АҚШ елшілігі студенттер арасында дебат өткізді

Еліміздің барлық өңірін қамтыған пікірсайыс мамыр айының 25 күні Астанада өз мәресіне жетті.

Дебат – жастардың сүйікті сайыстарының бірі. Көптеген білім ордасында пікірсайыс клубтары жұмыс істейді, осы бағытта әр түрлі іс-шаралар ұйымдастырылып жатады. Дегенмен Назарбаев Университетінің төрін үш күн дүбүрлеткен бұл сайыс толығымен ағылшын тілінде өтуімен ерекшеленді. Көпшілік алдында сөз сөйлеу адам жүйкесіне жүк түсіретіні бар, ал мінберге шығып шет тілінде тұшымды ой айту қиынның қиыны.

Биылғы оқу жылында Fulbright бағдарламасының English Teaching Assistant  және English Language Fellow аясында АҚШ елінен Қазақстанға арнайы келген 22 оқытушы 19 университетке барып, студенттердің ағылшын тілін жетік меңгеруіне үлес қосты. Нәтижесінде әр оқытушы өз шәкірттері арасынан дебат командасын жасақтап, Астанада сайысқа қатысуға баптап әкелді.

Айдос Жұмабеков, Елизавета Гришенкова және Балжан Коленова америкалық оқытушысы Спенсердің жетекшілігімен Семей медицина университетінің намысын қорғауға келген.

«Жарыс керемет өтіп жатыр. Жан-жақтан келген әріптестерімнің ағылшынша пікірталастыру деңгейі өте жоғары», – деп әсерімен бөлісті семейлік дебатшы Айдос.

Түркістандық Мадина Ибрагимова мен Аружан Қадырованы дебатқа қатысуға шетелдік оқытушысы шақырған.

«Бізге ағылшын тілін жетілдіріп, осындай үлкен алаңда өзімізді көрсетуге мүмкіндік берілгеніне және басқа да адамдармен танысып, тәжірибе алғанымыз үшін АҚШ елшілігіне, оқытушымыз Нэнсиге көп алғысымызды айтқымыз келеді», – дейді Ахмет Ясауи университетінің студенттері.

Дебатшылардың пікірінше, сайыстың бұл түрі адамды өмірде кездесетін әр түрлі жағдайда тез ойланып, жылдам шешім қабылдауға және жаңа ортаға бейімделіп кетуіне дағдыландырады.

Ширек финалға Семей, Ақтөбе, Қарағанды және Түркістан қаласының өкілдері суырылып шыққан еді. Ал финалда Ахмет Ясауи университеті мен Семей медицина университеті дебатшылары кездесті. Тартысты өткен бәсекеде түркістандық сайыскерлер 9:8 есебімен сәл басымдық танытып, жеңімпаз атанды.

АҚШ Елшісі Дэниел Розенблюм дебатқа төрешілік етіп, жеңімпаздарды марапаттады. Елшінің сөзінше, бұл сайыс келешекте жалғасын таба бермек.

«Бұл достар арасындағы бәсекелестік болғанымен, сайыс барысында дебатшылар түрлі мәселелерді талқылап, дәлелдер келтіріп, бір-бірімен дауласады. Біреуі жақтайды, екіншісі қарсы шығады. Әрине, басты мақсат – ағылшын тілін меңгеру дағдыларын жақсартуға көмектесу. Сайыскерлер өз ойларын ағылшын тілінде ортаға салып, тұжырымдайды. Бұл менің ең жақсы көретін жобаларымның бірі дер едім. Өйткені осындай іс-шаралар адамдарды бір-біріне жақындата түседі. Бұл сайыс бұдан былай жыл сайын өткізіліп тұратын болады. Келесі жылы қыркүйекте жаңа оқытушылар келеді. Дегенмен биыл жұмыс істеген бірнеше оқытушы келісім-шартын созып, тағы бір жылға қалуға ниет білдіріп отыр», – дейді Дэниел Розенблюм.

Нұржан Көшкін

INFOTIMES

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *