«Садақ қас, найза кірпік қазақ қызы. Менің де лүпілдетті жүрегімді» деп ақын жүрегі жырлағандай, бет әлпетке көрік беретін қас екеніне келіспейтін адам жоқ шығар. Биылғы жылы бьюти – блогерлер қас үлгілеріне ерекше назар аударғаны анық. Ендеше соңғы қас үлгілерінің түрлерімен таныс болыңыздар!
«Өрілген» қастар
Өрілген қас түрін сән байқауларына жасап шықсаңыз, жүлделі орынды аларыңыз сөзсіз. Немесе “ерекше қас” номинациясын жеңіп алуыңыз ғажап емес.
«Толқынды» қастар
Бұл қас түрі теңіздегі толқындарды еске салады. Осы арқылы арманыңызды айтып, “алтын балықты” шақырсаңыз болады. Тура ертегідегідей. Сән әлеміндегі армандарыңызды орындап беруі әбден мүмкін. Тек адамдарды қорқытып алмасаңыз болғаны.
«Жылтырақ» қастар
“Жылтырағанның бәрі алтын емес”. Расында, бұл қас алтыннан жасалынбаған. Түсі көз тартады. Көпшіліктің назарын өзіне еріксіз аударады. Алтын түсті немесе басқа да жылтырақ бояуларды қолдансаңыз, танымалдылығыңыз арта түсері сөзсіз.
«Түрлі-түсті» қастар
Бала кезімізде жауын артынан кемпірқосақ шыққанда, “алақайлап” қуанғанымыз барлығымыздың есімізде болар. Дегенмен, мына қас түріне қуанып емес, таңырқап қарайтын боларсыз. Егер ашық әрі түрлі -түстерді ұнатсаңыз, 6 түсті пайдалану арқылы қасыңызға жаңа үлгі беріп көріңіз.
«Моншақты» қастар
Моншақтың түрі қасыңызда оратылған бейнедегі жылан секілді көрінеді. Мінезі пышақтай өткір жандарға немесе жаңа жыл мерекесіне арнайы жасатсаңыз да болады.
«Қауырсын» қастар
Құстың қауырсыны секілді көрінетін қасыңыз “таралмаған қас” секілді көрінеді. Немесе бетіңізді жуып болған соң, жан-жаққа шашыраған қасқа ұқсайды. Қасыңыз қалың болса, эксперимент жасауды ұнатсаңыз осындай образ жасап көріңіз.
«Найзағай» қастар
Найзағай жарқ еткенде, жалт етіп қорқатынымыз жасырын емес. Ал мынадай қас үлгісінен сіздің күйіңіз қандай боларын кім білсін. Ерекше үлгі болғанымен жаныңыздағыларды шошытып алуыңыз әбден мүмкін. Сондықтан, «сәннен қалыспаймын» деп жүріп, күлкіге қалмасаңыз болғаны.
Жанайым Қуандық