Қаллеки театры тарихи драма жанрында кезекті қойылымын ұсынуда. Қойылымда басты рөлді сомдайтын жас актер Қайыржан Садық дайындық барысындағы қызықтары мен қиындықтарын әңгімелейді.
Қайырлы күн, Қайыржан! Басты рөлді сомдау өзіңізге бұйырыпты. Жалпы 24 жасыңызда Жошы хан кейіпкерін сомдауды режиссерден алғаш ұсыныс түскенде қалай қабылдадыңыз?
Жауапкершілігі мол рөлді дәл осы жасымда күтпедім. Спектакль қойылатыны нақтыланғанда ойыма да келген жоқ. Менен тәжірибесі жоғары актерларға бұйырар деп жүрдім. Әрине, Жошы ханның жасы қырықтан асқан. Сол себепті маған күтпеген рөл болды.
Кейіпкеріңізді тану барысында қандай жұмыстар жүргізудесіз? Режиссер сізге қаншалықты көмектесуде?
Тарихи жанрдағы спектакль болған соң, тарих жағынан зерттеудемін. Жошы хан туралы мағлұматтар өте көп. Пьесаларды оқудамын. Ол кісінің жасы бар, жүріс-тұрысы, мінезі, даусы секілді дүниелер менің жасыма сәйкес келмейді. Осының барлығымен жұмыс жасап жатырмын. Кейіпкерімді зерттеп, әлі де жұмыс жасаудамын. Театрда қазақ хандары туралы бірнеше спектакльді суреттеген режиссер Болат Қасымжанұлымен қиын әрі қызықты жұмысты басымнан өткеріп жатырмын. Себебі Жошы хан бейнесі көп ізденістер мен салмақтылықты талап етуде. Режиссердің де қояр талабы жоғары.
Тарихи жанрдағы алғашқы кейіпкеріңізге деген жауапкершілікті сезіндіңіз бе?
Театрдағы ең үлкен рөлім болған соң жауапкершілікті сезінудемін. Әрине, ертең сын да, пікір де болады. Бірақ, ауыр жұмыс, маған келмейді деп өзіңе сенімсіздік ұялата беруге де болмайды. Өз-өзіңе сенімділікпен қарап жұмыс жасау керек. Актер ретінде Жошы хан бейнесін сомдау үлкен жауапкершілік пен актер ретінде өсуге үлкен бастама деп қабылдадым.
Өмірдегі Қайыржан мен Жошы хан кейіпкері қаншалықты ұқсас? Актер мен орындаушыларда кейбір сәттерде ұқсастықтар болып жатады…
Кейіпкеріме Қайыржан мүлдем ұқсамайды. Мен негізі басқамын. Бір жағынан ол заман басқа, біздің заман басқа. Оның үстіне айтып кеткендай жасы да үлкен. Көргені көп маған қарағанда. Ұқсастық мүлдем жоқ. Рөл берілгеннен кейін ұқсамасам да жұмыс жасау керек.
Сіз үшін Жошы хан деген кім?
Осы сұрақ мені де мазалады. Жошы хан өз заманына сай адам болған. Яғни, сол заманда қатып қалған заңды, үрдісті өзгерткісі келеді. Барлығы бейбіт, соғыссыз өмір сүрсе екен деген армандары бар ерекше адам болған.
Ішкі дүниеңізге әсері қандай?
Сырттан көрген адам байқайтын шығар. Мен сол баяғы Қайыржанмын. Айтып жатқандар бар, кішкене салмақты болып кетіпсің деп.
Әр актердің арманы болады. Сіз қандай басты кейіпкерлерді сомдауды армандайсыз?
Студент кезде Гамлет секілді рөлдерді армандайтынмын. Театрға келген соң, режиссердің көзқарасы болады. Берілген рөлдер мен эпизодтармен жұмыс жасайсың. Енді, Жошының рөлі бұйырды. Ол да Ұлы тұлға болған соң, үлкен рөлдерді ойнаудағы алғашқы арманым орындалды деуге болады.
Көрермендеріңізге айтар лебізіңіз болса…
Ең бастысы театрда көрермендер ғой. Кейде көрермендерге сай емес спектакльдер қоятын секілдіміз. Қазір, көрермендер басқаша ойлайды, ақылдырақ. Теарға келіп,ойларын айта алса екен деймін. Қаллеки театрының көрермендерін алдағы «Жошы хан» тарихи трагедиясының премьерасын тамашалауға шақырамын. Театрда кездескенше, Патша көңілді көрермен!
Сұхбатыңызға рақмет!
Садықов Қайыржан Бауыржанұлы – 1999 жылы 1 наурыз күні Талдықорған қаласында дүниеге келген.
2005-2016 жылдары 14-орта мектеп гимназиясында білім алды.
2016-2020 жылдар аралығында Алматы қаласындағы Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясында «Театр және кино артисі» мамандығы бойынша Қазақстанның Халық артисі Тұңғышбай Жаманқұловтың шеберханасында тәлім алды.
2019 – 2021 жылдары Алматы қаласындағы Бәйтен Омаров атындағы Жас сахна театрында актер қызметін атқарды. Осы жылдары А.Дударевтің «Ким» спектаклінде Каралев, Н.Думбадзе «Я бабушка Илика, Иларион и собака мурада спектаклінде Ромуль рөлін сомдады.
2021 жылдан бастап Астана қаласы Қалибек Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрының актері.
Театр сахнасындағы рөлдері: Р.Мұқанова «Бопай ханым» – Жас Әбілқайыр, М.Әуезов «Айман-Шолпан» – Әлібек тобындағы жігіт, Х.Алтай, Х.Оралтай «Алтайдан ауған ел» – Көш, А.Менчелл «Күзгі іңір» («Сен маған керексің») – Гарри, М.Сервантес «Дон Кихот», Ғ.Мүсірепов «Баян Сұлу – Қозы Көрпеш» – Айдар, С.Қайырбек «Кешкі 7» – концерт спектакль – Актер, Д.Рамазан «Жошы хан»- Жошы хан.
СҰХБАТТАСҚАН:
Жасмина НҰРЛАНҚЫЗЫ