Мемлекеттік тілді білу – әр азаматтың парызы

XX  ғасырдың ұлы жемісі – Қазақ халқы үшін Егемендіктің көк туы желбіреуі мен қазақ тілінің мемлекеттік тіл статусына ие болуы. Ата бабамыз көксеген ұлы тәуелсіздікке қол жеткіздік. Ендігі мақсат ұлттық рухты көтеру. Ұлттық мінез, ұлттық намыс, ана тілі жоқ жерде ұлт та жоқ.

Мәңгілік тіліміздің мәртебесін арттыру жолында Түркістан облысы Мақтаарал  ауданының мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің «Тілдерді оқыту және дамыту орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі тарыдай болса да өз үлесін қосуға талпынып, еңбектеніп жүрген жайы бар. Киелі  Мақтаарал  жерінде 30-дан астам ұлт пен ұлыс, 135 000-ға жуық халық ынтымақ пен  бірлікте еңбектеніп, тату-тәтті өмір сүріп келеді.

Халықтар арасындағы достық пен ынтымақты нығайту, мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейтіп, оның мәртебесін көтеру, латыннегізді қазақ әліпбиін,   қазақ халқының салт-дәстүрін насихаттау мақсатында түрлі іс-шаралар өткізілді.

Атап айтсақ, Ыбырай Алтынсариннің 180 жылдығына орай «Даланың дара  ұстазы – Ы.Алтынсарин» атты семинар, өзге этнос өкілдерінің қатысуымен «Мемлекеттік тіл – тәуелсіздік символы» атты байқау, «Тіл – достықтың  алтын көпірі» атты диктант жазу байқауы, көркемсөз  оқу  шеберлерінің байқауы, Қазақстан халқы тілдері  күні  мерекесіне  орай  «Рухани  жаңғыру – мәңгілік  тіл» атты тіл апталығы ұйымдастырылып, осындай шаралармен мыңнан аса адам қамтылды.

Тіл оқыту жұмысы да жүйелі негізде жүргізіліп келеді. 2021 жылы орталықта  қазақ тілі  курсын жалпы 200-ге жуық адам оқып, сертификаттар алды. Оның  ішінде 19 өзбек, 4 армян, 4 кәріс, 4 орыс, 2 түрік, 1 тәжік  ұлтының  өкілдері бар.

Сондай-ақ «Іскери қазақ тілі» тобында жалпы 14 тыңдаушы оқыса, оның 4-і мемлекеттік қызметкер.

2022 жылдың 1 жартыжылдығында 120 тыңдаушы орталықта ҚАЗТЕСТ  жүйесі бойынша өз білімдерін жетілдіруде. Оның  ішінде, 40 тыңдаушы орыс тілді әскери қызметкерлер, 4 – мемлекеттік қызметкер, қалғаны бюджеттік сала  қызметкерлері. Қазақ тілін мемлекеттік тіл ретінде оқып үйренгісі келетін орыс тілді қандастарымыздың және өзге ұлт өкілдерінің саны артып келе жатқаны көңіл қуантады.

Тіл халықпен  бірге  өмір сүріп, дамиды, әр ұлттың тілі оның бақыты мен тірегі. Ұлттың  ұлы  ұстазы, алаш қайраткері Ахмет Байтұрсынұлы айтқандай «Ұлттың ұлт болып сақталуына да, оның жоғалуына да себеп болатын нәрсенің  ең  қуаттысы – тілі».

Орталықта 2022 жылы Ахмет Байтұрсынұлының 150  жылдығына  орай семинар, байқау, танымдық сағаттар өткізіледі. Соның бірі, ақпан айында өзге ұлт  жастарының  қатысуымен  өткен «Тілге құрмет – елге құрмет» байқауы. Аталған байқауға ауданымыздағы 18-29 жас аралығындағы жастар қатысты. Өзін-өзі таныстыру, белгілі қазақ ақындарының Отан, Тәуелсіздік, туған жер, ана тілі туралы өлеңдерінен үзінді оқу, сұраққа жауап беру бойынша сайысқан байқау  қатысушыларының қазақ тілінде сайрап тұрғандарына риза болдық. Дегенмен, сайыстың аты сайыс,  «Үлгілі» мектебінен келген  биология пәнінің мұғалімі, өзбек  ұлтының  өкілі Алтынбеков Нұрсұлтан деген азамат оза шауып, аталған байқаудың  облыстық кезеңіне жолдама алды.

Туған жерінің мемлекеттік тілін құрметтеп, оны білуге талпынған осындай саналы жастарымыздың қатары көбейе берсін деген ниеттеміз. Мемлекеттік тілді білу  әр қазақстандық үшін  азаматтың парыз.

Тастанбекова Тановар

Түркістан облысы, Мақтаарал аудандық

«Тілдерді оқыту және дамыту орталығы» КММ басшысы

INFOTIMES

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *