Астана хабы карантин кезінде мемлекеттік органдарға қолдау көрсетуде

Астана мемлекеттік қызмет хабының қолдауымен HR-менеджерлер қауымдастығы ұйымдастырған «HR! No more drama!» атты 1-ші онлайн конференция өтті. Конференция жұмысына 4 елден 17 спикер қатысып, ол нақты уақыт режимінде 4 000-нан астам рет қаралды. Сарапшылар турбуленттік кезеңде түрлі салалардағы кадр қызметтерінің стратегиялық рөлін талқылады.

Конференцияны Астана мемлекеттік қызмет хабының Басқарушы комитетінің төрағасы Алихан Байменов ашты. Ол, сондай-ақ, – қазіргі уақытта Қазақстанның HR-қоғамдастығына ақпараттық және білімдік қолдау көрсетіп отырған HR-менеджерлер қауымдастығының жалпы жиыны төрағасы.

Байменов мырза құттықтау сөзінде «қазір бүкіл адамзаттың басына түскен сынақ өмірдің барлық қырына із қалдыруда», – дей отырып, «әлемнің барлық мемлекеттері басты назарда -адам, оның өмірі, денсаулығы болуы тиіс деген ортақ пікірге келген» – деді. Сонымен қатар, Байменов «HR-бөлімшелерінің мәні артып келеді. Кәсіпорындардың басым көпшілігінде функционалы бойынша бұл – негізінен адамдармен жұмыс істейтін жалғыз бөлімше» -деп атап өтті.

«HR-менеджерлердің көпшілігінде психологиялық білім болмаса да, осы кезеңде олар психологтар болуға мәжбүр, сөйтіп ұжымдардағы жұмыс атмосферасын қашықтықтан жұмыс істей отырып қолдауда. Өткеннен сабақ ала отырып, сөзсіз келетін ертеңге дайындық жасалуы тиіс. Осыған сәйкес HR жұмыс берушілерге алдағы құрылымдық өзгерістерге дайын болуға, оны «сумен бірге баланы қоса шайып» жібермейтіндей, көмектесулері тиіс. Жұмысқа алу мен келісім-шарттардың икемді схемаларын, оның ішінде Ad-hoc, жұмыс күні ұзақтығын қысқарту жайын ойластыру қажет», – деді Хаб басшысы. Оның айтуынша, кадр қызметтері «жұмыс берушілер мен қызметкерлер арасындағы сенім және өзара түсіністік көпіріне айналуы тиіс».

Онлайн конференция барысында әлеуметтік-еңбек қатынастары жөніндегі сарапшы Сандуғаш Искендирова «HR жаңа сын-қатерлері» атты отандық зерттеудің нәтижелерімен таныстырды. Сауалнамаға Қазақстанның барлық аймақтарынан кадр қызметтерінің 130 маманы қатысқан. «Қазір қашықтықтан жұмыс жасау форматына көшу бизнестің тиімділігіне кері әсер ететіп отырғанын көріп отырмыз. Көпшілігі қызметкерлерін компьютерлік техникамен қамтамасыз ете алмай отыр, ал еңбек шарттарын, қосымша келісімдер мен жұмыс уақытын есепке алу табельдерін ресімдеу үшін цифрлы қолтаңбаны пайдаланушылар үлесі  20%- дан кем», – деп атап өтті сарапшы.

Сонымен бірге, Искендерова басшылар тапсырмаларды жедел түрде жеткізе алатын, еңбек ұжымдарының көңіл-күйімен жұмыс жүргізетін жүйелі коммуникация арналарының жоқ екенін атап өтті. HR-қоғамдастық қазіргі бұлыңғыр жағдайға байланысты қызметкерлерге қобалжу, беймазасыздық  тән екенін, соның салдарынан олардың 80%-да жұмысқа тиімді ат салысу ықыласы төмендегенін көріп отыр. Бұл экономиканың барлық секторына кері әсерін тигізуі мүмкін. Сонымен қатар, дағдарысқа барынша сезімтал сала – жеке сектор, әсіресе консалтинг, қосымша білім беру, көлік ұйымдары екені анықталды. Осы салаларда дағдарыс ұзарған сайын 30%- да жаппай қысқартулар тәуекелі жоғары.

Конференцияға қатысушылар қызметкерлер санын қысқарту мен еңбекақы төлеу мәселелерін талқылады, жекелеген кәсіпорындар мысалында ағымдағы еңбек жағдайларын сақтаудың үздік тәжірибелерін қарастырды. Сонымен бірге, сарапшылар басқарушылық және операциялық тиімділігін дәлелдеген сандық құралдармен бөлісті.

Конференция барысында қашықтықтан жұмыс істеу форматында ішкі коммуникациялар жүйесін күшейту мақсатында, сондай-ақ көшбасшылық тиімділігін арттыру үшін нақты ұсыныстар айтылды. Сонымен бірге ұйымның сандық мәдениетін дамытуға ықпал ететін онлайн дағдыларды күшейтуге баса назар аударылды.

Астана мемлекеттік қызмет хабы қазіргі жағдайда мемлекеттік органдардың мемлекеттік қызметшілердің әлеуетін арттыру және олардың қызмет тиімділігін жоғарылату құралдарын іздестіру бағытындағы ұмтылысын қолдау бойынша жұмыс жасауда.

Конференцияның бейнежазбасы HR қауымдастықтығының ресми сайтында және Астана мемлекеттік қызмет хабының Facebook әлеуметтік желісіндегі ресми бетінде қолжетімді: https://www.facebook.com/Hrbirlestik/videos/2928759417215947/?_rdc=1&_rdr

 

INFOTIMES

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *