Лев Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінде «Біріккен Ұлт жеңеді!» атты IV-ші халықаралық бейне-материалдар байқауының жеңімпаздары жарияланды.
Қазақ Елінің жаңа дәуірдегі жаңару жолын, ішкі тұтастығы мен рухани өршілдігін көрсетуге, жетістіктерін насихаттауда осындай байқаулардың орны ерекше. Биылғы байқау Қазақстан Ұлттық ғылым академиясының негізін қалаған тау тұлғалы академик Қаныш Сәтбаевтың 125 жылдық мерейтойына арналды.
Бұл байқаудың мақсаты Қазақ Елінің жаңа дәуірдегі жаңару жолын, жетістіктерін қолдау және түсіндіру және халықаралық деңгейде насихаттау арқылы жастардың болашаққа сенімі мен отансүйгіштік сезімін нығайту. Сондай-ақ, қазақ ғылымына өлшеусіз үлес қосқан академик Қаныш Имантайұлы Сәтбаевтың қайраткерлігін көрсету, ғылыми еңбектерін насихаттау болды.
Байқау қатысушылары әлемдік саясаттағы өзгерістер мен жаңару тенденциялары, тәуелсіздік, ұлтымыздың рухани, мәдени мұрасы, бейбіт өмір мен келісім тақырыптарына арналған және академик Қаныш Имантайұлы Сәтбаевтың қазақ ғылымын дамытуға қосқан үлесі мен отандық жоғары оқу орындары туралы бейне материалдарын ұсынды.
IV-ші рет өткізіліп отырған халықаралық байқауға отандық 8 университет, Америка Құрама Штаттары, Ұлыбритания, Германия және Біріккен Араб Әмірлігі сынды 11 елдің студенттері, магистранттары мен докторанттарынан 100-ге жуық жұмыс келіп түсті.
Байқауды Ұйымдастыру комиссиясы Гран-при жүлдесімен Лев Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің студенті Әли Әлішер Сәулетұлын марапаттады. Columbia University студентінің «Columbia. Қазақ әні» деп аталатын жұмысы байқаудың тағы бір үздігі деп танылды.
Жүлделі орындардан басқа Үздік идея, Үздік режиссура бойынша, Күлтегін, Абай, Сағат Әшімбаев, Шерхзан Мұртаза атындағы номинациялар бойынша жеңімпаздар арнайы дипломдар мен бағалы сыйлықтармен марапатталды.
Халықаралық байқауды өткізу идеясының авторы және жетекшісі – елімізге танымал тележурналист әрі ғалым, профессор Ұлбосын Мейірбекқызы Есенбекованың айтуынша, байқаудың басты идеясының қазақ халқының болашағы үшін маңызды. Жаңа дәуірдің қиындықтарын біріккен ұлттар ғана жеңетінін дүниеде болып жатқан саяси процестер анық көрсетіп беруде.
Осы іс-шараның жылдан жылға мәртебесі мен ауқымы өсіп келе жатқанын марапаттау рәсімінде Еуразия Ұлттық университетінің басшылары, Журналистика және саясаттану факультетінің деканы Сақ Қайрат Өмірбайұлы да атап айтты. Шетелдерден келген видео материалдар Қазақ елін насихаттауда жаңашыл көзқарастар ұсынған.