ҚАЗАҚ ТІЛІН ҮЙРЕТУДІҢ АВТОРЛЫҚ ӘДІСТЕМЕСІ

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Тіл саясаты комитеті Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы 2021 жылдың 2 маусымында «Қазақ тілін үйретудің авторлық әдістемесі» тақырыбы аясында онлайн режімде семинар ұйымдастырады.

Іс-шараның мақсаты – тілді үйрету әдістемесі бойынша тәжірибе жинақтау мақсатында  оқытушылар мен әдіскерлерге авторлық әдістемелерді әзірлеу және қалыптастыру жайлы білім беру,  үздік әдістемелік идеяларды ортаға салу,   әдістемені жетілдіру.

Семинарда  жаңашыл педагогтардың  нәтижеге бағытталған жеке авторлық әдістемелері және үздік әдіс-тәсілдері республикалық тілдерді оқыту орталықтары мен білім беру саласының тіл мамандарына таныстырылады.   Сондай-ақ осы семинар аясында авторлық әдістемелерді қалыптастыру жолдары, олардың ерекшелігі, тиімділігі, тәжірибеге енгізу механизмдері жайлы пікірлер ортаға салынады.

Онлайн іс-шарада  Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының бас ғылыми қызметкері,   педагогика ғылымдарының докторы, профессор Жауынбай Амантұрлыұлы Қараев,  «Білім беру технопаркі» ғылыми енгізу орталығының директоры, «Биоақпарат және синергетика» педагогикалық технологиясының авторы,    педагогика ғылымдарының кандидаты, профессор Федор Яковлевич Вассерман, қазақ тілі пәнінің оқытушысы  Гүлмира Амандықова Әбілмәжінқызы және лингвист Николай Замяткиннің шәкірті, матрицалық әдістің продюсері Ярослава Вадимовна  Науменко   авторлық әдістемелері және оқытудың тиімді әдіс-тәсілдерімен бөліседі.

Семинарға республикалық Тілдерді дамыту басқармасының мамандары, облыстық, қалалық, аудандық тілдерді оқыту орталықтарының   директорлары, оқытушылары мен әдіскерлері   қатысады.

Онлайн іс-шара Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының фейсбук, инстаграм желісіндегі  парақшаларында  көрсетіледі.

Іс-шараның соңында семинардың өтуіне белсенді атсалысқан баяндамашылар алғысхаттармен марапатталады және қатысушыларына сертификаттар табысталады. Семинар баяндамалары жинақ түрінде жарыққа шығарылады.

INFOTIMES

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *