1. Жаңалықтар жасау. Қоғамда пікір қалыптастыру – БАҚ-тың негізгі міндеті. Ақпарат қызметкері қандай да бір оқиғаны қалай жеткізсе, тұтынушы сол бағытта қабылдайды. Бұл жерде журналистің шеберлігі де аса маңызды. Расында, қандай да бір оқиғаны жұртшылыққа журналист қалай жеткізсе, халық солай қабылдайды. Оқиғаны жай баяндап қана қоймай, қоғамды елең еткізетін дүние жазу оңай емес. Мәселен, қандай да бір тұлғаны танымал етіп, қоғамда орны бар, көпшілікке белгілі жанды жақтайтын да, даттайтын да медиа мамандар. Сондықтан да, саясаткерлер мен танымал жандар ақпарат қызметкерлерімен «love-hate» қарым-қатынаста. Мысалы, АҚШ президенті Дональд Трамп жайлы әлемдік БАҚ көбінесе орынсыз іс-әрекеттері мен жағымсыз қасиеттерін жазады, көрсетеді. Сол себептен де әлем жұртшылығы оған оң көзбен қарамайды.
2. Күн тәртібін құру. Күніне елімізде, әлемде мыңдаған, тіпті, миллиондаған оқиғалар орын алып жатады. Солардың негізгісін, маңыздысын, халықты қызықтырып, елең еткізетін, назарын аударып, ойланыдыратын, белігілі бір мәселелерді шешуге септігін тигізетін оқиғаны таңдап, саралап, жаңалық ретінде ұсыну асқан шеберлікті қажет етеді. Мысалы, 2019 жылдың 24 маусымында еліміздің оңтүстік аймағындағы Арыс қаласында жойқын жарылыс болды. Әскери оқ-дәрі қоймасының кенеттен жарылуы 45 мыңнан астам тұрғынның үйін тастап қашуға әкелді. Әрине, оқиға болған сәттен бастап елдегі барлық БАҚ жарыса жазып-көрсете бастады. Оқиғаның себебі, халықтың жағдайы, биліктегілердің қарым-қатынасы, жасалған көмектер т.б. ақпараттар басты назарда болды.
3. Түсіндіру. Әрбір ақпарат нақтылықты қажет етеді. Журналист баяндап отырған оқиға түсінікті болу үшін нақты талдап, қажетті бөлігін ерекше көрсетеді. Әрі бүгінгі таңда қолданылатын түрлі әдіс-тәсілдер пайда болды. Мысалы, қалталы азаматтар мен қарапайым халықтың арасындағы айырмашылықты суреттеп, олардың нақты құқықтарын қорғауға, соны үкіметке жеткізуге тырысады. Сондай-ақ, әлеуметтік, саяси ақпараттарды жұртшылық дұрыс түсіну үшні инфографиканы қолданады.
4. Әлеуметтендіру. Медиа – адамды тәрбиелеу құралына айналды. Бала кішкентайынан естіп, көріп, оқып жүрген ақпаратпен ер жетеді, пікірі мен ұстанымын қалыптастырады. Медиа арқылы берілген кез келген ақпарат болашақ ұрпақты тәрбиелеп жатқанын естен шығармау қажет. Халықты сауатты қылатын да, белгілі бір идеологияны дәріптейтін де медиа саласы. Мысалы, бүгінгі жаһандану заманында батыс елдерінен келіп жатқан мәдениет біздің қоғамға қатты әсер етуде. Яғни, жаңа бағытқа бет алуда. Оның жақсы жағынан бөлек жаман тұстары да аз емес. Түрлі танымдық ақпараттар мен хабарлар арқылы білім көкжиегіміз кеңейеді, әлеуметтік тұрғыдан дамимыз. Ал жат дүниелер ұлттық болмыстың өзгеруіне әкеледі.
5. Иландыру, сендіру. Медиа саласы қоғамды белгілі бір ақпаратқа сендіріп, артынан ілестіруге қолданылатыны белігі. Мысалы, саясаткерлер бұл тәсілді жиі пайдаланады. Сайлау кезінде әсіресе өзінің саяси бағытын, ұстанымын түсіндіріп және сендіріп, жоспарларын баяндауда медиа негізгі құрал болып табылады.
Ертай С.Н.