Журналистер ұстазы

«Ағай екі сағат дәріс оқығанда қағазына бір қараған жоқ, барлық ақпаратты қалай ғана ойында сақтайды?», «Нағыз профессор осындай болады екен ғой!», – деп үзілісте дәлізге шыққан магистранттар алаштанушы-ғалым Сақ Қайрат Өмірбайұлының оқытушылық шеберлігіне тәнті болып, өзара ой бөлісті. «Журналистика тарихын жақсырақ түсіне бастадым», – дейді енді бірі.

Филология ғылымдарының кандидаты, профессор Сақ Қайрат Өмірбайұлынан білім алған мыңдаған студент, магистрант пен докторант ғалымның асқан білімділігіне, ойының жүйріктігі мен мәрттігіне тәнті болуда. Тәрбиелеп, жеткізген көптеген шәкірті бүгінгі таңда халықына адал қызмет етіп, қоғамның белді мүшесі атануда.

Ғалым жүздеген ғылыми мақала мен публицистикалық еңбектің авторы. «Ұлттық сана ұйытқысы», «Қазақ журналис­тикасы», «Алаш мұрасы» атты оқу құ­ралдарын жазған. «Дала уәлаятының газеті» энциклопедиялық жинағы мен «Қазақ» газеті жинағын, «Алаш көсемсөзі» көптомдығын шығаруға атсалысқан.

Тоқсаныншы жылдары еңбек жолын газет тілшісі болып бастап, оқытушылық-ғылым жолына келген Қайрат Өмірбайұлы бүгінде елордадағы Лев Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, Журналистика және саясаттану факультетінің деканы қызметін атқарып отыр.

«Факультетте атаулы зертхана, студия, дәрісханалар ашылды. «Айқын» газетінің аудиториясы, «Медиадизайн» зертханасы, «Qazaq радиосы» студиясы, С.Бердіқұлов атындағы аудитория, «Хабар Агенттігі» және «Qazaqstan» РТРК аудиториясы мен телестудия ашылды. Әр жылдары агенттік басшылары мен демеушілер тарапынан техникалық құралдар жаңартылуда», – дейді Баспасөз және баспа ісі кафедрасының меңгерушісі Амангелді Шүрентаев.

Кафедра меңгерушісінің сөзінше, журналистік білім берудің заманауи талаптары мен өзектілігі жан-жақты зерделеніп, жаңа бағдарламалар іске асырылып келеді. Факультетте 17 білім беру бағдарламасы бойынша болашақ журналистер мен саясаттанушылар үш деңгейде білімдерін шыңдауда. Яғни, бакалавриаттан бастап, PhD ғылым докторы деңгейіне дейін жүзеге асырылады. Салалық журналистиканы дамытуда факультеттің профессор-оқытушылар құрамы тәжірибелі мамандармен толықтырылып, жыл сайын жас ғалымдар да қатарға қосылуда.

Білікті басшы, көрнекті ғалым, ұлағатты ұстаз Қайрат Өмірбайұлы бүгінде мерейлі 60 жасқа толып отыр. Журналистер ұстазын шын жүректен құттықтай отырып, еңбегіне толағай табыс, отбасына мол бақыт тілейміз!

Нұржан Көшкін

INFOTIMES

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *