ өкілдері қатысқан басқосуда телевизия саласында тұңғыш тағайындалған Кенжеболат Шалабаев атындағы Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты, Астана қаласы әкімінің «Алтын қалам» жүлдесінің иегері, Қазақстан Республикасы Президентінің «Алғыс хатының» иегері, «Шабыт» халықаралық шығармашылық байқауының Гран При жеңімпазы, «Ақпарат саласының үздігі» төс белгісінің иегері Базаркүл Үмбетованың «Журналист жолы» атты кітабының таныстырылымы болып өтті.

Саясаттанушы Кенжеболат Жолдыбайдың жетекшілігімен өткен бұл іс-шарада Журналистика және саясаттану факультетінің деканы, профессор Қайрат Сақ, республикалық «Бас редакторлар клубы» қоғамдық бірлестігінің вице-президенті Мұратбек Тоқтағазин, қоғам қайраткері,  Елорданың тұңғыш баспасөз хатшысы, «Түгел Медиа» холдингінің басшысы, белгілі жазушы Сәдібек Түгел, Алаштанушы Қайырбек Сәдуақасов, тарих ғылымдарының докторы, профессор Тілеген Садықов, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, телерадио саласының майталман журналисі Махат Садық, сөз мәдениетінің асқан білгірі, қаламы қарымды журналист Анар Төлеуханқызы, Журналистика және саясаттану факультетінің деканының орынбасары, филология ғылымдарының кандидаты Гүлжауһар Болатова және журналистика саласының өзге де білікті мамандары мен болашақ журналистер кітап жайлы, кітап авторы Базаркүл Сейітжанқызы туралы өздерінің ой-пікірлерін ортаға салды. Кітаптың ғылыми маңыздылығын ескере отырып студенттерге және магистрлерге бұл тұрғыда арнайы зерттеулер жүргізуге тапсырма беру керектігі жөнінде ұсыныстар айтылды. Сондай-ақ, ауқымды студенттік аудиторияда шеберлік сыныбын ұйымдастыру қажеттігіне назар аударылды.

Базаркүл Үмбетова өз тарапынан кітапты жазудағы мақсатына тоқтала келе, адалдық, адамдық қасиеттерін өзінің бойтұмарындай қастерлей отырып 35 жыл бедерінде журналистік жүріп өткен жолдары, еңбек еткен жылдары, әсіресе Астана қаласының теле және радио журналистерінің айбынды қызметі жайлы сөз қозғады. Елдік мәселе, туған жер туралы, сондай-ақ Елордадағы қарқынды үрдіс кезіндегі тікелей өзі куә болып, қатысқан, көрген, көкейге тоқыған пікірлерімен бөлісті. Алдағы уақытта Журналистика факультетінің студенттерімен кездесіп, өмірлік тәжірибесімен бөлісуге әрқашан да дайын екендігін атап өтті.

Кенжеболат Жолдыбай,

саясаттанушы

INFOTIMES

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *