Жәй ғана әдемі және күтілген тырнақтар, бұл сәл іш пыстырарлық, оның үстіне қазіргі заманғы cән түрлі эксперимент пен өзгешелікті талап етеді. Көз ілеспес шапшаңдықпен дамып жатқан технологиялар, материалдар – «Nail» дизайынын жаңа бір сатыға көтерді. Тіпті, қазіргі таңда тырнаққа әр түрлі сурет салып, маникюр жасату ерекше бір трендке айналғандай.
Маникюр кезінде тырнаққа жиі салынатын сәнді сурет үлгілерін бірнеше топқа бөліп қарастырып көрейік.
Түрлі тағамдардың суреті. «Nail» шеберлерінің мұндай ерекше принтті тырнақ жасауды сәнге айналдырғандары өте қызық екен. «Фаст фуд» сияқты тағам түрлерін денсаулыққа зиян деп жиі айтқанымызбен, кейде осы бір тағам түрін аңсап тұратынымыз рас. Үнемі диета ұстап, дене бітіміңізге көп көңіл бөліп жүретін болсаңыз, онда бұл дизайн түрі Сіздің жаныңызға жақын болар. «Фаст фуд» тағамын жеп рахаттана алмағаныңызбен, тырнағыңызға маникюр жасау кезінде осы дизайнды пайдаланып, көзіңізді тойдыруыңызға әбден болады.
Экзотикалық ағаштар, ерекше жапырақтардың бейнесі. Кейде жан дүниеміз демалысты қалап тұрады. Қарбалас жұмыс кезінде өзімізге көңіл бөліп, шетел асып, саяхаттап қайтудың орайы түспей қоятын кездердің болатыны шындық. Бірақ, бұл көңіл-күйді түсіріп, мұңаюға себеп емес. Өзіңізді құдды бір экзотика әлемінде жүргендей сезінгіңіз келсе, осы бір дизайн үлгісін салдырып алсаңыз болады. Осылайша бір оқпен екі қоянды ата аласыз. Жұмысыңыз да орнымен жүріп жатады, жаныңыз да ерекше сезімге, рахатқа бөлене береді.
Жеміс-жидектер салынған тырнақ үлгілері. Әрине, олар: апельсин, шырынды қарбыз, шие және хош иісті таңқурай мен құлпынай.
Портрет, пейзаж бейнелері. Маникюр кезінде тырнаққа салынатын сәнді сурет үлгілері өзінің әр алуандығымен таң қалдырады. Тіпті, қарапайым пейзаждан бастап, портретке дейінгі бейнелерді кездестіріп жатамыз. Әрине, бұл тұста «Nail» шеберлерінің талантын айтып өтпеске болмас.
Табиғатыңызға жақын ерекше маникюр үлгілерін көзден таса етпей, өзіңіз жаңаша сипаттағы дизайн ойлап тауып көріңіз. Өйткені, Сіз жасаған дизайн түрінің болашақта жаңа трендке айналмасына кім кепіл?!
Индира Жұмагелді