Бозқырау қазан айының 18 жұлдызы Еуразия ұлттық университетінде әр жыл сайын өтіп отыратын, жалғасы үзілмей келе жатқан 1-курс студенттерін ресми қабылдау іс-шарасы өтті. Мерейі тасыған қара шаңырақ астында 19 мыңға жуық шәкірт білімін толықтыруда. Оның 7 мыңы жаңа оқу жылында қабылданған.
«Белес» атты мерекелік кеш, алдымен, өзінің жоғары деңгейде ұйымдастырылғанымен көзге түсті. Жоғарғы оқу орнындағы өнер, білім, мәдени театр, ұлттық оркестр бағытындағы студенттердің шығармашылығын тамашалауға келгендердің көптігі соншама, бас ғимараттың концерт залында «ине шаншар» жер болмады.
«Самұрық» тобының бишілері мың бұралып кештің көркін қыздыра түсті. “Құлақтан кіріп, бойды алар, әсем ән мен тәтті күй”- демекші, майса қоңыр үні бар қыз-жігіттерден құралған «E-studio» тобы өнерлерімен қалың жұрттың көңілінде ерекше ықыласпен қалды.
Мерекелік кеште қазақ эстрадасында ойып тұрып орын алар жұлдыздар қатары да болды. Биыл ғана мекебін тәмамдап, киелі шаңырығымызда білім аламын деген ниетпен Қыдырәлі Болмановтың тұңғышы – Бекболат Болманов университетіміздің студенті атанды. Осы орайда, эстрада жұлдызы жас студенттерге өзінің жылы лебізі мен тілегін білдіріп, бірнеше жауҺарлы әуезді әндерін орындап берді.
Кеш соңында жүргізушілер студенттерді жаңа өмірге қадам басқандарымен құттықтап, сәттілік тіледі.
Журналистика және саясаттану факультетінің 1 курс студенті
Тілек Бақытбек