АҚШ – Қытай алауыздығы: сауда – қару, доллар – оқ боп атылғанда

Чайнамерика

Неліктен Америка Құрама Штаттары көршіміз Ресейді ғана емес, Қытайды да тұқыртуға тырысуда? Жақында Алматы мен елордада халықаралық ІЕ университеті ұйымдастырған білім алу бойынша шараға осы университеттің саяси экономика профессоры Мигель Отеро-Иглесиас (Miguel Otero-Iglesias) келіп, «Тармп Қытайға қарсы» деген тақырыпта дәріс оқып, өз ойымен бөлісті. Халықаралық сарапшы дәрісінде және соңынан берген жеке сұхбатында айтқан көптеген қызықты мағлұматтардан түйгенімі қысқаша қағазға түсіруді жөн санадым. Оның айтуынша, қазір АҚШ – Қытай текетіресіне байланысты Чайнамерика деген термин пайда болыпты. Ол ағылшынша China –Қытай және America – Америка деген екі сөзден құралған сөз тіркесі. Енді осы Чайнамериканың түп тамырына үңілейік.

Доллар – Америка экспорттайтын басты тауар

Адам Смит пен Карл Маркс теорияларын еске ала отырып дәрісін бастаған профессор Америка Құрама Штаттарын инфляцияны экспорттаушы ел деп атады.

Долларды көптеп басып шығарған сайын ақша тек АҚШ ішінде ғана қалмай, сыртқа да кететіні белгілі. Бүкіл әлемге тараған доллар дүние жүзіндегі ұлттық валюталарды дүрліктіріп, құнын өзгертеді. Америкалықтар әрдайым өздеріне күшті доллар керек деп айтады, бірақ қазіргі кезде біз экспорттауға қолайлы әлсіз долларды көріп отырмыз. Доллар экспортқа шығатын басты тауарға айналып отыр. Өздеріне қажет кезде валюта бағамын күшейту де, әлде әлсірету де өз қолдарында. Қазақстанның долларды пайдалану себебі де мұнайдың доллармен бағалануынан. Кезінде Саддам Хусейн мұнайды еуромен саудалағысы келген еді… Бұл – АҚШ әсекерінің Ирак еліне сол сәтте-ақ басып кіруінің бір себебіне айналды.

Адамдар қытайға ақша салуды үдете түсті, бірақ қытай валютасы қозғалған жоқ. Қытай жедел өркендей бастады. Себебі, елдің кредит жүйесін Коммунистік партия бақылауында ұстап отыр. Барлық ақшаны «залалсыздандыруға» Партияның мүмкіндігі жетеді. Долларды олар коммециялық банктерде емес, Орталық банкте ұстайды.  Қазір доллардың барлығын болмаса да, көп бөлігін «залалсыздандыруда».

Қытайдың Орталық банкі валюта курсын ұстап тұру үшін өте көп доллар «жағуда». Доллар экспортқа шығатын басты тауар екенін жоғарыда айттық. Америка түкке тұрғысыз көк қағаздар басып шығарып, оны адамдар тұтынатын өмірге қажетті тауарлар мен қызметтерге айырбастайды. Яғни қағазды экспорттап, орнына Қытайдан тауарлар мен қызметтер алады. Әдетте, Қытай нарығына келген көп ақша елде инфляция тудыруы керек. Осы кезде Орталық банк реттеуге кіріседі.

Америкалық ұлтшылдық

Бұл қазіргі америкалық ұлтшылдықтың көрінісі. Егер сіз ең үлкен әскери, саяси және экономикалық күштің иесі болсаңыз – әрине әлем ашсаңыз алақаныңызда, жұмсаңыз жұдырығыңызда. Ойын ұнамаса –тәртібін өзгерте саласыз. Аспан асты елінің экономикасы нығайып, амбициясы күшеюінің әлемді билеп-төстеп үйреніп қалған Штаттарға аса ұнамасы хақ.

Өзі ойлап тапқан технологиясы жоқ Қытай, барлығын АҚШ, Еуропа, Жапония тәрізді елдерден алуға мүдделі. Дегенмен де, өндіріс күшінің арқасында құрастырған өнімі әлемді жаулауда. Huawei тәрізді кейбір сауда белгілері Аустралия, Жаңа Зелландия, АҚШ, Британия және басқа көптеген елдерде кеңінен танымал. Бұл Құрама Штаттарды қорқытып, құтын қашыруда . Егер Еуропаның көшбасшысы Германия 5G технологиясы үшін Huawei өнімдерін пайдаланатын болса, АҚШ немістерге өздерінің зияткерлік өнімдерін бермейтінін айтып қысымшылық жасауда.

Батысқа үрей ұялататын тағы бір нәрсе – қытайдың Alibaba, Alipay, WeChat  тәрізді әлеуметтік кредит жүйелері мен платформаларының тұтынушылық мәліметтерді жазып алып отыруы. Олардың бәрін бақылауында ұстауы. Адамдардың әр басқан қадамы бағаланып, ұпай беріледі: спортпен айналыссаңыз, салығыңызды уақытылы төлесеңіз – жоғары балл, ішімдік ішіп, шылым шегіп, салығыңызды уақытылы төлемесеңіз – төмен ұпай. Тек жеке адамдар ғана емес, компаниялар да осылайша бағаланады. Жинақталған мәліметтерді әр-түрлі қажеттерге жаратуға болады. Бұрынғы индустриялық революциялардың көшбасшысы болып келген  еуропалықтар қазіргі «цифрлық платформалар және жасанды жады» деп аталатын төртінші индустриялық революция кезеңінде өздерінде тіпті қарапайым технологиялардың да жоқ екенін көріп отыр. Ондай платформа жасау үшін деректер жинау қажет. Деректер жинау үшін үлкен деректер керек. Ал бүгінгі деректердің бәрі Қытайдың қолында. Өйткені заманауи цифрлық платформалардың көбісі Қытайда.

Қытай компанияларының ІРО-ға шығуы капиталыңыздың өсуіне мүмкіндік береді. Дегенмен де, Коммунистік партияның елдің кредиттік ақпаратын бақылайтындығы үлкен мәселе болып тұр. Компаниялар неғұрлым көбірек ашылса, соғұрлым оларды бақылауда ұстау қиынға соғады. Сондықтан бұл өте баяу жүретін үдеріс. Негізінен ІРО бойынша талпыныстар жасалуда.

Қытайды Дүниежүзілік сауда ұйымына қабылдау – қателік болды

Америка Вице-президенті Майк Пенс «Қытай Америка инвестициясы арқасында күшейді» деп айтқан еді. Ал америкалықтар кезіндегі дамушы ел Қытайды бақылауында ұстап тұра алмады. Қытай Халық Республикасы тоқсаныншы жылдардан бастап келіссөз жүргізіп, 2001 жылы Дүние жүзілік сауда ұйымына мүшелікке кіріп алды. Тарихта 1999-2008 жылдар арасы өте бір қайталанбас, бірегей кезең болды. Өйткені осы кезде әлемдік күштер бірлесіп, теңесіп, баланс тапқан еді. Күн тәртібінде либералистік көзқарас басымдыққа ие болды. Америка «ұлы күшпіз» деп кеудесін соғып, әлемге демократия таратуды армандады. Қытай да күндердің-күнінде, ақырын-ақырын ашыла түсер, либералды-демократиялық елге айналар деп ойлады. «Ақ адамды көргенде сыпайы иіліп тұрады» деп армандады. Бірақ бәрі керісінше шықты. Қытайды Дүниежүзілік сауда ұйымының мүшелігіне қабылдау – қателік болды. ДСҰ Қытайдың мемлекеттік капитал жүйесімен күресуге қауқарсыз. Қазір Қытайдың трансформация амбициясы бастады. Ал Американың амбициясы ол қарқынды тоқтату, төмендету, басып тастау.

Американың көздегені – Еуразияны біріктіру

Қытай Еуропа үшін жабық мемлекет. Ашылуы үшін жолдар мен инфрақұрылымдар құрылысын тек қытайлықтар үшін, қытай азаматтары көмегімен ғана салу емес, бірлесе басқаруымыз керек. Алайда, егер алдағы он жылдықта Қытай ашылса, батыс олардан жабыла түседі.

Еуразияны кім бақылауында ұстаса, әлемді сол билейді. Қазақстан – Еуразияның жүрегі!

Қазақ елінің шығысында Қытай, солтүстігінде Ресей. Екеуімен де АҚШ  қырғи қабақ қатынаста, ал Қазақстан үшін олар маңызды стратегиялық әріптестер. Қазақстан Трамптың санкциясына ілініп кете ме, жоқ па дөп басып айту қиын. Трамптың ойына не келетінін кім біледі?

Егер әлсіз мемлекет болсаңыз, жан-жағыңыздан қысым көресіз. Сіздерді өз мүдделеріне пайдаланып, қажеттеріне жаратады. Ондай жағдайда өз әлсіздігіңізді мойындап, басқа мемлекеттердің бірінің жетегінде жүруіңіз керек – сізді қорғайды. Дегенмен де, тағы бір нұсқа бар – өз дербестігіңізді күшейту. Тәуелсіздікті, автономиялықты нығайтып, күштірек, батылырақ бола түсулеріңіз керек. Мысалы, Швейцариядан үлгі алуға болады. Швейцария әрқашан алып империялардың қоршауында болды, бірақ тынбай еңбектеніп, өндірісті көтеріп, зияткерлікті арттырудың арқасында бейтараптықты ұстануда. Қазіргі таңда ол ең өркениетті елдердің бірі.

Нұржан Жеңісұлы

INFOTIMES

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *