Арманың барда армандап қал

Сіз бұған дейін жоғары оқу орындарында «баспа ісі» мамандығын оқытатындығы туралы естіп көрдіңіз бе? Естімесеңіз: «Бұл мамандық нені оқытады? Болашағы бар ма, жоқ па? Жалпы, бұл сала елімізге қаншалықты қажет?» деген сұрақтарға тоқтала кетейін.

Иә, мен де бұл салаға кездейсоқ келдім. Еуразия ұлттық университетіне құжаттарымды тапсырып жүріп, сол жердегі мұғалімдердің: « Баспа ісі мен журналистика геометрия мен алгебра сияқты. Бір-біріне өте жақын мамандықтар» деген әңгімесіне сеніп, тәуекелге бел будым. Кейін топтастарымның 90 пайызының бұл мамандыққа мен сияқты түскенін ұқтым. Басында таңдауымызға күмәндандық та, кафедра мен деканатты арыз айтып шулатып жүретін нағыз арызқой топ болдық. Баспа ісі десе көздерін аларта қарайтын, үнемі бұл мамандықтың дәрежесін төмендетуге тырысатын курстастарымызға өзімізді дәлелдейміз деп шештік. Бірде сабақ беретін ағайымыз: «Сендер әмбебап маман боласыңдар. Сендердің мамандықтарыңда журналистиканы да, қалай дұрыс редакциялауды да, дизайн мен менеджмент, маркетингті де оқытады. Алдарыңа келген мұғалімнің бар білімін кенеше жабысып, сорып алыңдар» деп еді. Жыл өткен сайын мамандығыма ғашық болдым. Жыл өткен сайын өз-өзімізге қойған талабымызда күшейе түсті. Бір кезде: «Эх, кітап шығарсам ғой. Сол кітапты қолжазбадан бастап, өзім редакциялап, өзім дизайнын жасап, шығарып, факультет деңгейінде деканның қатысуымен тұсауынкесер өткізсем ғой» деген арман орындалмастай көрініп еді. Қарап тұрсам, ұмыт болған, мүмкін еместей көрінген арманым кеше орындалыпты.

Біз бұл күнді өткізуге 5 ай дайындалдық. Алдымызға мұғалім болып Бейбітгүл Мәметқазықызы келісімен идеямызды айттық. Апай да қолдай кетті. Бар тәжірибесімен бөлісіп, сабақ барысында біз білмейтін тың ақпараттар бере бастады. Талапшыл ұстаз әу бастан қатал тәртібімен есте қалды. Жақсы баға алғың келе ме? Онда бір семестрде 50 кітап оқы, апта сайын әлеуметтік желіге пост сал, күн сайынғы жаңалықты сабақ басталар кезде айтып отыр, ал журнал, газет, кітап шығарғың келсе үйрен, интернеттен қара. Міне, біз осылай 1 семестр бойы баларасы тәрізді балымызды көбейту үшін жатпай-тұрмай еңбектендік. Нәтижесі- кешегі күн. «Арманға бір қадам» атты университет туған күніне орай өткізген тұсаукесер кешіміз.

Бұған дейін жыл сайын дәстүрлі түрде баспа ісі мамандығы студенттерінің жинақтары шығып келді. Біз де бұл дәстүрді жалғастырып «Арманға бір қадам» атты студенттер жинағын шығардық. 50 данамен жарық көрген жинақта студент жастың бала арманы, албырт шақтағы ой байламдары мен ақындыққа жаңа бет бұрған жастың жалынды жырларын кездестіруге болады. Кітап сыртында таң рауанына қарай жол тартқан қос ғашықтың сұлбасы бейнеленген. Бұл біздің қиялымыздан туған, ақ қанат арманымыз. Сонымен қатар студенттер топ-топқа бөлініп «Томпақ» балалар журналын, «Бәсеке» бизнес журналын, «Астар» қоғамдық-саяси газетін  шығардық.  Студенттердің осы уақытқа дейін жазып жинақтап келген мақалалары мен әңгімелері, әлеуметтік парақша бетіндегі жазбалары мен оқыған кітаптары туралы рецензиялары да жеке жинақ болып «Менің алғашқы кітабым» сериясымен жарық көрді. Бұл әр студент үшін есте қалар ыстық естелік болмақ. Қазіргі кезде қазақ тілді балалар басылым нарығы бос. Бәсекелестік те аз. Ал бәсекесі жоқ жерде дамудың да, өсу мен кемелденудің де ешқандай нысаны байқалмайды. Соған орай жарық көрген «Томпақ» балалар журналын болашақта да қолға алып, таралымын арттыра түсу ниетте бар. «Бәсеке» ақыл айтқыш емес, өз кәсібіңді табуға, өзіңді тануға жол ашатын рухани әлем іспетті. Бүгінде саны көп, сапасы жоқ бағасы шарықтап тұрған трейнинг сымақтарға барып 1-2 сағат уақытыңды жоғалтып, ол жерден естіген әңгімең мен мотивацияң есіктен шыға бере ұмыт болмай ма? Ал «Бәсекеден» оқыған кеңесің мен шабытыңды қасыңда қанша сағат сақтап жүрем десең де өзің біл. Бұл керемет жобаның тағдыры болашақ қолдаушыларға байланысты болмақ. «Астар» халықтан шындықты жасырмаймыз дейді. Тәуелсіз газетпіз, әр істің астарынан ақиқат жазамыз деген ұл-қыздардың туындысы. «Қазақ» газетінің сара жолын жалғаушы кіп-кішкентай өкілі.

Міне, осындай тырнақалды туындыларымыздың тұсаукесер кешін сүйікті университетіміздің туған күніне арнадық. Кеш барысында журналистика және саясаттану факультетінің деканы Сақ Қайрат Өмірбайұлы: « Бұндай тұсауксер кешінің университет деңгейінде бұрын соңды өтпегенін, баспа ісі студенттерінің еңбегіне шығармашылық табыстар тілесе», кафедра меңгерушісі Есдәулетов Айткен Оразбайұлы: « Баспа ісі болашағы кемел мамандық. Республика бойынша бұл мамандыққа жылына 10 ғана грант бөлінеді. Жыл сайын 20 мыңға көбейетін грант неге баспа ісіне бөлінбейді? Елімізге керекті мамандар дайындап жатқан бұл саланың еңбегін жоғары жаққа жеткізу керек екендігін» баса назар аударып айтты. Ұстаздарымыздың ақ батасы, жүректен шыққан ақжарма тілектерінен ерекше әсер, ерекше шабыт алдық. Арманың барда армандап қал… Ол міндетті түрде ұмыт болған кезде орындалады!

Көктем ҚАРҚЫН

INFOTIMES

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *