Ерлерге арналған спорттық киім ерекше жайлылығына байланысты өз алдына өте танымал. Мұндай киімдер аллергиялық реакцияларды туғызбайтын, жоғары сапалы, ауа өткізіп тұратын маталардан тігіледі. «Спорт – бұл тренд», – дейді дизайнерлер. Дегенмен, спорттық киімдердің де сәнді екендігін атап өтпеуге болмас. Мұндай киімдерді тек спорт залында ғана емес, күнделікті әдемі образ жасау үшін де киюге болады.
Көшеде спорттық киім киіп жүру мен спорттық үлгіде киіну екі түрлі ұғым. Бұл – киімнің түрлі стилін спорттық киіммен немесе спорттық керек-жарақтармен біріктіруді білдіреді.
Сондай-ақ, жартылай спорттық стиль немесе спорт-casual стилі. Спорт-casual дегеніміз – спорттық бағытты негізге ала отырып, үйлестірілген киімдерде дәстүрлі емес материалдарды пайдалану. Әдетте, бұл ерлердің ең көп таңдайтын стилі. Мысалы, джинс шалбарымен түрлі толстовкаларды үйлестіру. Мұндай киімдермен ерлерге арналған соңғы үлгідегі спорттық жол дорба немесе сөмкелерді ұштастыруға болады.
Ал, бұл «Спорт-шик» – спорт пен гламурды біріктіретін актуалды бағыт түрі десек те болады. Әдетте, ерлер кешкі отырыстарға осы стильде киініп жүр. Мұндай киімнің өзіне тән ерекшелігі де жетерлік. Мәселен, былғары немесе металлды матадан тігіледі, әртүрлі қалташалар мен декорациялар жиі пайдаланылады. Классикалық спорттық үлгіге ұқсас болғанымен, әдеттегіден өзгеше пішіледі.
Сафари стиліндегі киімдер де спорттық бағытын жоғалтқан емес. Жоғары талғаммен таңдар болсақ, өте ыңғайлы әрі сәнді образ жасауға болады. Шорт, бомбардтар, бермудтар – сафари стилінің негізгі элементтері. Басқа киімдерден негізгі айырмашылығы – жеңіл маталарды пайдалануында.
Жылы кеудеше. Мұндай киім үлгісіне, әдетте, қазіргі таңда қыздардың және ерлердің гардеробында міндетті түрде болатын түрлі свитшоттар жатады: олимпийкалар, спорттық үлгіде пішілген жемпірлер.
Ер адамдарға спорттық үлгідегі киімдерді түрлі кештерге, серуендеуге де, тіпті жұмысқа киіп барып, сәнді көрінуге болады.
Аружан Әлкен