Маңғыстау облысындағы үкіметтік емес ұйымдар «Жасырын қызмет алушы» әдісімен жүргізілген шараларға белсенді қатысуда. Аталмыш әдіспен жыл басынан бері 50 мекемеде қоғамдық бақылау жүргізіліп, мемлекеттік қызметтерді көрсету барысында 45 әкімшілік кедергілер анықталды.
Мәселен, «Жасырын тұтынушы» әдісімен қоғамдық бақылау Ақтау қалалық №1 және №2 емханаларында жүргізіліп, медицина қызметкерлерімен мемлекеттік көрсетілетін қызмет стандартының талаптары бұзылғандығы белгілі болды.
Атап айтқанда, «алғашқы медициналық-санитариялық көмек көрсететін медициналық ұйымдарға тіркелу» мемлекеттік көрсетілетін қызмет стандартына сәйкес, мемлекеттік қызметті көрсету мерзімі 1 жұмыс күннен аспауы тиіс. Алайда, №1 Ақтау қалалық емханасының қызметкері жасырын қызмет алушыға ұйымға тіркелу әр түрлі мерзімде жүзеге асатындығын, яғни 15 минут, 1 күн және 3 күн ішінде тіркелетіндігін айтып кері қайтарған. Ал, № 2 емхана қыметкері жасырын қызмет алушының тұрғылықты мекенжайының Түпқараған ауданы, Ақшұқыр ауылында тіркелгендігіне байланысты, ұйымға тіркеуден мүлдем бас тартқан.
«Медицина қызметкерлерінің бұл іс-әрекеттері қолданыстағы заңнамаға қайшы. Осыған орай ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Маңғыстау облысы бойынша департаментімен ұсыным хат жолданып, нәтижесінде кемшіліктерге жол берген №1 және №2 Ақтау қалалық емханасының медтіркеушілері «Ескерту» түріндегі тәртіптік жауапкершілікке тартылды» – деді мемлекеттік көрсетілетін қызметтер басқармасының басшысы Жасұлан Маршакұлы.
Сондай-ақ, Маңғыстау облыстық қорғаныс істері жөніндегі департаменті және Ақтау қаласының қорғаныс істері жөніндегі басқармасының қызметкерлері тарапынан да кемшіліктерге жол берілген. Олар әскери қызмет өткеруді растау туралы анықтаманы алу үшін қажетті құжаттар тізімін «ұсынудан бас тартып», қызмет алушының өзі келу қажеттігін және әр азаматқа анықтама берілмейтіндігін түсіндірген.
Жаңаөзен қаласының қорғаныс істері жөніндегі басқармасының қызметкерлері анықтаманы алу үшін «стандартпен айқындалмаған құжаттар талап етілетіндігін» және әр азаматқа анықтама берілмейтіндігін түсіндіріп, құжаттарды қабылдау үшін тікелей басқармаға келу керектігін алға тартқан. Ал, Бейнеу ауданының қорғаныс істері жөніндегі бөлімі ғимаратының кіре берісінде мүмкіндігі шектеулі жандар үшін «пандус» орнатылмаған.
Сонымен қатар, Бейнеу аудандық жұмыспен қамту әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімі ғимаратының кіре берісінде арнайы бөлім қызметкерлерін «шақырту тетігі» істен шықса, Мұнайлы аудандық мемлекеттік кірістер басқармасында қызмет көрсету үшін «электронды кезектілік таблосы» іске қосылмай тұрғандығы белгілі болды.
Барлық орын алған заң бұзушылықтар бойынша облыстық қорғаныс істері жөніндегі департаменті, Ақтау қалалық № 1 және 2 емханалар, Мұнайлы аудандық мемлекеттік кірістер басқармасы мен Бейнеу аудандық жұмыспен қамту әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімінде түсіндірме жұмыстары жүргізілген соң, кемшіліктерді жою туралы ұсыныстар жолданған.
Айта кету керек, бұл шараларға «Азаматтық құқық» жеке меншік мекемесі, «Туған ел» ұйымы және «Маңғыстау облысының Азаматтық Альянсы» заңды тұлғалар бірлестігі белсенді қатысуда.
ҚР Мемлекеттік қызмет істері
және сыбайлас жемқорлыққа қарсы
іс-қимыл агенттігінің Маңғыстау облысы
бойынша департаментінің баспасөз қызметі