Аннотация: Мақалада Ауған соғысының жауынгері, осы колледж түлегі – Шаймұрат Шәймерденұлы Құлмағамбетов туралы,оның жасөспірім кезеңі,асқақ арманы,тілегі, ерлігі сөз болады. Шаймұрат өмірсүйгіш, талапшыл, өнерпаздыққа жаны құштар өрелі жас қоғамдағы әрбір іс – шараға, жаңалықтарға, жасампаздық ізгіліктерге жаны құштар жастың көкейіндегі қиялы мен ниетті әрі ізгілікті арман – мақсаттары өзгеше дерліктей еді.
Түйін сөз: Ауған соғысы, көлік құрылыс техникумы, абырой, ерлік, ғұмырбаян, соғыс зұлматы.
От пен оққа оранған сұрапыл соғыстың зұлматы мен зардабы қай заманда да адамзат баласына орасан зор ауыртпалығын тигізетіні хақ.
Соғыс атты тажал қаншама адамдарға ажал құштырды, қаншама тағдырларды қыршынынан қиды.
Өмір атты ұлы құбылыстың тәтті дәмін татып үлгерместен, оның қыр сырын зерделеп жете білместен тым жас кеткендердің ғұмырбаяны әсіресе бір бөлек.
Өз заманының жасөспірім жеткіншектерінің ой – арманына сай болашағынан үлкен үміт күттіріп, ғұмыр кешкен жас бозбалалардың бірі – Шаймұрат Шәймерденұлы Құлмағамбетов еді. Целиноград облысының Астрахан ауданына қарасты Жамбыл ауылында 1960 жылдың 20 мамырында дүниеге келген Шаймұрат өмірсүйгіш, талапшыл, өнерпаздыққа жаны құштар өрелі жас болып қалыптасқан болатын. Қоғамдағы әрбір іс – шараға, жаңалықтарға, жасампаздық ізгіліктерге жаны құштар жастың көкейіндегі қиялы мен ниетті әрі ізгілікті арман – мақсаттары өзгеше дерліктей еді. Сонау бір жылдардағы қамсыз, мұңсыз балалық шағынан ақ Шаймұрат зейінді, зерделі бала ретінде көзге түсті.
Өнерге жаны жақын болатын. Ән салғанды, музыкалық аспаптарда ойнағанды айрықша жақсы көретін.
Балғын бала кезінің өзінде домбыра, гитара, гармонь тартуды еркін игерді. Ұлтымыздың сазды да әсем әндерін нақышына келтіре орындайтын.
Ұлының өнерге деген құлшынысы мен талабына қандай ата – ана марқаймайды дейсіз, әкесі үйіне келген қонақтар алдында әуелетіп ән шырқап, музыкалық сазды құралдар шерткен Шаймұратты көргенде көкірегін мақтаныш кернеп, төбесі көкке жететін. Өмір өз арнасымен жылжып өтіп жатты
Дарыны мен өнерге деген талпынысы алғыр жасөспірім бала алайда осы бір құдіретті жолды ұстанған жоқ. Сегіз сыныптық білім алған соң ол Целиноград қаласындағы көліктік құрылыс техникумына оқуға түсті.
Заманындағы басқа да студент жастар сияқты Шаймұрат та кеңестік қоғамның тәртіп, талабына сәйкес білімін жетілдіріп, мамандық алуға ұмтылды, өзі құралпы жеткіншектермен бірге жатақханада тұрып, жеке өмірдің жолында жетілді. Өмір баспалдақтарын бағындырды.
Демалыс күндері мен каникул уақыттарында үйіне келіп ата – анасына қолғабыс етті, жасы кіші бауырларына үлгі – өнеге танытып, білген, көрген ұлағаттарымен бөлісіп, қамқор боп жүргенді ұнататын.
Техникумның соңғы курсындағы тәжірибелік жұмыстарын ол Байкал Амур магистралында өткізді. Өзін үлкен тебіреніске бөлеген бұл сапарын ол елге оралған соң дос- жарандары мен жақындарына жыр ғып айтудан жалықпайтын.
Осылайша болашақ өміріне зор үмітпен қарап, келешегі жайлы тәтті қиялға бөленіп күн кешіп жүрген жастың тағдыры бөлекше болып шығарын сол кезеңдерде ешкім білген жоқ.. Ол техникум тәмамдағаннан соң мамандығы бойынша еңбек етіп, оның нәтижесін көре алмады. Шаймұрат КСРО әскерінің қатарына шақырылды.
Әскери парызын өтеу – әрбір азаматтың қасиеті борышы. Шаймұратты осы бір міндетті борышын атқаруға шығарып салып тұрып өзі сонау қанды сұрапыл Ұлы Отан соғысына басынан аяғына дейін қатысып, жеңісті жолын абыроймен аяқтап елге оралған ардагер әкесі: ұлым, біздің Құлмағамбетовтер әулетінің атына кір келтірмей, борышыңды адал әрі абыроймен атқарып кел – деп батасын берген. Майдангер әкесінің отан алдындағы абыройыңды биік ұста деген өсиетін қағида етіп ұстанған жас жауынгер жігіт осылайша нық сенім, нақты жігермен аттанған болатын.
Әскерге шақырылған соң жарты жыл оқу – үйрену жиынында болған Шаймұрат кіші сержант шенін алып шықты. Сосын Алматыға ауысып, артынша алғашқылардың бірі болып Ауғаныстанға жіберілді. Бұл Ауған соғысынең бір қиын қыстау ұрыстармен шиеленіскен бастапқы кезеңі еді. 93992 әскери бөлімшесінің инженерлік-саперлік ротасының құрамында майданға араласты. Бұл соғыс Шаймұрат үшін ұзаққа созылмады.
Мазари-Шариф қаласының маңынан өтіп бара жатқан әскери колоннаның басында әскери тәртіпке сай Шаймұрат жетекшілік ететін саперлер жол қауіпсіздігін тексеріп алдыңғы шепте келе жатты.
Оның майдандас досы Рамазан Мұқамеджанов кенеттен айналасын барлап қарап қалған сәтінде Шаймұраттың жон арқасымен жәйлап бұрылғанын байқады да оның жарақаттанып қалғанын сезе қойды.Алғашқы көмек көрсетуге дереу ұмтылған Рамазан Шаймұраттың бірнәрсе айтуға талпынғанын байқады. Бірақ оның аузынан аққан қан боздақ жауынгердің сөйлеуге шамасын келтіртпеді. Шаймұраттың бушлатын тесіп өткен пулемет оғы ажал сеуіп үлгерген екен. Әскердегі жаралыларды әкетуге тікұшақ ұшып жеткенде Ш.Құлмағанбетов бақилық болып кеткен еді. Отан алдындағы борышын адал жауынгер жігіттің қолын өз қанына батырып алып, әскери билетін ұстатқан Рамазан досы өкініш пен кекке толы көңілмен досын жоқтаған болатын. Бүгіндері Шаймұраттың қаны жұққан әскери билет оның отбасында қасиетті бойтұмардай болып сақтаулы.
Ержүрек жігітпен қоштасуға оның үлкен әулетінің бар мүшелері, алыс – жақындағы ағайын – туыстары, достары мен жолдастары тегістей жиналды.
Адалдығы әрбір ісі мен мінезінен, дарыны мен азаматтық ажары бүкіл болмысынан байқалып тұратын атпал азаматтың бақилық болуы қайғылы қазаға келгендерді удай өкініш толы естелік – пікірлермен толқытқан, мұңайтқан еді.
Шаймұраттың ерлікпен өмірден өткен қазасы адами құндылықтарды қастерлей білетін кез келген азаматтың жан – жүрегін жаралағаны күмәнсіз құбылыс. Жиырма жасқа толуына небары екі ай ғана уақыт қалған кезде фәниден озған жауынгер жігіттің қысқа ғана ғұмыры осылайша сипат алған еді. Оның кейінгі өскелең ұрпаққа үлгі, өнеге боларлықтай кісілік келбеті, батыр бейнесі өз алдына бөлек жәйт. Шаймұрат Құлмағамбетовке қайтыс болғаннан кейін берілген «Қызыл жұлдыз» ордені осыған дәлел.
1980 жылдың 15 наурызында қаза тапқан Шаймұрат Құлмағамбетовтің ерлігі отан қорғау, азаматтық борышын атқару жолында бақилық болған жігіттің биік абыройы мен асқақ мәртебесі.
Жүрегінің түкпірінен орын алған армандарына жете алмай кеткен боздақ батыр жігіт елінің мақтанышы.
Уақыт жылжи береді. Алайда отаны мен туған жері, халқы үшін қаза тапқан Шаймұраттай азаматтардың ерлігі ел есінен ешқашан өшпесі анық.
Саттарова Гауһар Қуанқызы
Астана қаласы әкімдігінің «ASTANA POLYTECHNIC»
Жоғары колледжі ШЖҚ МКК «Қазақ тілі мен қазақ әдебиеті» оқытушысы