Студент жастардың дебат қозғалысы: «Қоғамдағы мәселелерге сараптама жасай алатын азаматтардың қалыптасуына әсер ете аламыз»

Биыл – жастар жылы. Ал жастар жайлы не білеміз? Олар бос уақытын қалай өткізеді? Жастардың көбі – студент. Осы сұраққа жауап іздеп Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық Университетіне бас сұқтым. Мұнда «ENU Cup-ХІІІ» атты дебаттан республикалық сайыс өтіп жатыр екен.

«Жастардың бірі спортпен айналысса, енді бірі КВН-ге барады. Біздің таңдауымыз – дебат клубы. Кез-келген адам осында келіп пікірсайысқа қатыса алады. Бізде басшы, жетекші жоқ – бәріміз теңбіз. Тек ұйымдастырушылар, координаторлар бар. Олар да өзіміз қатарлы студенттер. Егер сыртқа шығып жатсақ, университеттің жастар департаменті жауапкершілікті өздеріне алады. Солармен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істейміз. ЕҰУ дебатшыларға қажетінше аудиториялар бөліп берген. Штаб-бөлмесі де бар»,-дейді ЕҰУ жейдесін киген Азамат Махамбет атты дебатшы жігіт.

Штаб – үлкен аудитория. Іші ығы-жығы толып жүрген студент жастар. Мені таңғалдырғаны – жастардың тәртіптілігі. Әшейінде жастар жинала қалса, құлын-тайдай тебісіп, улап-шулап кетеді ғойл мұнда мұғалімдері де, басшылары да жоқ студенттер бір-біріне құрметпен, силастықпен қарайтындай. Айғайлап сөйлеу, дарақы күлкі байқалмайды. Барлығы еркін, бірақ көзге көрінбейтін тәртіпке бағынатын тәрізді.

Осы шараны ұйымдастырушылардың бірі, төреші Жазира Өмірзақты сөзге тарттым.

-Жазира, дебатты жастардың ерекше бір субмәдениеті деп айтуға бола ма?

-Жастардың пікірсайыс қозғалысы деп айтуға болады. Бұл жаңа оқуға түскен студентке өзін дамытуы үшін таптырмас орта. Университет қабырғасында әншілер одағы, «Жас Отан» тәрізді әр-түрлі ұйымдар бар. Дәл сол сияқты дебаттық қозғалыс «Пікірсайыс клубтары» деп аталатын ұйым ретінде жұмыс жасайды.

-Бұл қозғалыс біздің елде қалай басталды?

-Алғашында, 2000 жылдары ораторлық клубтар кең тараған еді. Олар мән-мағынасы болмаса да тақырыпты әдемі айтуға тырысатын. Ортаға тасталған тақырып ашылмайтын. Кейін жетіле келе, дебаттық ұйымдар дами бастады. Дебат жайдан-жай екі жақтың ұрсысу емес. Мұнда адамдар өз ойларын жүйелі, түсінікті етіп жеткізуді үйренеді.

Оның екі форматы бар – Америкалық және Британдық. Қазір көбінесе Британдық форматта өтеді. Бір ойынға төрт команда қатысады – екі үкіметтік, екі оппозициялық фракция. Ортаға қойылған тақырыпқа байланысты олар өз позицияларына сәйкес пікірлерін айтып, проблеманы шешу жолдарын көрсетеді. Ал, тақырыпты турнирдің ұйымдастырушылары таңдайды.

-Дебатқа білімі мол, сөйлей алатын, лидерлік қасиеті бар адамдар ғана келе ме?

-Әр-түрлі деңгейде келеді. Көпшілік алдында сөйлеуден қатты қорқатындарға біз ішкі үрейді жеңуді, ақпараттарға анализ жасауды үйретеміз. Жаңалықтарды қалт жібермей қарап отырамыз. Сан-қилы проблемаларды шешу жолдарын ойластырамыз. Мысалы, «Армения мен Әзірбайжан арасындағы Таулы Қарабақ мәселесін неге өз араларында шеше алмайды, неге үлкен елдер оған араласады?» «Сириядағы Күрдтер мәселесі» тәрізді сұрақтарды зерттейміз. Бізде цензура жоқ, кез-келген тақырыпты талқылай береміз. Сайыс алдында сұраққа дайындалуға 15 минут уақыт беріледі. Сол кезде біз интернеттен ақпарат іздеп отырмаймыз, өз білгенімізді саралап, түйіндеп айтып береміз. Мәселеге еніп кетіп, қолымызға үлкен лозунг ұстап ешкімге қарсы шықпаймыз.

-Қоғамға, билікке әсер ете аласыздар ма?

-Кейде бізге демеуші ретінде үкіметтен адамдар келген кезде, үздік деген идеяларымызды топтап, жинап қоямыз. Олар жазып алып кетеді немесе практикалық идеялар бойынша баяндама жасаймыз. Мысалы, Қызылордада қылмысқа қарсы күрес жөнінде айтылған идея болған еді, оны полиция қызметкері жазып алды. Кейіннен біз айтқандай, вандализм ошақтарына камералар орнатты. Қоғамға тікелей әсер етпесек те, қоғамдағы мәселелерге сараптама жасай алатын азаматтардың қалыптасуына әсер ете аламыз.

-Сіздер дебат бойынша көптеген елдерге, қалаларға барасыздар. Кім қаржыландырады?

-Назарбаев Университет тәрізді оқу ордалары шет елге баратындарды қаржыландырып жатады, ал ел ішінде көбінесе өз қаражатымызға барамыз. Дебаттың арқасында 7-8 қалаға бардым. Студенттердің әрлі-берлі жүруі ішкі туризмге оң әсер етеді деп ойлаймын. Республика бойынша дебатпен айналысатын студенттер өте көп. Бірақ, өкініштісі бізде көрермен аз. Спорт, мәдениет, КВН тәрізді жеңіл, көңіл көтеруге арналған ұйымдардың көрермендері көп, қаржыландырылуы да жақсы. Бізге ондай ерекше көңіл бөлінбейді. Дебатқа арналған қаржы бізге, шынайы дебатшыларға дейін жете бермейді.

-Әлемдік деңгейде де сайысқа түсесіздер ме?

(Азамат «Назарбаев Университетте» оқитын Әсел мен Дана есімді екі студент қызды әңгімеге араласуын сұрады)

Әсел мен Дана: «Еуропада өткен халықаралық турнирге төреші ретінде қатысып келдік. Бізде бір қуанышты жаңалық бар: 2020 жылы Astana EUDC 2020 деп аталатын дебаттан үлкен Еуропа чемпионатын Нұр-Сұлтан қаласында өткізу құқығын жеңіп алдық! Бұл құқық Олимпиада немесе ЭКСПО өткізу тәрізді таңдаулыларға ғана беріледі».

Нұржан Жеңісұлы

Қырғызстандық дебатшылар жайлы оқыңыз:

Дебатное движение в Кыргызстане: «Нужно выходить за рамки своих возможностей и стереотипов, и думать намного шире»

INFOTIMES

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *