ҚР Білім және ғылым министрлігі Тіл саясаты комитеті Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының ұйымдастыруымен облыстардағы тілдерді оқыту орталықтарының тіл үйретудегі шетелдік және отандық инновациялық технологияларға негізделген жүйесі бойынша тіл оқытуда әзірлеген әдістемелік өнімдерін насихаттау мақсатында «Мемлекеттік тілді үйретудегі заманауи әдістемелік өнімдер» тақырыбында республикалық онлайн семинар өткізді.
Семинарда облыстардағы тілдерді оқыту орталықтарының оқу-әдістемелік ресурстарымен (оқу бағдарламалары, оқу құралдары, оқу әдістемесі, инновациялық өнім, оның ішінде цифрлық оқыту бойынша) таныстыру арқылы өзара тәжірибе алмасу, оқытуды біріздендіру жолдарын қарастыру, орталықтың оқытушы-әдіскерлерінің шығармашылық ізденістерін ортаға салу және мемлекеттік тілді оқыту бойынша озық идеялар ұсыну және ІТ саласының динамикалық өзгерісіне ілесе алатын педагогтің ақпараттық-коммуникациялық құзыреттіліктерін қалыптастыру мәселесі қозғалды.
Семинарға ҚР Білім және ғылым министрлігінің Тіл саясаты комитетінің Әдістемелік қамтамасыз ету басқармасының басшысы Айнагүл Көкенова қатысты.
Семинарды Қарағанды облыстық тілдерді оқыту орталығы бастады. Әсіресе, QR-код заманауи диктанттар мен мазмұндамалар жинағы көшіліктің көңілін аударды. Жинақта (бақылау, сөздік, суретті, түсіндірмелі, көру т,б) түрлерімен қатар заманауи диктант түрлері (бейне диктант, графикалық, шығармашылық, сүйену, жүгіру, ысқыру т.б) мен мазмұндамалар жинағы таратпа материалдарымен, дыбысталуымен берілген.
Сонымен қатар тіл үйренушілерге арналған кеспе карточкаларының ерекшелігі – тақырыптық, жағдаяттық сөздіктер, дайын сөз орамдары сурет түрінде QR-код арқылы онлайн базасында және YouTube каналында орналастырылған.
Қарағанды облысының тілдерді оқыту орталығының YouTube каналында қазақ тілін үйренуге арналған 24 сағаттық сабақ, ағылшын тілін қазақ тілінде үйренуге арналған сабақтар топтамасы, 34 сериялы қысқаметражды жағдаяттық бейнероликтер екі тілде субтитрымен, лексикалық минимум мен дайын сөз орамдарын бекітуге арналған подкасттар әзірленген.
Барлық өңірдегі тіл үйрету орталықтары талапқа сай жүйелі жұмыс жүргізіп жатқанын көрсетті.
Шараны Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының бас директорының орынбасары Лиза Есбосынова қорытындылады.