«АБАЙ ИНСТИТУТЫ» ЖОБАСЫ ЖҮЗЕГЕ АСАДЫ

Мемлекет басшысы ұлы Абайдың 175 жылдығын жоғары деңгейде мерекелеу туралы арнайы Жарлыққа өткен жылдың мамыр айында қол қойды. Бұл халқымыздың тарихи жады мен рухани өміріне соны серпіліс әкелген тарихи  оқиға еді. Тіпті төрткүл дүниені дүрліктіріп, жаһанды тұтас жайлаған пандемия да еш бөгет бола алмады. Жедел дамыған ақпараттық технология арқылы сәт сайын саналы көрермені, сағынған тыңдаушысымен жылы қауышып жатыр.

Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі тарапынан осы бағытта қолға алған шоқтығы биік шаруаның бірі «Абай институты» ашық білім беру жобасын іске асыруы еді.

Бұл шараның қайнар көзі 2019 жылы 31 желтоқсандағы «Қазақстан Республикасындағы тіл саясатын іске асырудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасынан» бастау алады. Алғашқы асқаралы міндеттерінің бірі – «Абай институты» ашық білім беру жобасы жақын арада қалың жұртшылыққа жол тартады.

Аталмыш жоба әуелгі кезекте қазақ тілін, әдебиеті мен мәдениет дәріптеуді және танымал етуді көздейді. Сондай-ақ мемлекеттік тілді оқыту бағдарламаларының жалпыға қолжетімділігін қамтамасыз ету үшін республикада және шетелде қазақ тілінде ашық білім алуды жүзеге асырады. Қазіргі таңда «Отандастар» қорымен бірлесіп, бес мемлекетте: Түркия, Иран, Ресей, Белгия және АҚШ елдерінде қазақ тілін оқыту курстары жұмысын бастап кетті.

Әлемдік тәжірибеге жүгінсек, тіл үйренуге, бір халықтың әдебиетін, тарихын, елін жалпы болмыс-бітімін насихаттайтын мұндай тәжірибе жеткілікті.

Дүниежүзі бойынша мұндай 25-тей орталық бар.

Солардың ішінен әлем таныған бір-екеуін ғана тілге тиек етелік. Мәселен, түріктің Юнус Эмре институты мен немістің Гёте институты. Бұлар тіл үйретумен ғана шектеліп қалмай, мәдениетаралық өзара әрекеттестікті одан әрі жақсартуды мақсұт тұтады, сөйтіп іс барысында фильм, музыка, әдебиет алмасумен бірге, әлеуметтік құндылықтарды түгел қамтиды.

Ресейдегі Пушкин институты туралы да осыны айтуға болады. Оның орыс тілін оқытудағы, педагогикалық кадрларды даярлаудағы, орыс тілін шет тілі ретінде оқыту әдістемесін әзірлеудегі көп жылдық табысты тәжірибесі бар. Мұндағы әрбір төртінші бакалавр және әрбір үшінші магистрант – шетелдік азаматтар.

«Абай институы»  осылардың лайықты серіктесі ретінде қазақ тілін шетелдердегі қазақ диаспорасына, сонымен қатар қазақ елінің кең байтақ жері мен ұлттың болмысына қызығушы шетелдік азаматтарға және де еліміздегі қазақ тілін жеткілікті көлемде меңгермеген азаматтарға үйретуде рөлі айрықша болады.

Жоғарыда атап көрсеткеніміздей, қазақтың әдебиеті мен тарихы, ұлы Абайдың өмірі, қазақ халқының табиғи болмысымен кеңінен танысуға, сол арқылы Қазақ елін насихаттауға кең жол ашады.

Бұл туралы орталықтың атқарушы директоры Ербол Тілешов былай дейді:

– Бұл жобаның болашағы туралы сөз еткенде «Жер бетінде қанша қазақ өмір сүріп жатыр, әрі олардың неше пайызы қазақ тілін үйренуге құлықты?» – деген мәліметке назар аудару маңызды. Ғалымдардың тұжырымдауынша, әлемде 15 миллион қазақ бар. Әйтсе де, дәл саны осы деп кесіп айту қиын. Бұл туралы жазушы Сұлтанәлі Балғабай да «осыдан 20 жыл бұрынғы жүргізілген халық санағының мәліметтері бойынша Өзбекстанда 1,5 миллион қазақ болған. Сөйтіп, жобамен шетте 5 миллион қазақ бар дейміз», – дейді. Қалай болған күнде де қатары қалың ормандай нысаналы аудиториясы бары анық. Келесі қадам – соларға жақындай түсу.

Ғалымның бұл пікірімен келіспеске болмайды.

Қолымызға іліккен шетелдегі қазақтар  туралы 2014 жылы Түркия үкіметі жариялаған мына дерекке назар аударып көрелік:

Мемлекет атауы Қазақтар саны
Өзбекстан 2 миллион 500 мың
Қытай 2 миллион 250 мың
Ресей 1 миллион 310 мың
Моңғолия 120 мың
Түркіменстан 125 мың
Ауғанстан 45 мың
Түркия 30 мың
Германия 17 мың
Тәжікстан 16 мың
Иран 53 мың 700
Украина 15 мың
Франция 15мың
АҚШ 10 мың
Беларуссия 5 мың
Канада 5 мың
Әзірбайжан 3 мың
Грузия 3мың
Пәкістан 5 мың
Молдова 3 мың
Англия 2 мың
Литва 3 мың
Швеция 1 мың
Эстония 1 мың
Армения 1 мың
Австралия 1 мың
Аргентина 700
Иордания 300
Израиль 200
Финляндия 64
Бельгия 2 мың
Аустрия 900

Сөйтіп, тарихи Отанынан тыс жерде өмір сүріп жатқан 6 миллион 650 мыңға жуық қазақ бар деген қорытынды шығады.

«Абай институтының» негізгі бағыты – осы елдерде тұрып жатқан қандастарымыз бен тілек білдірген өзге ұлт өкілдеріне қазақ тілі мен әдебиетін оқыту екенін еске алсақ, ұран от секілді жер шарының түкпір-түкпірінен шамшырақ болып көзге елестеп кетеді.

Бір айта кетерлігі, бұл жобаға білім, ғылым мәдениет салаларымен бірге, экономика, қаржы, саясат, сауда-саттық сияқты басқа да салаларда жұмыс істейтін отандық және шетелдік мекемелер мен ұйымдар, сондай-ақ қауымдастықтар, қорлар, орталықтар серіктес бола алады.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, жобаның түпкі мақсатын қолдайтын отандық және шетелдік мекемелер мен ұйымдарды әріптестікке шақыру, олармен тиісті келісімдер жасалады. Жоба шеңберінде әрбір әріптес орындайтын жұмыстардың нақты тізімі мен көлемі әзірленген.

Қазақстанның консулдықтары бар елдерде қазақ тілін үйрену үшін жағдай жасау бойынша шаралар іске асырылады. Ғылым және білім беру саласында, тіл теориясы, еліміздегі және шетелдердегі әлеуметтік-қоғамдық, саяси-экономикалық және ғылыми-техникалық салалардағы қазақтың әдеби тілін қолданудың әсерлілігі мен ерекшеліктері бойынша әртүрлі тақырыптарға онлайн-курстар мен бейнедәрістер өткізу жоспарланып отыр.

Ұлы Абайдың шығармашылық мұрасы мен идеяларына арналған түрлі іс-шаралар ұйымдастырылады.

Арнайы порталда қазақ диаспоралары мен ирриденттеріне қазақ тілін, әдебиеті мен фольклорын үйренуге контент қалыптастырылатын болады, ұлттық мәдениет насихатталады. Елшіліктер жанынан тілдесім клубтары, кітап клубтары, оқыту курстары ұйымдастырылады (әлемдік тілдер, әріптес елдердің тілдері).

Күні бүгін портал құрылды, сонымен бірге Android пен iOS-қа арналған мобильді қосымшалар әзірленді.

Сөз басында айтқанымыздай,  «Отандастар» қорының қолдауымен бес елде қазақ тілін оқыту кластары ашылып, қазақ тілі сабақтары басталды. Ол жерлерде қазақ тілін оқыту бойынша кураторлар белгіленген, қазіргі таңда онлайн режімде оқып жатқандар қатарында 40-тан астам тіл үйренуге ынталы шетелдік қандастар мен шетелдік азаматтар бар.

Әлемдік тілдерді үйренуге арналған түрлі порталдар бар. Мұндай тәсілмен тіл үйрену әлемдік тәжірибеге сүйенеді. Қазір әлем бойынша бұл технология бойынша тіл үйрену үрдісі кең өріс алған.

Бұл бағытта «Тіл-Қазына» орталығының бірқыдыру тәжірибесі бар.

Осыған дейін еліміздегі қазақ тілін білмейтін немесе қажетті көлемде меңгермеген өз азаматтарымыз үшін осындай портал әзірлеп, қолданысқа енгізген болатын. Көрермен көзайымына айналып, қалтқысыз қызмет жасап тұр.

Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі Тіл саясаты комитетінің тапсырысы бойынша 28-30 қазан күндері онлайн режімде шетелдердегі қазақ тілі оқытушыларының біліктілік арттыру курстары өткізілді. Шараны еліміздегі және шетелдердегі қазақ тілін ана тілі және шетел немесе екінші тіл ретінде оқыту әдістемелері бойынша беделді ғалымдар жүргізді. Оқуға Ресейдің Мәскеу, Самара, Орск, Орынбор қалаларынан, Алтай Республикасынан, Монғолиядан, Ираннан, Португалиядан, Бельгия Корольдігінен, Испаниядан отыздан астам тыңдаушы қатысты.

https://abai.institute/ порталы бүгін таңда ғаламтор желісіне тестілік режімде қосылды.

Порталдың «Абай әлемі» бөліміне ғұлама хакімді таныстыру материалы орналасқан. Данышпанның әлемнің бірнеше тілге аударылған еңбектерімен «Кітапхана» бөлімінен оқуға, жүктеп алуға болады.

Негізгі бөлім «Қазақша үйрену» қазақ тілін ең қарапайым деңгейде меңгеруге жәрдемдеседі.

«Елтаным» бөлімі Қазақстанның барлық өңірлерін, оның әсем жерлерін, сұлу табиғатымен таныстырады. Облыс, қала атаулары, өзен-көлдер мен ну тоғай-ормандарының көздің жауын алар әсем суреттері қазақ еліне қызығушылардың сезімін тербейді.

«Ақпарат» бөлімінен қазақ тілі мен әдебиетіне, тарихына қатысты ойға орнықты, тілге татымды небір таңғажайып мәлімет шоғырын таба аласыз.

«Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні», қазақ тілі әлем көгіне қанат жайсыншы десек, жаңалықтан құр қалмайық.

«Абай институтының» әр қадамын жанашырлықпен қолдау арқылы жер бетіндегі жалғыз Отанымыз – Қазақстан даңқының асқақтай беруіне әрбіріміз үлес қосайық дегіміз келеді.

Айдос ӘБДІХАЛЫҚ,

Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық

ғылыми-практикалық орталығы директорының орынбасары

INFOTIMES

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *