Киіміне қарай қарсы алып, кісілігіне қарап шығарып салатын заманда әркім киімді әлі келгенше түрлендіріп киюге тырысады. Сәнді, сапалы, қалтаны қақпайтын , шығынды ақтайтын киімдерді қайдан алған дұрыс? Толығырақ төменде тоқталатын боламыз.
Халыққа бағасы қолайлы, жиі бас сұғатын жерлердің бірі – базар. Алдымен, базарларға барып киім сатып алудың оң және теріс жақтарына үңіліп көрелік.
Саудагермен сөйлесу заңдылықтарын білсеңіз және оның қулықтарын айналып өте алсаңыз көп шығындалмай-ақ қажетті затыңызды алып қайтуға зор мүмкіндігіңіз бар. Тағы бір жақсы тұсы – базардағы киімдердің түр-түрін таңдай аласыз. Әрине, кемшіл тұстары да жоқ емес. Сатушының өз пайдасын ойлап, тіпті сәнге байланысты ешқандай да білімі болмауы мүмкін. Бұл жағдай сіздің киім таңдауыңызда сатушының кеңес бере алмайтындығын көрсетеді. Алғалы тұрған жейдеңізді немесе шалбарыңызды киіп көруге арнайы орынның болмауы қынжылтады.
Өз өлшеміңізді таба алмай, адасуыңыз мүмкін. Тағы бір зияны – белгілі бір киім түріне қойылып, белгіленген арнайы баға жоқ. Алаяқтардың арбауына түсіп, алданып қалуыңыз ықтимал.
Соңғы уақытта, көпшіліктің баратын алаңына айналған сауда орталықтарының да артықшылықтары көп. Себебі, белгілі бір сауда брендтері орналасқан дүкендердің көпшілігі сапалы әрі көңіліңізге жағымды заттарды ұсынады. Бағасы “аса қымбат” дейтін қатып қалған түсініктен де арылған дұрыс. Қазіргі таңда арнайы жыл мезгілдерінде жасалатын түрлі жеңілдіктерді қадағалап, байқап жүрсеңіз, сапалы киімді арзанға сатып алу мүмкіндігі бар.
Сондай-ақ, сауда үйінде демалыста жүргендей сезінесіз. Далада жүргендей тоңып немесе ыстықтап әуре-сарсаңға түспейсіз. Базардағыдай емес, мұнда киіміңізді арнайы орында өлшеп, көруіңізге мүмкіндік жақсы жасалған.
Интернет-дүкендерден киінетіндер де бар.
Желідегі тауарлар немесе көрсетілетін қызметтерге тапсырыс берудің артықшылығы қандай? Интернет-дүкендер сатып алушылар үшін де қолайлы: уақыт айтарлықтай үнемделеді, сатып алынған затқа электрондық ақшамен ақы төлеу, үйге жеткізіп беру мүмкіндігі, салыстырмалы арзан бағалар. Брендке айналған және сатушылар үшін сенімді ақтайтын белгілі интернет дүкендер бар. Тұтынушы қолда бар нұсқаулықты жылдам зерделеп, тауардың түрлі көріністегі фотосуретін қарап және оның техникалық сипатталарымен таныса алады. Курьерлік компаниялармен жеткізудің бағасы қолжетімді, жылдам, сапалы және сатып алушы үшін қолайлы.
Оң сапаларымен қатар кемшіліктер де бар. Негізгі минус: интернет-дүкенге келуші сайтты пайдаланушы деңгейінде тауарды виртуалды түрде сатып алады. Нақты тауарды көре алмайды,оның жай-күйі қандай, мәлімделген сипаттамалар мен фотосурет шындыққа сәйкес келетінін біле алмайды. Нәтижесі мына суреттердегідей болуы ғажап емес!
Базар мен сауда үйінің артықшылықтары мен кемшіліктеріне кеңінен тоқталдық. Әлбетте, ыңғайлы әрі сапалы киімді кез-келген жерден таңдап алу өз еркіңізде. Саудаңыз сәтті болсын!
Жанайым Қуандық