АС БӨЛМЕСІН СӘНДЕУ

       Ас бөлме – адамзат үшін ең қажетті бөлменің бірі де бірегейі. Ас адамның арқауы болғандықтан бұл бөлменің құрылысына,сәніне, жиһазына ерекше көңіл бөлген абзал.Бұл бөлменің ыңғайлы әрі сәнді болғанын әрбір қыз баласының қалайтыны белгілі. Қыздардың арасында ас бөлмені жеке кеңсеміз деп әзілдейтіндері де бар. Әрине, қыз бала болған соң ас үйде таңертеннен кеш батқанға дейін жүріп, үй ішін тәтті де дәмді тағамдармен қуантып жүретіні бәріне аян. Ендеше ас бөлменің дизайнын сызар алдында және сәндеуден бұрын үйіңіздің қыздарымен ақылдасқаныңыз жөн болар. Себебі, сол бөлменің иесі жарыңыз немесе қызыңыз болады, ал бөлме ыңғайлы әрі олардың қалауы бойынша жасалса, ас бөлмеде ерекше қуанышпен әрі рахаттана ас әзірлейтін болады.Бірақ жиһаз таңдау кезінде материалдың сапасын тексеруді ұмытпаңыз.
Сіз үшін ыңғайлы әрі әдемі ас бөлме жиһазын таңдағанда тауардың қандай көрсеткіштеріне көңіл бөлу керек? Жиһазға тапсырыс бергенде қандай материалдар мен дизайнды таңдаған жөн және қай аксессуарлар ұзаққа дейін шыдамды?
Жиһаз таңдау барысында ағаштың сапасына ерекше көңіл бөлу керек, өйткені, көптеген ағаштар ылғалға, суға немесе буға және температураның жиі ауысымына шыдамай тез бұзылып жатады. Ал кейбір үлгілердің күтімі тұрғындар үшін қолайсыз. Сапасы нашар болса қызмет көрсету мерзімі де ұзаққа бармайды. Егер таңдаудан немесе сапасына күмәніңіз болса арнайы сарапшылардың көмегіне жүгінгеніңіз дұрыс болады. Дизайнер эскиз сызып болған соң жұмыс бітті деп ойламаңыз себебі алдыңызда материалдың сапасын сарапшылармен бірге таңдау күтіп тұр. Модульдер мен гарнитурлар ас пісіруге және тамақтануға, бөлме ішінде еркін қозғалуға, шкаф есіктерін ашып-жабуға ыңғайлы орналасуы тиіс. Егер тапсырыс бермей жиһазды дүкеннен аламын десеңіз, бөлменің өлшемдерін біліп алғаныңыз жөн.Себебі, дүкен көрмесінде түрлі жиһаз болады, өлшем бірліктері де әртүрлі. Таңдаудан жаңылғыныз келмесе бөлменің өлшем-бірлігін алуды ұмытпаңыз және мұқият таңдаңыз.
Жиһаздың сыртқы келбетіне қарап сапасын қалай анықтауға болады?
Мысалы: беткі қабаты түзу,тесіктер мен кетіктердің болмауы және сыртындағы қабығы барлық жағынан дұрыс жапсырылуы керек және тез арада ашылмауы тиіс.
Ас бөлме жиһазының беткі қабаты жылтыр ағаш жоңқа плитасынан жасалу керек, себебі қарапайым үлгіге қарағанда бұлар төзімді болады әрі тазалау, сүрту оңай.
Үздік модельдер табиғи ағаштан жасалады сондықтан табиғи ағаштан жасалған жиһаз алуға тырысыңыз.Өз жұмысын тиянақты орындайтын және әрбір қадамды қатаң бақылайтын компанияға тапсырыс беріңіз.
Көбіне ағаштын сапасын ылғал бүлдіреді.Сондықтан шкафтардың күтіміне баса назар аударыңыз.Ұқыпты тұрғындардың жиһазы ұзақ мерзімге жарап жатады сол себепті күтім жағына да көңіл бөлген абзал.
Ас бөлме дизайны мен жиһаздарының сәні мен сапасы сіз ойлағандай болсын!

Дина Рысқалиева

Журналистика мамандығы

2-курс студенті

INFOTIMES

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *