Балалардың қолынан гаджеттерін у-шусыз қалай алуға болады?

Балаларыңызды компьютер мониторынан немесе смартфон, планшет экранын күштеп тұрғызуға мәжбүр боласыз ба? Осындай кездерде жанжалдар жиі орын ала ма?

Ата-аналардың көбі бұндай сәттерде былай дейді: «Тағы бес минут, содан кейін тұр!». Ал балалар айтылған сөзді құлағына да аспайды, не жауап ретінде түсініксіз бірдеңелерді мұрынының астынан міңгірлейді.

Бес минуттан кейін гаджетті өшірсеңіз немесе смартфонды қолынан жұлып алсаңыз,  балаңыз   айғай-шу шығарып, бақырып жылайды. Ал сізге оның үнсіз келісіп, тыныш қана орнынан тұрып, кешкі асын ішуге барғаны керек.

Осындай сәттерде балаңызды жанжалдаспай экраннан «ажыратудың» жұмсақ жолын тауып, еш қиындықсыз шынайы әлемге қайта оралтуға септігін тигізетін әдіс іздейсіз. Ең қарапайым әдістердің бірін балаларды мәпелеп өсіру, тәрбиелеу туралы көптеген кітаптардың авторы, француз тілінде сөйлейтін елдерде беделді клиникалық психолог Изабель Филльоза ұсынады.

Ғылым гаджеттер жайлы не дейді?

Экран алдында ләззат алып отырған кездегі жай-күйден лезде шығып кету өте қиын. Бұл ересектер үшін де оңай емес. Ал балаларға бұл тіптен мүмкін емес. Бұл жайтты Изабель Филльоза былай түсіндіреді.

Фильм қараған кезде немесе компьютерлік ойындар ойнағанда адамдардың (тек балалар ғана емес, ересектердің де!) санасы басқа әлемде жүреді. Экрандар біздің миымызға гипнотикалық түрде әрекет етеді. Жарық, дыбыс, суреттердің өзгеруі — бізді ағын күйіне батырады. Біз өзімізді жақсы сезінеміз, ештеңе істегіміз келмейді. Жағдайдың өзгергенін мүлдем қаламаймыз.

Осы сәтте біздің миымыз дофамин — нейромедиатор шығарады, оның мақсаты стресс пен ауырсынуды жеңілдету. Экран қосылып тұрған кезде — бәрі жақсы. Баланың гаджетін ескертусіз, тез өшірген кезде, дофамин деңгейі бірден айтарлықтай төменп кетеді де, адам тәні кәдімгі ауыруды сезінуі мүмкін. Осындай гормоналдық құлдырау кезінде физиологиялық жайсыздық болады да, бала айғай-шу шығарады, қатты жылайды.

Ата-аналары гаджетті өшіретін уақытты нақты белгілегенінің еш әсері жоқ. «Біз күніне 20 минуттан артық қарамаймыз деп келістік қой» немесе «Мен саған ескертемін — бес минуттан кейін тұр!» дегеніміз балаға түсініксіз. Экранның алдында отырғанда, ол біз сияқты ойланып, айтылған ақпаратты дұрыс қабылдамайды. Баланың миы жаңағы айтылған дофаминде «шомылып жүреді». Теледидарды немесе планшетті өшіргенді оның сезімдері физикалық ауырту тәрізді қабылдайды. Әрине сіз  оны ұрып-соғайын деген жоқсыз, бірақ нейропсихология бойынша осылай сезінуі мүмкін.

Басқаша айтқанда, баланы гаджеттен күшпен аластату оған ауыр тиеді. Сондықтан құрылғының «өшіру» түймесін басардан бұрын, сәл кішкене қулық жасаңыз — алдымен баланың жеке кеңістігіне еніңіз.

Изабель Филльоза әдісі: көпір салу

Егер балаңыздың экранда отыруын тоқтатсын десеңіз, алдымен оның жеке әлеміне кіріңіз, қасына жақындаңыз. Онымен бірге теледидар көріңіз немесе компьютер ойнаған жерге жақын орынға жайғасыңыз. Ұзақ уақыт отырудың қажеті жоқ, жарты минут жетеді. Тек оның не істеп отырғанын түсінуіңіз керек.

Содан кейін балаға сұрақ қойыңыз. Кейбір балалардан «Не қарап отырсың?» деп сұрауға болады. Енді біріне нақты сұрақтар қою қажет: «Ойында қай деңгейдесің?», немесе «Арт жағындағы кейіпкер қызық екен. Бұл кім?»

Әдетте балаларға ата-аналары өздерінің әлеміне қызығушылық танытқаны ұнайды. Егер бала әлі де экранда болып жатқан нәрселердің қызығынан шыға алмай, жауап бермесе – мойымаңыз. Қасында отырған күйі араға шамалы уақыт салып барып, тағы бір сұрақ қойыңыз.

Балаңыз сұрақтарыңызға жауап берсе, немесе ойнап отырған ойыны туралы айта бастаса, демек ол ақырындап виртуалды әлемнен нақты әлемге орала бастады деген сөз. Ол ағымдағы күйден шығып, бізді байқай бастайтын кеңістікке қайтып оралады деген сөз, алайда бұл үдеріс баяу жүреді. Дофамин бұл жағдайда күрт төмендей қоймайды, себебі сіз виртуалды және нақты әлем арасында көпір салдыңыз. Сіз қарым-қатынасқа кірісе бастасаңыз — сиқыр жүзеге асады.

Осы сәтте сіз балаға кешкі ас ішу керектігін, душқа түсетін уақыт болғандығын немесе гаджетті пайдалану уақытының аяқталғанын еске сала аласыз. Бала шынайы өмірге қайтқандығаның арқасында сізді тыңдап, өтінішіңізді орындай алады. Ол ата-ананың өзіне көңіл бөлгендігіне шын көңілдмен қуанып, теледидарды (планшетті, компьютерді) өзі өшіргісі келетін кездер де болады.

Менің құр сөзіме сенбей, өзіңіз де істеп көріңіз

Келесі жолы балаңыз экранға үңіліп отырып алған кезде:

  • 30 секундтан бір минутқа дейін немесе одан сәл көбірек уақыт жанында отырып, оның не қарап отырған бақылаңыз.
  • Экранда не болып жатқаны туралы зілсіз сұрақтар қойыңыз. Балалардың көпшілігіне ата-ананың көңіл бөлгені ұнайтындықтан сіздің сұрақтарыңызға жауап береді.
  • Егер сіз диалогқа қол жеткізсеңіз, онда сіз көпір салдыңыз деп есептеңіз — бұл сіздің балаңызға виртуалды әлемнен үйлесімді түрде, ешқандай секіріссіз шынайы әлемге біртіндеп оралуға көмектеседі, сол себепті айғай-шу мен дау-дамай болмайды.

• Күннің қалған бөлігін қуанышқа бөленіп, бірге өткізіңіз.

Дереккөз: arasha.kz

INFOTIMES

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *