Ел футболы еңсесін көтере ме?

Халық арасында «асық ойнаған азар, доп ойнаған тозар» деген көнеден келе жатқан сөз тіркесі бар. Дегенмен, ойланып қарасақ бұл тіркестің қазіргі заманға қатысы жоқ сияқты. Керісінше, бүгінгі күні «доп қуғандардың» асығы алшысынан түсуде десем қателескенім емес. Сандар мен фактілер менің сөзімді дәлелдеп тұрғандай.

Ұлттық құрамалар деңгейіндегі футбол. Қазіргі кезде FIFA-ның әлемдік рейтингіне 211 мемлекет кіреді. Бұл дегеніміз осыншама елде футбол дамып жатыр дегенді білдіреді. Әрине, Бразилия, Аргентина, Португалия сияқты барлық елде Неймар, Месси, Роналдулар болмаса да бүкіл әлем футбол ойынын дамытуға өзінше күш салып жатыр. Айта кететін жағдай, рейтингтің алғашқы орындарында Еуропа мен Оңтүстік Америка мемлекеттерінің үлесі басым. Қазақсан құрамасы бұл рейтигте 115-орында. Бұл көңіл көншітетін нәтиже емес. Десе де, соңғы кездері құрамамыздың ойыны көңілден шығып жүр. Келесі маусымнан бастап біздің футболшылар УЕФА Ұлттар Лигасының В дивизионында өнер қөрсетеді. Сонымен қатар, ел құрамасында алғаш рет 2024 жылы Германияда өтетін Еуропа чемпионатына шығатын мүмкіндік бар.

Клубтық деңгейдегі футбол. Клубтық футбол тек қана спорт емес, үлкен бизнеске айналғалы қашан. Жанкүйерлер тарту үшін әртүрлі маркетингтік амалдарға баратын клубтар, жыл сайын команда ауыстыратын футболшылар, миллиондаған ақшалар бүгінгі клубтық футболдың айнымас бір бөлшегіне айналғандай. 97 400 000 000₸ бұл әлем футболының жарық жұлдызы Криштиану Роналдудың Сауд Арабиялық «Әл-наср» клубынан алатын бір жылдық жалақысы. Біздің «асық ойнаған азар, доп ойнаған тозар» деген мақалымызды Роналду естісе еріксіз күлетін шығар… Ең көп жалақы алатын қазақстандық ойыншылар арасында Бахтиер Зайнутдинов көш бастап тұр. ЦСКА-ның ойыншысы жылына шамамен 487 000 000₸ табыс табады.

Енді қазақстандық клубтар туралы сөз қозғасақ. Біздің елдегі клубтық футболдың жайы керемет деп айта алмаймыз. Бұған себеп те жоқ емес.

Біріншіден, Қазақстан кәсіпқой футбол лигасын Рохус Шох есімді Ресей азаматы басқарады. Енді ойлаңыз, біздің елдің футболының дамуы Ресей азаматын алаңдатады деу ақылға қона ма?! Әрине жоқ.

Екіншіден, біздің клубтардың барлығы дерлік мемлекет тарапынан қаржыландырылады. Сәйкесінше, жыл сайын еліміздің миллиардтаған қаржысы футболға кетеді. Ал Германия, Испания, Англия сияқты Еуропалық елдерде футбол клубтары жеке кәсіпкерлердің қолында. Сол кәсіпкерлер футбол клубын басқаруына мүмкіндік бергені үшін жыл сайын мемлекетке салық төлеп отырады. Ол қаржыға мемлекет мектеп, аурухана, балабақша салып, ғылым мен білімге инвестиция құяды. Еуропаның қарыштап дамуының бір себебі осы деуге толық негіз бар.

Үшіншіден, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың 2021 жылғы жарлығына сәйкес, футбол клубтарына бөлінетін бір жылдық қаржы 1,2 млрд. теңгеден аспауы тиіс. Бұрындары «Астана», «Ордабасы» сияқты клубтарға 5-6 млрд. қаржы бөлінетін. Қаржының азаюы сапасыз легионерлердің келуіне себеп болды. Жасы 30-дан асқан, Еуропада ешкімге керек болмай қалған ойыншылар біздің чемпионатқа келіп, жоғары жалақымен жақсы келісімшартқа отырып жатады. Ал өзіміздің отандық жас ойыншылар амалсыз аздаған жалақыға келісуге мәжбүр болады.

Одан бөлек те сапасыз стадиондар, сауатсыз менеджмент, ақсап тұрған академия сияқты ел клубтарының қордаланған мәселелері жетіп жатыр.

Байділдә Жангелді

INFOTIMES

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *