Жеті атаны білу – тектіліктің кепілі

Жеті ата туралы енді ғана біліп жатқан кезімізде «Неге әрқашанда тек жеті атамыздың есімдерін білуіміз керек? Неге одан көбірек немесе одан аз жаттамасқа?» деген сұрақтарды есімізге жиі аламыз. Әрине, бұл сұрақтың жауабы жеті саны елімізде киелі сан екеніне байланысты. Ата-бабаларымыздан келе жатқан «Жеті саны – киелі» деген қасиет қоғам өмірінде елеулі орын алады. «Жеті» санымен байланысты халқымызда: жеті қазына, жеті байлық, жеті күн, жеті ата бар. Сондай-ақ бала жеті жасқа келгенде күрт өседі, яғни есейеді деген өсиет бар. Ал қайтыс болған адамның жеті күн садақасын береді. Бұл жерде бәрімізге белгілі Тәуке ханның XVII ғасырда шыққан «Жеті жарғы» заңы туралы айтып кетпесе болмайды. Сөздің шыны керек қазақ халқында жеті ата өте маңызды рөл атқарады және оларды білу әр адамға тиісті парызға айналып кеткен. Сондықтан, жеті атамыздың нақтылы есімдерін кішкентайынан жаттап өсеміз. Жеті атамызды, өз тегімізді біліп жатсақ ол біздің тектілігіміздің белгісі.

Баба – атаның әкесі. Бабаны сыйлау, әрқашан да оған қамқорлық жасап отыру, оған үнемі сәлем беріп, хал-жағдайын біліп отыру, сыбағасын сақтап, оған үнемі сый құрмет көрсетіп отыру шөбере, немеренің өз баласының ғана емес, бүкіл әулеттің, бір атадан тараған бүкіл ауылдың борышы, қасиетті парызы. Өз ұрпағына жеті атасын үйрету, атадан балаға жалғасып келе жатқан қазақтың тәрбиелік дәстүрі.

Ата әкенің әкесі. Әрбір ұрпақ өз әке-шешесінен де атаның абыройын ерекше ардақтауға міндетті. Кісі әкенің алдында бір есе борышты болса, ал атаның алдында екі есе борышкер. Өйткені, ата әкені тәрбиелеп өсірген адам. Ата балаға сыншы, немереге қамқоршы, әулетіне тірек, батагөй жан. Қазақ дәстүрінде барлық іс-әрекет пен рәсімдерде ата жасын құрметтеп, оған сый-сияпат көрсете білу қажет.

Әке  дүниедегі ең жақын адамның бірі. Қазақ өмірінде «Әке тұрып, ұл сөйлегеннен без», «Әке көрген оқ жонар», «Әкең – асқар тауың» деген мақал, «Жақсы әке жаман балаға қырық жыл азық болады» деген сөз бар. Әкені сыйлау, құрметтеу, оның отбасындағы орнын әрбір бала қастерлеп-қадірлейд. Әке баланың тірегі, ойындағы санасы мен өмірдегі панасы. Ол баласы үшін барын аямайды, тәрбиелейді және болашағына бағыт-бағдар жасап отырады. Ежелгі уақыттан, қазіргі күнге дейін әкелеріміз перзенттерін ел, ру намысын қорғайтын ержүрек, қайырымды, бауырмал етіп тәрбиелеген.

Жалпы алғанда, жеті – ең ерекше сандардың бірі және тек мұсылмандарда ғана емес. Мысалы, жеті Египетте мәңгілік өмірдің нышаны, Осирис құдайының саны. Сондай-ақ, олар жеті планета бар деп санаған. Ал, шумерліктердің Лугуланнемунду атты патшасы өз қаласында Нинту ғибадатханасын тұрғызған екен. Бұл ғимараттың жеті қақпасы және жеті есігі болған екен. Және ғимарат құрылысы аяқталған соң, жеті рет дәріптеліп, жеті өгіз бен жеті қой құрбандыққа шалынған. Ежелгі Грекияға келетін болсақ, ол жерде жеті – Аполлон нышаны. Аполлон айдың жетінші жұлдызында дүниеге келген. Оның лирасының (музыкалық аспап) жеті ішегі болған екен. Дінде де жеті санының орны ерекше. Мәселен, Аллаһ Тағаладан пенделеріне түскен қасиетті кітаптардың бірі – Таурат. Ол кітапта жеті саны 500 рет қайталанады. Ислам дәстүрінде жұмақтың жеті қақпасы, тозақтың жеті баспалдағы, Қағбаны жеті рет айналу деген ұғымдар бар болса, христиандарда жеті – жаратылыстың нышаны болып саналады. Жеті жазба, жеті ашу, жеті шырақ, жеті басты дәу, жеті нота, жеті батыр, жеті жел және т.б.

Кішкентай жасынан жеті атаны жаттату, тегінді айтқызу, халықтың дәстүрдегі өлең-жырларды айтқызу – бұл әрекеттерді ата-әжелеріміз өздерінің алдына міндет етіп қояды. Оқушыларды да өзінің жеті атасымен таныстырып, олардың меңгерген білімдерін жетілдіріп, білік пен дағдыға айналдыру – ұстаздардың үлкен жетістігі. Бүгінгі XXI ғасырдағы Қазақстан азаматы, өзін-өзі мемлекеттің өкілімін деп санайтын әрбір адам, еліміздің және өзіңнің тарихын білуі тиіс. «Жеті атасын білмеген – жетесіз» деген сөз бекер айтылмаған. «Жеті ата» деген ұғымда «ата» деген сөз бар, яғни бұл «ата-баба» деген ұғымды көрсетіп, тайға таңба басқандай айтып тұр. Олай болса, жеті ата шежіресі өзімізге дейінгі ата-бабаларымыздан бастап таратылады. Яғни:

  1. Өзің.
  2. Әке.
  3. Ата.
  4. Арғы ата.
  5. Баба.
  6. Түп ата.
  7. Тек ата.

Бұл атаулар кей жерлерде басқаша айтылуы да мүмкін. Бірақ, қалай дегенмен де, жеті ата жолы осылайша таратылатын бұрынғы билер мен шешендер айтып кеткені – ақиқат шындық. Бұған қазіргі шежіре білетін қариялар да дәл жауап бере алады. Бұрынғылар жөн сұрасқанда «Ата-тегің кім?» – деп сұрайтыны, міне, осыдан шыққан. Артында қалған ұрпағының тәрбиелі және саналы азамат болып қалыптасуына, төккен терінің зая кетпегеніне, атам көзі тірісінде куә болып кеткені қандай қуанышты. Ата-бабаларыңның басынан кешкендері – қазіргі ұрпаққа ұлағат. «Білгенімнен білмесім көп» дей отыра аталарымыз небір басынан өткен тарихты әңгімелеп, жас ұрпаққа сабақ береді.

Тәуелсіз Қазақстанның азаматы ғасырлар тоғысында өзінің арғы-бергі тарихын ой елегінен өткізіп, ата-бабалары қалдырған кең байтақ жердің лайықты мұрагері болуға ұмтылу керек. Әрқашан өз аталарымызды құрметтеп, көзі тірісінде қадірлеп, ал дүниеден озса ұмытпайық. Жеті атаңыз сіздің руыңыз, қаныңыз, ұрпағыңыз.

Айнаш Каирбекова 

INFOTIMES

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *