Астана мемлекеттік қызмет хабы әріптестік географиясын кеңейтуде

Скопье қаласында Астана мемлекеттік қызмет хабы Македония Республикасының Ақпараттық қоғам және әкімшіліктендіру министрлігімен әріптестікте «Мемлекеттік қызмет саласының заманауи сын-тегеуріндері және шешімдерге қол жеткізудегі серіктестіктің рөлі» атты конференцияны өткізді.

Конференцияға 16 елдің, атап айтқанда Астана хабының қатысушы елдері -Әзербайжан, Армения, Белоруссия, Босния және Герцеговина, Грузия, Македония, Қазақстан, Қырғызстан, Польша, Тәжікстан, Өзбекстан, Украина, Черногория, сондай-ақ Албания, Косово және Сербияның мемлекеттік қызметкерлері, сарапшылары мен ғалымдары қатысты.

Македония Республикасының Ақпараттық қоғам және әкімшілік министрі Дамян Манчевски іс-шараны аша отырып, былай деді: «Конференция Астана хабының қатысушы елдерімен әріптестікті кеңейтуге тамаша мүмкіндік берді. Біз хабты мемлекеттік қызмет саласындағы серіктестікті нығайтуға және тәжірибе алмасуға қосқан үлесі үшін нәтижелі алаң ретінде жоғары бағалаймыз».

Астана мемлекеттік қызмет хабының Басқарушы комитетінің төрағасы Алихан Байменов: «Бүгінгі жаһандану және жаңа технологиялар дамыған кезенде азаматтардың мемлекеттік қызметтердің сапасына қойылатын талаптары үздіксіз өсуде. Әріптестікті дамыту мемлекеттік басқару саласындағы ең озық тәжірибелерді анықтауға және туындаған қиындықтарды шешуге мүмкіндік береді. Бұған қоса, әріптестік тұрақты даму мақсаттарына қол жеткізудің негізгі факторы болып табылады», – деп атап өтті.

Конференцияда сондай-ақ Сербия  мен Косово елдерінің мемлекеттік басқару министрлері Бранко Рузик пен Махир Ягкилер, Батыс Балкан аймақтық мемлекеттік басқару мектебінің (ReSPA) директоры Ратка Секулович, ЭЫДҰ-ның өкілі Мирослава Борыска және мемлекеттік қызмет саласындағы академиялар мен мемлекеттік органдардың басшылары  сөз сөйледі.

Конференция қатысушылары әріптестік, сондай-ақ  мемлекеттік қызметті дамытудағы жаһандық және аймақтық үрдістерді ескеру, әр елге өз мемлекеттік жүйелерін дамытуда қолайлы шешімдерді табуға көмектесетінін атап өтті.

INFOTIMES

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *