«Біріккен Ұлт жеңеді!» атты II халықаралық байқауының ең үздіктері жарияланды

Наурызда жарияланған «Біріккен Ұлт жеңеді!» атты II халықаралық бейне материалдар байқауының қорытындысы бүгін жарияланды. Байқауды ұйымдастыру Комиссиясы 60-тан аса жұмыстың ішінен ең үздіктерін таңдап, жеңімпаздарды анықтады.

Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университеті Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 30 жыл толуына және Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің 25 жылдығына орай ұйымдастырылған «Біріккен Ұлт жеңеді!» атты халықаралық бейне материалдар байқауы биыл 2-ші мәрте өткізілді.

Байқаудың мақсаты – халықаралық деңгейде Қазақ Елінің жаңа дәуірдегі жетістіктерін насихаттау, жастардың болашаққа деген сенімдері мен көзқарастарын көрсету, достық, отансүйгіштік сезімдерін күшейту болды.

Байқауға шетелдік жоғары оқу орындарының білім алушылары, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің және еліміздің басқа да жоғары оқу орындарының студенттері мен магистранттары қатысты. АҚШ, Түркия, Қырғызстан, Өзбекстан, Ресейдің оқу орындарынан көптеген жұмыстар келіп түскен.

Байқаудың жеңімпаздарын марапаттау рәсімін Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық Университетінің халықаралық байланыстар жөніндегі проректоры Жолдасбекова Ақбота Ниязқызы құттықтау сөзбен ашты. Университет проректоры халықаралық байқау Қазақ Елінің тәуелсіздік жылдарындағы жетістіктерін халықаралық деңгейде насихаттауды, жастардың болашаққа сенімі мен отансүйгіштік сезімдерін күшейтуді мақсат еткенін айтты.

Осындай жоғары дәрежеде ұйымдастырылып өткізілген байқаулар университеттің халықаралық беделін өсіріп, ғылыми байланыстарын кеңейтетініне сенім білдірді. Қазақстан тәуелсіздігінің 30 жылдығы мен Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ-дің 25 жылдық мерейтойлар 2-ші рет өткізіліп отырған халықаралық байқаудың идеологиялық мазмұнын байытқанын жеткізді. ЕҰУ Проректоры Ақбота Жолдасбекова халықаралық байқауға қатысушыларға, байқау жеңімпаздарына, ұйымдастырушыларға мол табыстар, шығармашылық шабыттарының шарықтай беруін тіледі.

Ресми рәсімде халықаралық байқауды ұйымдастыру Комиссиясы төрағасының орынбасары, Журналистика және саясаттану факультетінің деканы Қ.Ө.Сақ, деканның орынбасары Г.Ж.Болатова, Телерадио және қоғаммен байланыс кафедрасының меңгерушісі С.М.Дүйсенғазы және байқау идеясының авторы және жетекшісі филология ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор Ұ.М.Есенбекова сөз сөйлеп, байқаудың идеясы, концепциясы мен байқауға келіп түскен жұмыстардың мазмұны мен кәсіби деңгейі туралы баяндады.

Байқау идеясының авторы профессор Ұлбосын Есенбекова байқауға қатысушы студенттер мен магистранттардың жасампаз энергиясы, шығармашылық қуаты «Біріккен Ұлт жеңеді!» халықаралық байқауында барынша көрінгенін  жеткізді.

Байқауға қатысушы жастардың теориялық және практикалық қабілеттері осындай шығармашылық ортада барынша шыңдалатынын, отандық және шетелдік университеттердің арасындағы осындай байланыстардың тиімді екені анық.

ЕҰУ Ректоры Е.Б.Сыдықов «Біріккен Ұлт жеңеді!» халықаралық байқауының Гран При, I-ші дәрежелі, II-ші дәрежелі және III-ші дәрежелі дипломдар мен арнайы номинациялармен марапаттады. жұмыстарға сыйлықтар тағайындады. Университет тағайындаған сыйлықтардан бөлек Байқау идеясының авторы профессор Ұ.М.Есенбекова жеңімпаздарға өзінің атынан сыйлықтар тапсырды.   Бұның бәрі байқаудың халықаралық мәртебесін айғақтайтын жақсы сипаттар болды.

Бүгінгі ресми марапаттау рәсімінде елдік мұраттар, бейбіт өмір мен келісім тақырыптарына арналған жұмыстардың ең үздіктері аталды.

«Біріккен Ұлт жеңеді!» халықаралық байқауының Гран При жүлдесімен америкалық Мичиган университетінің магистранты Молдағалиева Мөлдір марапатталды. Мөлдірдің «Елімді аңсап…» атты бейне материалын байқау Комиссиясы бірауыздан үздік жұмыс деп таныған.

Байқаудың I-ші дәрежелі дипломы Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ-дің магистранты Бәкірова Ақбөпеге берілді.

II-ші дәрежелі дипломдарға Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті мен Ростов мемлекеттік экономикалық  университетінің студенттерінің «Ұлттық құндылық – ұлт болмысы», «Раскрась жизнь сам» атты жұмыстары лайық деп танылды.

III-ші дәрежелі дипломдармен 3 жұмыс марапатталды. Олар: Хаджеттепе университетінің (Түркия), Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ-дің және Жүсіп Баласағұни атындағы Қырғыз Ұлттық Университетінің  магистранты. Бұл жүлдеге лайық деп танылған жұмыстардың тақырыптары да ерекше: «Қазақстан Тәуелсіздігінің Түркия үшін маңызы», «Ұлттық домбыра ұлықталды» және «Манасчылар – улут сыймыгы».

Халықаралық байқауға қатысқан үміткерлер Үздік идея, Үздік режиссура, Үздік операторлық жұмыс, Үздік монтаж, Күлтегін, Абай, Шерхан Мұртаза, Сағат Әшімбаев, Камал Смайылов, Марат Барманқұлов, Лязиза Аймашева, Рымғали Нұрғали, Ақселеу Сейдімбек және басқа аттары танымал тұлғалардың атындағы номинациялардың жеңімпаздары аталды.

 

Номинациялар бойынша жүлдегерлерді жариялаған Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық Университетінің стратегиялық даму жөніндегі проректоры Айтмағамбетов Думан Рамазанұлы, ЕҰУ-дің Журналистика және саясаттану факультеті деканының орынбасары Гүлжауһар Жамбылқызы Болатова осындай байқаулар арқылы тарихи тұлғаларымыз бен қайраткер азаматтарымыздың тәуелсіздікке сіңірген еңбектерінің ұмытылмай, дәріптеле беретінін айтты.

Байқау қорытындысын ресми жариялауға арналған ZOOM конференциясына қатысқан Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің баспасөз Хатшылығының басшысының орынбасары Думан Хамитұлы, «Қазақстан» ұлттық телеарнасының директоры Еркін Таңатқанұлы, «Қазақстан» телерадиокорпорациясы Алматы филиалының директоры Сауле Жанибекқызы Жиреншина,

«Хабар» Агенттігінің басшылары мен «Атырау-Ақпарат» медиахолдингінің Бас директоры Ысқақ Егембердиев байқау жеңімпаздарын құттықтады.

Олар бүгінгі мүмкіндікті пайдаланып, өздерінің 50-жасқа толып жатқан әріптесі мен ұстаздарын ЕҰУ профессоры Ұ.М.Есенбекованы мерейтойымен құттықтады. Бұл да әріптестер мен ұстаз, шәкірт арасындағы сыйластықтың үлгілі көрінісі болды.

 Қорытынды сөзінде халықаралық байқау идеясының авторы профессор Ұ.М.Есенбекова болашақта байқаудың ауқымы мен мазмұнын бұдан да ары кеңейтіп,  байқауды өткізуді дәстүрлі арнаға көтеру қажеттігін ұйымдастырушылар да, конкурсқа қатысушылар да бірауыздан қолдап жатқанын жариялады. Ғалым ұйымдастыру Комиссиясы атынан байқауды өткізуге қатысқан Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ-дің Телерадио және қоғаммен байланыс кафедрасының аға оқытушысы Пернебекова Айжан Пернебекқызына, барлық әріптестеріне алғысын жеткізді.

Байқау идеясының авторы Ұ.М.Есенбекова жақсылығы мол болашақтан үміт күтіп отырған халқымыз амандығын, байқау жеңімпаздарының шабыттарына қанат байланып, шарықтай беруін тіледі.

Жоғары ұйымдастырушылық деңгейде өткен, әділетті шешімдер жариялаған «Біріккен Ұлт жеңеді!» халықаралық байқауын ұйымдастырушыларға, жеңімпаздарға біз де шығармашылық табыстар мен халықаралық дәрежеде таныла беруін тілейміз.

 

INFOTIMES

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *