«Адал жол» марафоны бір ауданнан екінші ауданға өтуде. Эстафета ретінде Ақтау қаласынан бастау алған сыбайлас жемқорлыққа қарсы марафоны Түпқараған мен Маңғыстау аудандарында болып, Бейнеу ауданына өтті.
Маңғыстау ауданында өткен шара кезінде аудан әкімі Жармағамбет Айтуаров, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Аманқос Ертілеуов, Агенттіктің аумақтық департамент басшысы, Әдеп жөніндегі кеңес төрайымы Нұргүл Жанназарова сөз сөйлеп, іс-шараның маңыздылығына тоқталып өтті.
«Сыбайлас жемқорлыққа қарсы тұру біздің ортақ парызымыз болып табылады. Бұл ретте өткізіліп жатқан мағыналы шаралар аз емес, соның бірі – марафон. Сіз бен біздің ортақ міндетіміз халыққа, елге адал қызмет ету. Марафон Бейнеуге табысталды, ендігі кезекте Мұнайлы мен Қарақия аудандары және Жаңаөзен қаласы тұр. «Адал жол» кітабына өздеріңіздің ұсыныстарыңыз немесе тілектеріңізді қалдыра аласыздар. Мұның тәрбиелік мәні зор, әсіресе жастар үшін», – деді Нұргүл Жанназарова.
Айта кету керек, Маңғыстау ауданының орталығы Шетпеде өткен шараға мемлекеттік қызметшілер, үкіметтік емес және қоғамдық ұйымдар, аға буын, жастар мен студенттер белсенді қатысты. Сыбайлас жемқорлықтың алдын-алуға бағытталған марафон аясында түрлі шаралар енді Бейнеу ауданында өткізілмек, атап айтқанда спортық сайыстар, автошеру, дөңгелек үстелдер, конференция, пікірталас алаңдарын ұйымдастыру, лекция және т.б.
Бейнеу ауданы әкімінің орынбасары Үміт Әмірхановаға эстафета туын Маңғыстау ауданының әкімі Жармағанбет Айтуаров тапсырса, оның орынбасары Талғат Қылаңов өткізіліп жатқан іс-шаралар туралы мәліметтер мен тілектер жазылған кітапты салтанатты түрде табыс етті.
Шара аясында «Отпан» фальклорлық ансамблінің әншісі Дарын Қосай сазгер Есенбай Құлидың «Астана» әнін орындаса, «Ақтілеу» әжелер ансамблі Өмірбек Байділдаевтың сөзіне жазылған «Туған жер» әнін шырқады.
Сол күні аудандық әкімдік, мәслихат, коммуналдық мемлекеттік қазыналық кәсіпорындары, ардагерлер кеңесі бастаған ауыл ақсақалдарының басын қосқан волейболдан ашық турнир өтті. Спорттық сайысқа бес команда қатысты. Үш сағатқа созылған турнир қорытындысы бойынша аудан әкімдігінің бөлімдерінен құралған команда жеңімпаз деп танылса, екінші орынға арасында сексеннің сеңгіріне шыққан ақсақалдары бар ардагерлер командасы шықты, ал жүлделі үшін орын коммуналдық кәсіпорындар мен мектеп директорларын біріктірген командаға бұйырды.
Турнир жеңімпаздарына грамота, медаль, Кубок және естелік сыйлықтар табысталды.
Айта кету керек, сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнама мен мемлекеттік қызмет органдарының 20 жылдығы және Астана қаласының 20 жылдығына орай өтіп жатқан іс-шара Маңғыстау облыс әкімдігінің қолдауымен және ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Маңғыстау облысы бойынша департаментінің ұйымдастыруымен өтті.
ҚР Мемлекеттік қызмет істері және
сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл
агенттігінің Маңғыстау облысы бойынша
департаменттің баспасөз қызметі