Жаңа дәуір жаңаша құндылықтарымен, ерекшеліктерімен бірге жүреді. Бүгінгі заманның да өзіне тән айшықтары бар. Соның бірі – ұлттың ақпараттық қауіпсіздігі мәселесіндегі мемлекеттік тілдің ерекше қызметі. Ақиқатын айтар болсақ, ұлт санасындағы эволюцияға жол ашатын мемлекеттік саясат пен мемлекетшіл ақпарат құралдары екені белгілі. Әрине, халыққа қызмет ететін билік органдарының бойын тік ұстауына себепкер, оларға объективті сын айта алатын прогрессивті күштер болуға тиіс. Сондай күштердің пікірін қоғамға тарататын ақпарат құралдарының бізде болуы да Қазақстандағы демократия парадигмасын дәлелдейтін көрініс.
Уақыттың ағысына сай ақпарат кеңістігінде де түбегейлі өзгерістер болып жатыр. Елдегі қазақ аудиториясының саны өсіп, талғамы мен талабы өзгеріп келеді. осы тұста басты 2 өзгеріс туралы жеке тоқталып өткен орынды сияқты.
Бірінші өзгеріс. Ақпарат тұтынушы халықтың талабы мен талғамының өзгергені. Өмір сүріп отырған орта өзгеріп, ақпарат құралдары коммуникациялық технологиялардың ықпалымен өрісі кеңейіп, цифрлық дәуірге сай контент ұсыну арқылы ағартушылық қызметі күшейіп, халықтың талғамын өсіруде. Талғамы өскен қоғам ертең бүгінгіден де сапалы материал талап етеді. Ұдайы өсу трендін ұзақ мерзімге сақтау – өте қиын марафон. Бүгінгі жаңа медиа өз ықпалын сақтау үшін өзін де жаңашылдыққа бейімдеуі шарт. Сондықтан, аудиторияны жоғалтып алмау үшін медиа құралдар жаңа коммуникациялық әдіс-тәсілдерді де ұдайы жетілдіруге мәжбүр.
Екінші өзгеріс. Елдің ақпарат кеңістігіндегі қазақ тіліне сұраныс өзгерді. Соңғы жылдардағы Қазнеттегі қазақ тілді ресурстардың танымалдығы мен сапасының артуы, қазақ блогерлерінің белсенділігі мен олар талқылайтын тақырып ауқымының іріленуі, қазақтілді медиалардың рейтингінің өсуінің түпкі себебін де осыдан іздеу керек. Қазақ аудиториясы өзін қанағаттандыратын, мазмұнына технологиялық деңгейі сай ақпараттық өнімдерді енді ғана тауып, көріп, игілігіне қолдана бастады.
Қазақтілді ақпарат құралдарына деген сұраныс кері қайтпайтын процесс. Осы бағыттағы қоғамның талабы да, сұранысы да күннен-күнге өсетін болады. Бұл болашағын ойлайтын ақпарат құралдары үшін бейқам қызметтің емес, керісінше, төтенше бәсеке заманының туғанының белгісі.
Видео 1: Ана тіл туралы нақыл сөздер (Хр: 0:35)
Бәсекелестік қазірден күш алып келеді. Әсіресе, жоғары технологиялық өндіріске айналған телевизия мен радио сегментінде, интернет аумағындағы жаңа медиалар арасында. Енді аз уақыттан кейін осы ақпарат құралдары қазақ аудиториясы үшін өзара тартысқа түсетін болады. Осыны ертерек түсінген мемлекеттің үлесі бар медиалар басқалардан бұрын қамданып, оқырманы мен көрерменін ұлттық ақпарат кеңістігінің төріне шақыруда.
Әлемдік ақпарат кеңістігінде мемлекет меншігіндегі коммуникация құралдарының үлесінің аз болуы қалыпты жағдай. Әлемдік капиталдың дамуы, ақпараттық қоғамның дамуы осыған алып келді. Қазақстанда да осындай жағдай қалыптасып келеді.
Америкалық әлеуметтанушы Элвин Тоффлер болашақтағы адамзат қоғамын «ақпаратты тудыратын, оны жинайтын, сақтап, тарататын адамдардың қоғамы» деп бекерге айтпаған. 20-21-ші ғасырларды түйістірер онжылдықтарда адамзат баласының алдынан шығуы мүмкін қиындықтар, қақтығыстар мен ғаламдық проблемалар туралы болжамдарын Э.Тоффлер 1970-жылдары «Жоғары индустриалды өркениет» тұжырымдамасында айтқан. Біз өмір сүріп отырған уақыт шеңберінде «технологиялық революция» болатынын да америкалық ғалымның сол еңбегінен кездестіреміз. Оның айтқаны дәл келді. Оны бүгін көзбен көріп, күнделікті өмірде жемісін пайдаланып отырмыз.
Жаңа дәуір технологиялық құралдар арқылы ақпараттық коммуникацияны билікке өте жақындатты. Қоғамда түрлі пікірлер қалыптастыру арқылы билікке әсерін ұлғайтты. Бұл – азаматтық қоғамдардағы билік тармақтарының тең дәрежеде жұмыс істеуі үшін қажетті алғышарттар.
Халықтың өзіне барлық билік тармақтарын бақылатып қоюға бұқаралық коммуникация құралдарының шамасы жететінін өмірдің өзі дәлелдеп отыр. Алайда, әлемдегі ақпараттық коммуникациялар тек қарапайым халықтың, әрбір азаматтың мүддесіне қызмет істеуге, құқықтарын қорғауға жұмылуда деуге болмайды. Әрбір ақпараттық құралдың артында жеке қожайындар тұрғанын ұмытпауымыз керек. Олар жекелеген адамдар немесе қаржылық топтар болуы мүмкін.
Жекеменшік медиа субъектілердің редакциялық саясаты кімнің мүддесін қорғайды, олар кімнің сөзін сөйлейді, қоғамда қандай пікірлер қалыптастыруға құлшынысы жоғары деген мәселелер арқылы олардың жаңашылдық пен қазақтілді жобаларға деген ниетін байқауға болады. Бірақ, әлі де коммерциялық қызметті басымдық еткен медиа холдингтердің өнімдерінен жоғары сұранысқа ие қазақтілді материалдарды аз кездестіреміз.
Оның тағы бір себебі – ақпарат кеңістігіндегі қазақ және орыс тілдерінің үлес салмағы, әзірше, теңдей болып тұр. Соның салдарынан барлық коммуникациялық құралдар екі аудиторияны да қанағаттандыруға тырысуда. Қиындықтар осы тұстан басталады. Өйткені, мемлекеттік медиалармен арналармен салыстырғанда коммерциялық арналарда шығармашылық, интеллектуалдық және қаржылық ресурстар шектеулі. Түпкі проблеманы осыдан іздеген жөн деп білеміз.
Ақпараттық коммуникацияның жұмбақтарын зерттеген америкалық әлеуметтанушы Герберт Шиллер коммерциялық медиа құралдар «әлемдік капиталистік жүйенің» ең басты идеологиялық күшейткіші (рупоры) екенін айтады. Осы үстемдіктің формаларын түсінікті етіп суреттеу үшін ғалым «мәдени империализм» терминін енгізеді. Америкалық профессордың ойынша, «мәдени империализм» – билік құрушы элитаның қысым көрсету, күштің көмегімен, адамдардың санасын бұрмалау арқылы өзіне қажетті қоғамның моделін жасауға бағытталған құралы».
Г.Шиллер ақпараттық коммуникацияның қасиетіндегі үш ерекшелікті жақсы зерттеп, мынандай тұжырымдар жасайды. Біріншіден, ақпараттық қоғамда нарық заңдары жұмыс істей береді. Нарықтық принциптер жаңа салаларға еніп, үстемдік құрады. Ақпарат тауарға айналып, нарықтың заңына сәйкес өзінше өмір сүре бастайды. Қазіргі жиі естіп жүрген ақпаратты «монетизациялау», яғни ақпаратты ақшаға, табыс көзіне айналдыру тәсілдерінің көптеп қолданылуы мен жылдам дамуы осыны дәлелдейді.
Екіншіден, бізге белгілі мүліктік теңсіздікпен қатар өмірімізге ақпараттық теңсіздік деген ұғым еніп, ақпаратты пайдалану мүмкіндіктеріне қарай қоғамда «ақпаратқа байлар» мен «ақпаратқа кедей» топтар қалыптасатын болады. Бұл әлемдегі бай мен кедей мемлекеттер сияқты азаматтарды таптарға (кластарға) бөледі. Кімнің мүмкіндігі мол болса, ақпаратқа да солар ие болады. Ақпаратқа ие болған адам ақпаратты пайдаланып капиталын өсіреді. Басқаларды «санасын бұрмалау арқылы бағындырып» өзіне қызметке қояды, өзінің мүддесін қорғауға пайдаланады.
Ақпараттық коммуникацияны меншіктеген топтар мен тұлғалар масс-медианың бар мүмкіндігін өз пайдаларына қолданатынына күмән болмауы тиіс. Барлық әлемдегі сияқты қазақ қоғамында да «ақпаратқа байлар» мен «ақпаратқа кедей» топтар қалыптасып жатыр. Қазақ Үкіметінің «ақпараттық теңсіздікті жоюға» арналған бағдарламалары қоғамдағы қайшылықты жою бағытында қабылданған маңызды құжаттар қатарына жатады.
Үшіншіден, қазіргі ақпараттық қоғамның сипатын капитализмнің дамуының жаңа кезеңінен іздеу керек. Жаңаша капитализм – корпоративтік капитализм болады. Бүгіннің өзінде әлемде капиталдың үлкен жылдамдықпен жылжуын, шоғырлануын көріп отырмыз. Ірі трансұлттық капитал әлсіз мемлекеттерді өзінің пайдасына жұмыс істеуге мәжбүрлеуге дейін барады. Ондай мысалдар халықаралық экономиканың моделінде көптеп кездеседі.
Осы тұста біздің отандық медиа жетекшілер мына мәселеге ерекше назар аударғаны дұрыс. Республика аумағында қазақ, орыс тілдерінде хабар тарататын медиа құрылымдар қанша жігерленсе де ресейлік беделді холдингтермен орыс тілінде сапалы өнім жасауда ешуақытта ұта алмайтыны анық.
Бұл тұжырымның дәлелін тек орыстілді жобаларға басымдық беріп жүрген кейбір отандық телеарналардың сәтсіздігінен көре аламыз. Олар мемлекет тілінде тартымды контент жасай алмай қазақтілді көрерменін жоғалтты. Ал, орыстілді көрермен үшін жоғары деңгейдегі телеөнім ұсына алмады.
Елдегі орыстілді аудиториямызды ортан қолды отандық өнім қызықтырмады. Жоғары кәсіби дәрежеде жасалған ресейлік телеөнімдер олардың көңіліне көбірек жағымды. Орыс тілінде ән айтатын қазақстандық жұлдыздардан гөрі ұлтымыздың тілінде шырқаған ресейлік жұлдыздарды таңдайтын көпшілік сұраныстың қалай өзгергенін көрсетпей ме? Ақпарат кеңістігіндегі жағдай дәл осындай. Бұл да терең талдаулар мен сараптамаларға арқау болатын тақырып.
Бұдан шығатын қорытынды – біздің ақпараттық кеңістікте болашақта басымдыққа ие болатын қазақ тілі екенін тезірек түсіну. Қазақстандық арналар қазақтілді кеңістікте ғана шетелдіктердің алдын орай алады. Отандық телеарналардың иелері мен менеджерлері осы қарапайым қағиданы түсінген кезден бастап қазақ тілінің ғана емес, мемлекеттің ақпараттық қауіпсіздігінің де жаңаша серпініне жол ашылады. Басқа елдердегі ұлттық ақпарат құралдарының есеюі де осы жолдың дұрыстығын көрсетіп отыр. Барлығы да осындай өзгерістерді басынан өткерген.
Видео 2: Қазақ ойшылдары тіл туралы (Хр: 1:04)
Қазақтілді медиалардың соңғы жылдардағы қызметі ұлттық ақпарат кеңістігіндегі жаңа дәуірдің басталуымен сабақтасып жатыр деп ойлаймын. Мемлекеттік тіл мен мемлекеттің ақпараттық кеңістігінде жағымды тенденцияның басталғанын «Егемен Қазақстан», «Қазақстан» Ұлттық телеарнасының, «Абай.кз» және басқа ақпарат таратушылардың интернеттегі ресурстарының танымалдығы мен интернеттегі қазақ сегментінің қуатты дамуы дәлелдеп отыр. «Цифрлық» дәуірдегі дауылды бәсекеде қазақ тілінің дамуына еш мүмкіндік жоқ деген пікірлерді интернет ауқымында күшейіп келетін қазақтілді ресурстар мен блогерлердің феномені жоққа шығаруда. Әрине, бұндай жетістік кездейсоқ болуы мүмкін емес.
Бүгінгі жаңа медиаларды ғылыми негізде, технологиялық жаңашылдыққа сүйеніп дамитын айрықша құбылыс деп танығанда ғана қазақтілді көрерменнің көңілінен шығатын өнімдердің көп болары сөзсіз.
Тарих пен табиғаттың сұрапыл сындарын жеке (индивид) тұрып жеңеміз деп ата-бабамыз ешуақытта тәуекел жасамаған. Жеке мүддені қауымның, мемлекеттің мүддесіне жеңдірген. Өз мүддесін ел мүддесі үшін құрбандыққа шалған азаматын естен шығармай қастерлеп, ұрпаққа үлгі еткен. Бүкіл қазақтың тарихы қауымдассақ, біріксек қана қиындықтардан шығуға болатынын дәлелдеп отыр.
Енді ақпарат ғасырындағы жастар аудиториясы туралы, олардың ақпаратты қолдану әдеттері жайында бірер сөз. Қазіргі уақытты және болашақта ұрпақтарымыз өмір сүретін қоғамды жаңаша түйсікпен қабылдау қажет. Сарапшылар ақпаратты бүгінгі заманның басты нышаны деп көбірек айта бастады. «Біз ақпараттық қоғамда өмір сүреміз», «виртуалды экономика ғасырына аяқ бастық» деген сөздерді жиі естиміз. Осылардың басты қозғаушы күші ақпарат екені даусыз.
Өмір сүріп отырған ортамызды «ғаламдық ақпараттық экономика» тұрғысынан қарайтын көптеген теориялар бар. Қазіргі айтыс пен тартыстың барлығы ақпараттық коммуникациялар бізге не береді деген сұрақтың айналасында қызуда. Қандай пікірталастар болмасын, барлық сарапшылар мен ғалымдар ақпараттың ерекше табиғаты бар екенін мойындайды.
Жаңа медиа мен телекоммуникация комплементарлық жүйемен жетілуде. Қазірдің өзінде қай жерде жаңа медиа телекоммуникацияға жалғасып, ал, телекоммуникация құралдары жаңа медиаға ауысып кеткенін байқаудың өзі қиын. Өмірімізге еніп үлгерген смарт-теледидарлар «цифрлық» өнімдерді интернеттен қабылдауға мүмкіндік береді. Смартфон, планшет, ноутбук сияқты басқа да құралдарда телеарна мен радио бағдарламаларын көріп, тыңдай аласыз.
Қысқа мерзімнің ішінде «цифрлық» технологиялардың қарыштап дамуы медиа мен ақпараттық коммуникацияларды жақындатып қана қоймай, олардың бір-біріне кірігуіне әкеліп соқтырды. Енді 3-4 жылдан кейін когнитивті әдістер мен технологиялардың көмегімен әрбір ақпарат субъектісі өзінің көрерменін, тыңдаушысын, оқырманын өте жоғары дәлдікпен білетін болады.
Қаламсап пен қағаз қолданбайтын ұрпақ өсіп келеді. Олар үшін қағазға жазылған ақпаратты іздеп, тұтыну қолайсыз, архаизм. Өздерін «қағазсыз» ұрпақпыз деп атайтындар ноутбуктерді де ескірген құрал деп есептейді. «Қағазсыздар» ноутбукті сирек қолданады, бар ынтасы соңғы үлгідегі смартфондарға ауған. Сондықтан, қазірден бастап осындай әлеуметтік-демографиялық ерекшеліктерге байланысты ақпарат беру формасы да өзгеріп жатқанын ескеріп, болашақта қазақ тілінде ақпарат тарату модельдерін жаңа ортаға бейімдеу қажет.
Жаңа коммуникациялық мейнстрим тілдік ережелерге, тілдің стиліне өзгерістер енгізді. Өскелең ұрпақ өзіне ыңғайлы тілдегі медиа өнімдерді қажет етуде. Әлемдегі басқа тілдер сияқты қазақ тілі үшін де ойды қысқа, нақты жеткізетін интернет-мемдердің, салыстырмалы формалардың енуін ғаламдық кеңістіктегі жалпы беталыс деп қабылдаған жөн. Бұл, бір жағынан, соншалықты мол тілдік мұрасы бар қазақ тіліне төнген қауіп. Яғни, бізге қазірден бастап барлық отандық ақпараттық ресурстарда, әсіресе, мемлекет меншігіндегі ақпарат құралдарындағы тілдің көркемдігіне, журналистердің сөздік қорының байлығына назар аудару қажет.
Қазақтың әдемі сөздері мен тіркестерін ақпараттық айналымға қосу ісінде журналистерге көп жауапкершілік жүктелуі заңдылық. Аудиторияның білімі мен мәдени деңгейіне қарай қолданыстағы әдеби, іскерлік және ғылым, технология тілдері қатар жүргені абзал. Сондықтан да, сөз байлығы орасан зор қазақ тілінің тазалығын, сұлу иірімдерін сақтау бірнеше ұрпақтан қайраткерлікті қажет етеді.
Осындай өзгерістердің алдында тұрсақ та болашақтағы күрестерде ұлттық тіліміздің құдіретін мойындататын ұрпақтың бүгінгі қазақ тіліне жасаған таңдауы үмітімізді күшейтеді. Ақпарат кеңістігіндегі қазақ тілінің жаңаша қарқынмен дамуына жастар тек бақылаушы ғана емес, оң өзгерістердің белсенді қатысушысы болғаны дұрыс.
Қазақ Елінің тіл саясаты қазақ ұлтын біріктіруші басты факторлардың бірі екенін ескеріп қазақ тілін жаңғыртып, ақпараттық заманға сай бейімдеу қажет. Біздің басты мақсатымыз да қазақ тілін жаппай қолданыс тіліне айналдыру, оның мемлекеттік мәртебесін күшейту. Сонда ғана ҚАЗАҚ МЕМЛЕКЕТІ өзінің тұғырын нығайтып, интеллектуалдық әлеуетін өсіре алады. Біздің бұл тұжырымымыздың астарында ұлт тілінің тағдырына қатысуға баршамызды жігерлендіру жатқанын байқау қиын емес.
Ұлбосын Есенбекова
қауымдастырылған профессор,
филология ғылымдарының кандидаты