Ғылымда темперамент туралы алғашқы ой-пікірлер өте ерте кезден айтыла бастаған. Ежелгі Грекияның белгілі ғалымы Гиппократтың (б.з.д. 460-356) еңбектерінде бұл жөнінде біраз ақпарат кездеседі. Гиппократтың ойынша әр-түрлі темпераменттер адамдар мен жануарлардың денесіндегі 4 түрлі сұйық затқа байланысты екен. Олар: денені жылытып тұратын – қан, салқындататын – шырыш, құрғататын -бауырдағы сары өт, оған дымқылдық беретін – қара өт. Гиппократ анықтаған төрт сұйықтыққа байланысты адамның мінез-құлқы төмендегідей типтерге ажыратылады:
- Қан – сангвиниг;
- Қара өт сұйықтығы – меланхолик;
- Сары өт сұйықтығы – флегматик;
- Шырыш – холерик;
Осы түрлі сұйықтар араласуының пропорциясын грекше «красис» деп атаған. Латын тілінде бұл «темпераментум» деп аталады.
Темперамент – бұл адамның психикалық әрекетінің динамиксын анықтайтын жеке қасиеттерінің жиынтығы. Темперамент типінің нақты көрінісі сырттайғы әрекет-қылықта ғана емес, сонымен бірге барлық психикалық құбылыстарда: сезімде, ниет пен әрекетте, ақыл-ой жұмысында, тілдесу ерекшелігінде және тағы басқаларда байқалады.
Қазіргі кезде психология ғылымы белгілі жүйеде темперамент типтерінің бәріне толық психологиялық сипаттама беруге негіз боларлықтай деректер топтаған. Алайда, дәстүрлі қабылданған темпераменттің төрт (сагвиниг, флегматик, холерик, меланхолик) түрінің психологиялық сипатын түзу үшін көбіне төмендегі аталған темпераменттік қасиеттер қолданылады.
1.Сангвиник – темпераментіне кіретін ашық, көпшіл, сөзшең, кісіге қайырымды, қысылып – қымтырылмайтын, тіпті олар оптимист, өмір сүйгіш, көтеріңкі көңілді, басшылыққа, жетекшілікке құштар жандар. Мұндай бала жылдам әрі тез қозғалатын, көңіл-күйі жиі өзгергіш келеді. Көп нәрсеге қызығады. Жұмысқа қабілетті, ал бос кезде сылбыр күйге түседі. Кейде мінезінде жеңілдік байқалады. Бәрін біліп алуға тырысады, бірақ бағыттап отырмаса, тез суып кетуі де мүмкін. Ақыл-ой әрекеті белсенді жүріп отырады, айтқандарды қиналмай ұғады, сұрақ қоюға жаны құмар, оның сөзі жылдам, анық, түсінікті. Сөзді мәнерлеп оқуға тырысады. Олар басқа адамдармен тез тіл табысады. Сөйлегенде ым-ишара (мимика) жағы басым келеді. Көбінесе, эмоциясы қозу жағдайында тұрады. Сангвинигтер өмірге икемді, тәрбиелеуге оңтайлы, ширақ темперамент болып саналады. Тапқырлықпен зеректікті қажет етеді. Жұмыс үстінде төзімділік көрсете отырып, нәтижеге жетуге тырысады. Олар негізінен өзін-өзі жоғары бағалайды, әр-түрлі жағдайларға тез икемделеді. Төзімді. Жұмыс қабілеті жоғары, бастаған ісі қызықсыз болса тез айнып қалады, шыдамды, жұмыскер, қиын жағдайда өзін батыл көрсетеді, тез ұйықтап кетіп, тез оянады, көбіне жинақсыз.
2.Флегматик – өте сақ, ұяң, байсалды, жұртқа жақсылық тілейтін, сенімді, тұрақты, бір қалыпты, ауыр мінезді, мәселені тез шешуге асықпайды, салқынқанды. Бір істі бастаса салпақтап соңынан қалмайды. Сезімдері түр-әлпетінен байқалмайды. Дауыс екпіні баяу келеді, аптықпай асып-саспай сөйлейді. Сөзіне ым-ишара қоспайды. Өзінің икемділіктерін жақсы көрсетеді. Флегматиктерді барлық уақытта асықтырып, құлшындырып отыру қажет. Олар негізінен аз қозғалады, тыныш отырады, тәртіпті, салмақты, ашуын жеңіл ұстайды, кемшілікке немқұрайлылықпен қарайды, көзқарасқа тұрақсыз, барлығымен қарым-қатынаста бірдей, жаңа жағдайға әрең бейімделеді.
3.Холерик – бұл ұшып-қонып тұратын күйгелек, тынымсыз, шамданғыш, көңіл-күйі тез өзгеретін, қарым-қатынаста аумалы-төкпелі, тұрақсыз, ашуланшақ болып келеді. Қимыл-қозғалысы батыл, шапшаң. Қызыққан жұмысына әбден беріліп, барлық ынтасын салып орындайды. Бұл типтен ой-әрекеттің белсенділігін байқауға болады. Өз эмоцияларын қимыл-қозғалыстарын билей алмай, күйіп-пісуге дайын тұрады.Тез ашуланады, қатты қияңқы, ұнамсыз іске әуес бұлардың сөзі жылдам, интонациясы толқымалы, кейде топ ішінде дауысы қатты да шығып кетеді.Олар тез, қызу сөйлеп, төңірегіндегілерді бірден ұйытады. Ерекшеліктері өткір көзінен, тез және оңтайлы қозғалыстарынан білінеді. Ызақор, ашуланшақ. Олар өзгелер арасында басшылық жасауға құмар, өзін жоғары санайды, қарсы келсең ашуланып қалады. Холериктердің сезімі, көңіл-күйлері сөзінен, қимылынан білініп тұрады. Олар әсерлі, мәнерлі сөйлейді. Негізінен олар бір орында отырмайды, тынымсыз. Тік мінезді, агрессивті, пікірталаста белсенді, бел бууға бейім, тәуекел ете алады, сын қабылдай алмайды.
4.Меланхолик – болмашы нәрсеге ренжіп қалады. Өкпелегіш, тұйық, сөзге сараң, аса баяу қозғалатын жайбасар.Ұялғанда тез қызарып кетеді. Көпке дейін булығып, белсенді сөз айтудан қалады. Ұялшақ, тұйық болғандықтан көпшіліктен аулақ жүргенді жақсы көреді. Сіркесі су көтермейді, бірбеткей, қыңыр-қисық келеді. Көзге түспей жай ғана тасада жүргенді ұнатады. «Мен» деп ешқашан ұмтылмайды. Бірақ өте сезімтал. Басқалар көре қоймаған нәрсені тез байқайды.Олар сыртқы жағдайдан үрейленіп, сескеніп жүреді. Жұмыс шапшаңдығы бірқалыпты емес. Үнемі өзімен-өзі жүреді. Басқаруға ұмтылмайды. Жаңа жағдайда абыржиды, жаңа адамдармен қатынас орнатуға қиналады. Тез шаршайды, төмен, тыныш сөйлеп дағдыланған.Сөйлесіп отырған адамының мінезіне күшсіз бағынады, өзін қоршаған адамдарға жоғары талап қояды.
Меланхолик темпераменті – әлсіз тип. Күшті типтегі темпераменттер: сангвиник, флегматик, холерик. Түрлі темпераменттердің ішінен бұлардың қайсысы жақсы деп сұрақ қоюға болмайды. Кез-келгенінің ұнамды, ұнамсыз жақтары бар.
Темпераменттер | Жақсы жақтары | Жаман жақтары |
Холерик | Шапшаң,белсенді | Ұстамсыз,күйгелек |
Сангвиниг | Пысық,оңтайлы | Тұрақсыз,баяу |
Флегматик | Ұстамды,сабырлы | Сылбыр |
Меланхолик | Сезімтал | Тұйық |
Сонымен қатар орыс ғалымы И.П.Павлов жүйке жүйесі типтері өмір барысында өзгеріске түсетінін, бұлардың тума ерекшеліктермен қоса, қоғамдық тәрбиемен қалыптасатынын, жүйке жүйесінің типтерін арнайы жаттығулармен өзгертуге болатынын дәлелдеген.
Көктем ҚАРҚЫН
ЕҰУ
2-курс студенті