Бүгін 20 сәуір күні Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің ONLINEda bol жобасы аясында Тіл саясаты комитетінің тапсырысымен «Жаңа әліпби негізіндегі ұлттық жазудың жаңғыруы» тақырыбына онлайн-дәріс өтті.
Онлайн-дәрісті Тіл саясаты комитетінің тапсырысымен «Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы» ұйымдастырып отыр. Бүгін 30 минуттан екі дәріс тыңдалды.
Алғашқы дәрісті Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл-қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының атқарушы директоры, филология ғылымдарының кандидаты Ербол Ердембекұлы Тілешов «Орфографиялық жұмыс тобы: мақсаты, жұмыс принципі, ұйымдастыру шаралары, нәтижелер» тақырыбына оқыды. Ербол Ердембекұлы Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында қазақ әліпбиін латын графикасына көшіру мәселесі негізгі міндет екенін айтып, ҚР Үкіметі жанындағы «Қазақ жазуын латын әліпбиіне көшіру» жөніндегі Ұлттық комиссия жанындағы Орфографиялық жұмыс тобының мақсаты мен міндеттерін, атқарған ісшараларын, нәтижелерін жан-жақты баяндап берді. Ол осы жұмыс тобының уақыт талабына сай ғылыми, әдістемелік насихат жұмыстарына белсене атсалысқандығын, қазақ әліпбиін латын графикасына көшіру бойынша орасан еңбек атқарғандығын айтты.
Екінші дәрісті Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының бас ғылыми қызметкері, филология ғылымдарының докторы, профессор Әлімхан Жүнісбек «Латын графикалық әліпбидің фонетикалық негіздемесі» тақырыбына оқыды.
Әлімхан Жүнісбек әліпби құрамындағы әрбір әріптің заңдылығы болатыны, ы, і, ұ, ү дыбыстарының акустика-артикуляциялық дәйектемесі, төрт дыбыстың өзара тығыз байланысы, жүйе құрағыш сипаты, әріп үсті дәйекшелердің тілдегі қызметі жайлы тіл мамандарына пайдалы ақпарат берді.
Бүгінгі оқылған екі дәріс бойынша тіл мамандары өздеріне қажетті, пайдалы мағлұмат алды деген ойдамыз.
Дәріске Zoom сервисі бойынша 78 тіл маманы қатысты. Фейсбук желісіндегі ONLINEda bol парақшасы арқылы 34 адам тыңдады.