Ұлы Абайдың осы өлең жолын білмейтін адам жоқ шығар.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Біз кітап оқуға деген сүйіспеншілікті бастауыш сыныптан бастап қалыптастырсақ қана кітап оқитын ел бола аламыз. Ал жас ұрпақтың сауатты болуы үшін балалардың көркем әдебиет оқуы өте маңызды», – деген болатын.
Сондықтан биылғы Балалар жылында интернеттің шексіз ақпарат ағынына төтеп беріп, өскелең ұрпақ өміріне лайықты кітап оқу мәдениетін кеңінен қалыптастыру мәселесі сөз болып жатса, оған еш таң қалуға болмайды.
Екі күн болды, «EXPO» халықаралық көрме орталығында «Eurasian Book Fair-2022» бесінші Еуразиялық халықаралық кітап көрме-жәрмеңкесі өтіп жатыр.
Атқарушы дирекцияның пікіріне сүйенсек, бұл – ересектер үшін де, балалар үшін де бірдей қызықты болатын бес күндік ауқымды мәдени және іскерлік бағдарлама. Балаларға арналған және көркем әдебиет, танымдық және танымал әдебиеттердің тұсаукесері, балалардың шығармашылық және дамуына арналған шеберлік сабақтары, поэзия кештері және дөңгелек үстелдер ұйымдастырылуда.
Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының Бас директоры Ербол Тілешов пен орынбасары Лиза Есбосынова көрме барысымен арнайы барысып танысты. Әр бөлімді жіті қарап, сөреге қойылған кітаптар мазмұнымен терең танысуына қарап, бұл халықаралық іс-шарадан мекеменің болашақ жұмысы үшін не алуға болады, кітап нарығындағы сұраныс қандай деңгейде деген сауалдарға жауап іздеп жүргенін аңғару қиынға соға қойған жоқ.
Аралау барысында жолығысқан Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт вице-министрі Нұрғиса Дәуешев, Архив істері және құжаттаманы басқару Комитетінің төрағасы Қуат Бораш бұрын-соңды тығыз жұмыс жасағандықтан, бірден Орталықтың ғылыми-шығармашылық әлеуетін көрме алаңында көрсету жөнінде мәселе қозғалды. Көрме-жәрмеңкенің негізгі мақсатының бірі кітап оқуды насихаттау, қатысушы елдердің әдеби мұрасын қолдау, оқырман мәдениетін қалыптастыру болса, бұл орайда Орталықтың қосар үлесі қомақты болмақшы.
Кемеңгер Мұхтар Әуезов: «Кітап аяулы досы бола бастаған шақтан былай ғана әрбір жан өзін интеллигент бола бастадым деп санауына болады»,– деген екен. Кітаппен ауызданған адамның көздің жауын алып самсап тұрған кітаптардың арасынан құр қол шығуы мүмкін емес еді.
Кітап қолтықтағандар легінде толас жоқ.
Су жаңа кітаптар әр шаңыраққа асығып барады.