Қазіргі таңда профессионалды түрде макияж жасап, визажист мамандығына қызығушылық танытып жүргендер өте көп. Тіпті, бұл саламен кәсіби түрде айналысып жүрген ерлер қатарын көргенде таң қалатынымыз рас. Әлеуметтік желілерге кіре қалсаңыз болғаны, әрбір екінші адам айнаға қарап, өзіне түрлі макияж түрлерін жасап жатқанын көресіз.
Асылында, сұлу етіп көрсетудің көмекшісіне айналған косметикалық заттар дүниеге келе бастағаннан, оны қолданудың алғышарттары біртіндеп қалыптасты деуге болады. Әуелінде, әркім білгенінше қолданса, кейіннен тәжірибелі маманға жүгіну қажет болды. Ал, қазір бұлардың барлығының ара-жігін ажыратып, қалай қолдану керектігін айтып, нені пайдаланған дұрысырақ болатынына кеңес беруге әркімнің таласы бар.
Иә, екі күндік курска барсаңыз жеткілікті, макияждың ең керекті қыр-сырларын үйреніп, күндізгі және кешкі макияждың бірнеше түрін біліп шығасыз. Бұл қыз-келіншектердің сұлулықққа деген талабының жоғарылауынан туындаған сұраныстан өмірге еніп отыр деп айтар едім. Оған қоса кез-келген адам өз қаржысы мен уақытын үнемдеуді ойлайды. Сонымен қоса, әр қыздың өзіне ғана тән талғамы бар. Басқаға ұнаған нәрсе, оған ұнамауы мүмкін. Осы тұрғыдан алып қарағанда кәсіби тұрғыдан болмаса да, өзің үшін макияж жасап үйрену қажет нәрсе секілді.
Сұлулық – барша қыз баласының негізгі артықшылығы. Барлығымыз әдемілікті жақсы көреміз. Дегенмен, жасандылықтан көрі, табиғи әдемілікке ештеңенің жетпесі анық.
Индира Жұмагелді