Еліміздегі сән әлемінің болашағы неде?

    Егер әлемнің түкпір-түкпіріндегі озық сән түрлерін сарапқа салатын болсақ, қазақ сән өнері өзіндік ұлттық ерекшелігімен көзге түсері даусыз. Табиғат аясында еркін ғұмыр кешкен ата-бабаларымыз күні кешеге дейін өзінің әдет-ғұрпымен, дүниетанымымен сабақтасқан төл киімдерін киіп келген. Қазақ сән әлемінің болашағы – қазақи нақыштағы қол өнерімізде. Себебі, еліміздің сән әлемінде соңғы жылдары ұлттық нақыштағы киімдер мен бұйымдарға қызығушылық арта түскенін айта  кеткеніміз  абзал. Бүгінгі күні ұлттық нақышы бар, заман талабына сай туындылар  сұранысқа ие болса, сол туындыларды таңдай қақтырарлықтай дәрежеде жандандырып жатқан жас мамандардың шеберлігі көңіл қуантады.

   Жамбыл облысы, Шу ауданы, Төле би ауылының тұрғыны Үмбетбаева Құндыз – ұлттық нақыштағы, заман талабына сай ерекше бұйымдарымен, табандылығымен көпті сүйсіндірген жас шебер. Қол өнермен айналысып жүргеніне небәрі 3 жыл болса да, жас тігіншінің топтамалары талайды таң қалдырып үлгерген. Құндыз ханымның туындыларынан асқан шеберлігін, шалқар шабытын,  әсіресе, ұлттық табиғатты терең меңгергенін байқауға болады.

   «Шебердің қолы ортақ» деген мақал ел ішінде бекер айтылмаса керек. Нағыз шеберлікке жету үшін табандылық, іскерлік, талғампаздық, білім қажет екендігі сөзсіз. Ал, ұлылық – қарапайымдылықта емес пе? Осыншама қасиеттерді Құндыз ханымның бойынан ғана емес, жасаған бұйымдарынан байқауға болады.

 «Қандай істі қолға алсаң да, үнемі ізденіп, өзіңді жетілдіріп отырмасаң, «эволюция» болмайды», деп біледі жас тігінші.

    Сұлулыққа жаны құштар ханымның топтамасындағы көйлектердің бет-бедеріне ширатыла түскен ғажайып өрнектер өзгеше бір тілмен ақтарыла сыр шерткендей әсер береді. Жібек көйлектер, шілтерлі кеудешелер – бәрі әйел болмысына ерекше нәзіктік пен еркіндік сыйлайтындай әсер қалдырады ғой. Құндыз ханымның топтамасы көгілдір және күлгін түсті жұқа жібек матадан жасалған өзіндік ою-өрнектері бар көйлектерімен ерекше көзге түседі.

  «Ана бір қолымен бесікті тербетсе, екінші қолымен әлемді тербетеді», деп бекерден-бекер айтылмаса керек. Құндыз ханым  – он саусағынан өнер тамған ісмер. Өзі тігінші, визажист, стилист әрі шаштаразшы. «Егер  өмірде жаныңа жақын, сүйікті ісің болса, күйбелең тіршілікте де ыждахаттылықпен үлгеруге болады» дейді шебер.                Сәукеле – тек бас киім емес, ол – қазақ халқының байлығы мен сән-салтанатының, мәдениеті мен өнерінің  озық үлгісі, өнер туындысы ретінде бағаланатын өте қымбат этнографиялық мүлік. Сонымен бірге ол – қазақтың қыздарына деген көзқарасының да бір белгісі. Құндыз ханымның шеберханасынан шыққан бағалы, кәделі әрі әсем сәукелелерге інжу-маржан, меруерт, лағыл сияқты асыл тастардан жасалған моншақтар тағылады, түрлі-түсті қымбат жіптермен тігіледі, безендіріледі.

    Ұлттық, этникалық стильді жандандырып, үлкен ізденіспен, зор ілтипатпен жасалған, бүгінгі заман талғамына сай бұйымдарымен көпшіліктің ыстық ықыласына бөленіп жүрген Құндыз ханымдай бесаспап шеберлеріміз көбейсе,  еліміздің сән өнері  тек қарыштай бермек.


Аружан Әлкен

INFOTIMES

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *