Терінің қартаюы – әлі ешкім тоқтата алмаған табиғи процесс. Сіздің геніңіз қандай болып жаратылса да, қоршаған ортадағы түрлі құбылыстар: мәселен, ауа-райы, күн сәулесі, экологияның ластануы, күйзеліс, уайым, түрлі аурулар және жағымсыз әдеттер теріге әсер етпей қоймасы анық.
Терінің қартаю процесі жастың ұлғаюымен байланысты немесе одан да ерте басталуы мүмкін. Дегенмен, бұл процессті тоқтатуға және пайда болған белгілерді азайтуға көмектесетін көптеген әдіс- тәсілдер бар. Ендеше, сіздерге терінің ерте қартаюымен күресуде таптырмас құрал болатын, 9 хош иісті майларды ұсынамын.
- Шалфей майы
Шалфей майы – бетке мимика арқылы түсетін ұсақ әжімдерді жоюға көмектеседі. Майды бетке арналған ылғалдандыратын кремдермен бірге қолдансаңыз да болады. Шалфейдің антисептикалық және бактерияға қарсы қасиеттері бар, тері тесіктерін тарылтып, бетіңізді серпімді етеді.
- Герань майы
Герань майын кез келген теріге қолдануға болады. Ол қанның микроциркуляциясын және тері серпімділігін арттыруға, ылғалды сақтауға көмектеседі. Өзіңіздің күнделікті қолданатын ылғалдандырғыш креміңізге майдан бірнеше тамшы қосып, ұйықтар алдында жақсаңыз, нәтижесі жақсы болмақ.
- Жүзім тұқымының майы
Жүзім тұқымының майы антиоксидантты қасиетке ие. Терінің зақымдануына себеп болатын еркін радикалдармен күресуге көмектеседі. Май бет терісінің солуына қарсы көмек беретін Е витаминіне бай.
- Өрік майы
Өрік майы – тері майының орнын толтырып, теріні сыртқы ортаның әсерінен қорғайды. Өрік майы сұйық әрі иіссіз, бет терісінде майлы, жылтыр дақтар қалдырмайды. Майды бетке арналған ылғалдандырушы және құнарландырушы кремдерге араластырып қолдануға болады. Көз айналасына арналған құралдарға да өрік майын араластырса, нәтижесі тиімдірек болмақ.
- Авакадо майы
Авакадо майы ұсақ әжімдердің тартылуына ықпалын тигізіп қана қоймай, теріні ылғалдандырады, жұмсартады және қоректік заттармен қанықтырады. Май теріге терең еніп, эластин мен коллаген өнуін ынталандырады, бұл өз кезегінде оның икемділігі мен серпімділігіне жағымды әсер етеді. Терінің ерте қартаюын, әжімдердің және пигментті дақтардың қалыптасуын тоқтатады, теріге балғындық әсерін береді.
- Базилик майы
Әдетте бет терісі түрлі косметикалық жақпалардан бөртіп, аллергиялық реакцияға ұшырайды. Базилик майы – теріні тыныштандырып, бет пен мойын бұлшық еттерінің босаңсып демалуына көмектеседі.
- Грейпфрут майы
Грейпфрут майы – жасушалардың қалпына келуін қамтамасыз етеді. Теріні сергітіп, майдың мөлшерден тыс, көп бөлінуімен күреседі, сол себепті оны майлы теріге қолдануға кеңес беремін.
- Жожоба майы
Жожоба майы – теріні жақсы ылғалдандырып, құрғағаннан сақтайды. Қатты құрғап кеткен, қабыршақтанған теріні емдей алады. Майды күнделікті ұйықтар алдында бетіңізге жұқалап жақсаңыз, ұйқыдан тұрған соң теріңіздегі өзгерісті бірден байқайсыз.
- Какао майы
Какао майын шаршаған кезде қолдануға болады. Оның жұмсарту мен тыныштандыру қасиеті құрғаған теріні ылғалдандырып, нәрлендіріп, иісі бойыңызды сергітеді.
Аружан Әлкен