Жасыл елге үлес

2005 жылдан бастап  республика бойынша жүзеге асырылып келе жатқан «Жасыл ел»  бағдарламасы биыл он төртінші рет өз жұмысын сәтімен аяқтады. Бағдарламаға үш ай көлемінде  18 мыңнан астам жастар жұмылдырылған.  Жазғы демалысты тиімді өткізумен қатар жұмыспен қамтылып, туған жерін көгалдандыру, экология мәселелерін шешу әрбір қазақстандық жас буын үшін абыройлы іс. Бағдарламаны іске асыруға жоғары оқу орындарының және кәсіптік білім беру ұйымдарының студенттері тартылған.

Нұрбол Ахметнаби, студент:

  • Жазда тек демалып қана қоймай, жұмыс істеу жоспарымда бар еді. Осылайша, ауылымызда студент жастардың «Жасыл ел» бағдарламасы бойынша жұмыс істеп жүргенін естіп, керекті құжаттарымды жинай бастадым. Ол үшін зейнетақы қорынан жеке шот аштырдым, аудандық жастар орталығына өтініш жазып, студенттік куәлігім мен жеке куәлігімнің көшірмесін өткіздім. Тамыз айындағы ауысымда жұмыс істедім. Жұмыс уақыты таңғы 8-де басталып, кешкі 5-те аяқталады. Түскі үзіліс 12 мен 2-нің арасы. Осы аралықта үйге барып, асықпай тамақтанып келуге де болады. Өз туған жеріңде, туып өскен ауылыңның гүлденуі үшін еңбек еткенге не жетсін. Жұмыста ауыр емес. Бұл мен үшін үлкен тәжірибе алаңы болды.

Мақпал Әленова, студент:

  • «Жасыл ел» жастар жасағының мүшесі атану мен үшін мақтаныш. Менің алғашқы еңбек жолым да осы Жасыл елмен басталып жатыр. Адал еңбегіммен тапқан ақшама жаңа оқу жылына киім-кешек алсам ба деп жоспарладым. Ескерткіштердегі гүлдерді суару, ауылды көгалдандыру, орталық стадионды сырлау сияқты жеңіл жұмыстар атқарамыз. Үлкен кісілер жастардың осындай игі ісіне дән риза. Көп жағдайда қасымызға келіп ізгі ниеттерін айтып жатады.

«Жасыл ел» жастар жасағында 16-29 жас аралығындағы студент жастар жұмыс істейді.. Жұмыс беруші тарапынан төленетін жалақы 28284 теңге. Ал қосымша үстемақы ретінде штабтан «Жасыл ел» бағдарламасы бойынша 35 мың теңге төленеді.  Бұл соманың 5 мың теңгесі зейнетақы қорында жинақталады. Сонда  бір айда толық алатын жалақы 50-60 мың көлемінде

Көктем ҚАРҚЫН

INFOTIMES

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *