Адамзат баласының ғұмыры қысқа болғанымен, артында өнегелі іс қалдырып, белгілі бір саланы мықты меңгеріп, өзі өмірден өтсе де, еңбегі мен қызметі, айналасындағы адамдарға жасаған жақсылықтары мен жанына жақын тарта білетін жылылығы естен кетпейтін адамдар бар. Сондай келбетімен өмірде есте қалатын тұлғаның бірі профессор, тарих ғылымдарының докторы Қырықбай Аллаберген.
Тарих ғылымының табалдырығын аттап, сол салада еңбек еткен ғалымдар аз емес. Бірақ солардың арасында есімімен ерекшеленіп, болмысымен бөлініп, жайдары, жаймашуақ мінезімен менмұндалап, тұлғалық қасиетімен таудай болып көрінетін бірден-бір ғалым осы Қырықбай Аллаберген болатын.
25 қараша күні Еуразия Ұлттық университетінің Журналистика және саясаттану факультетінде ғалымды еске алу кеші өтті. Қырықбай Мазанұлы талай жыл журналистика саласында еңбек етіп, саналы ғұмырын шәкірт тәрбиелеуге арнады. Шәкірттері ұстазымен өткен әр кездерін шаттана еске алады.
«Кей сәттерде ағайдың сабағынан қашып құтылғымыз келетін еді, талабы өте жоғары әрі қатал кісі болатын», «иә, ағайдың талай жақсылығын көрдік, бәрімізге баласындай қарайтын. Ол лекция оқығанда сүйсіне тыңдап, сабақ сұрағанда қорқушы едік», – деп сөзді іліп әкете берді шәкірттері.
«Университеттің соңғы курсында оқып жүрген кезіміз. «Енді журналистика пәндерінен профессор Қырықбай ағай дәріс оқиды, сабақтан қалмауға тырыс. Ол кісінің талабы қатал», – деп хабарласты бір күні тобымыздың жетекшісі. Облыстық басылымға жұмысқа қабылданып, айдарымыздан жел есіп жүрген студенттің біріміз ғой. Соны малданып сабақтан қашқақтап жүретініміз рас еді. Сондықтан бұл жаңалық маған ерекше көрінді. Ертеңгісін оқу орнына құстай ұшып жеттік», – деп Мұрат Қапанұлы өзінің естеліктерінде жазды.
Белгілі ғалым, ұлағатты ұстаз, академик Қырықбай Аллаберген кішіге үлгі, шәкіртке ұстаз, қиналғанға қамқоршы, ізденушіге ізгілігін таныта білген ардақты азамат еді. Шәкірт оқытып, оны адам ету – қиынның қиыны. Ал ағай жасаған жақсылық, берген білім әрбір студенттің жадында, жүрегінде. Қазіргі таңда арамызда болмаса да, аты өшпес тұлға. Оның ғылым жолындағы төккен тері мен атқарған ерен еңбегі, ізденісте болған тарихшы ғалымдар мен шәкірттеріне шашқан шуағы ешқашан ұмытылмайды.
Кидирбай Зылиха
Акимбекова Диляра