Профессор Ә.Нәжіптің түркі тілдеріндегі XI-XV ғасырлар аралығында жазылған тарихи сөздіктер мен әдеби жәдігерліктерді салыстырма материалдар ретінде қатыстыра отырып жазылған іргелі түркітанымдық зерттеулері ерекше мол. Ғалым арғы бастауы XI ғасырдағы қарлұқ-ұйғыр әдеби тілі дәстүріне барып тірелетін д-ҙ-з-тобына кіретін бір әдеби дәстүрде – оғыз-қыпшақ әдеби дәстүрінде, бір жерде жазылған тарихи жәдігерліктер қатарында Құтбтың «Хұсрау уа Шырын» дастанын, «Ортаазиялық тәпсір» еңбегін және Махмұт бин Али ас-Сараи Кердеридің «Нахдж ал-Фарадис» еңбегін атайды.
«Хұсрау-Шырын» поэмасының тілін шын мәніндегі толыққанды салыстырмалы-тарихи деңгейде, тарихи лексикографиялық зерттеу жолымен кешенді түрде қарастырған ғалым – Әмір Нәжіптің өзі болды. Профессор Ә.Нәжіптің Мәскеуде 1979 жылы жарық көрген «XIV ғасырдағы түркі тілдерінің тарихи-салыстырмалы сөздігі» деп аталатын еңбегі кеңес одағындағы түркітану ғылымының өскен өресін, жеткен жетістігін паш ететін ғылыми туынды. Жалпы алғанда әрбір ғылыми туындының, әсіресе, соның ішінде тарихи лексикографиялық туындының сапасы оны түзуші ғалымның ежелгі тарихты меңгеру деңгейіне, ескі, көне тілдерді салыстырмалы-тарихи зерде тұрғысынан білу деңгейіне, ескі жазбаларды қаншалықты біліктілікпен оқи алу деңгейіне тікелей байланысты болады. Профессор Ә.Нәжіптің иран тілдері мен түркі тілдерін терең, жан-жақты меңгеруі, сондай-ақ, ғалымның ғылыми-практикалық тәжірибесінің молдығы, өзінің аса мол, ұлан байтақ шығыс қолжазбаларының ортасында болуы, сол қолжазбалармен күнделікті, өмір бойы жұмыс жасауы оның өз саласында ерекше білгір, аса мол тәжірибелі, өте кең эрудициялы, теңдесі жоқ түркітанушы болуына жол ашты. Сол себепті де, ғалымның жазған әрбір ғылыми туындысы, жасаған әрбір сөздігі өзінің тарихи-салыстырмалы зерттеу ретіндегі тереңдігімен, жан-жақтылығымен ерекшеленеді. Ол кісінің ерте орта ғасырдан бастау алатын мың жылдық тарихи-тілдік жәдігерліктер бойынша жинақталған осыншама мол білімі мен білігі, бай тәжірибесі әрбір жазған ғылыми туындысынан айқын білінеді.
Ғалымның ерекше құнды тарихи лексикографиялық еңбектерін талдау кезінде, біріншіден, үлкен ғалымның, өз саласының, өз ісінің кәсіби маманының қаламынан шыққан бұл тәрізді лексикографиялық еңбектердің – тарихи-салыстырмалы сөздіктердің түркі тілдерінің тарихымен айналысатын ғалымдардың әрқилы ізденістері үшін таптырмайтын, ешқашан ескірмейтін ғылыми зерттеу туындысы болып табылады. Екіншіден, сөз болып отырған еңбектің түркітаным саласында зерттеу жасайтын болашақ өскелең ұрпақ, жас зерттеушілер үшін аса маңызды ғылыми дереккөз болып қала беретіндігін айтқымыз келеді. Мақала АР14869737 «Алтын орда дәуірі жазба ескерткіштері тілін лексикографиялаудың теориясы мен практикасы» атты гранттық жоба аясында әзірленді.
Мырзаберген Малбақұлы,
А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі
институтының бас ғылыми қызметкері