«МҰХИТТЫҢ АРҒЫ ЖАҒЫНА…»

Аға буын өкілдерінің әлі күнге есінде, кеңестік кеңістікті тұмшалаған, сөздің тура мағынасындағы, қара бұлтты қақ жарып, бейбітшілік арқалап бара жатқандай әсерде шырқалатын Ахмет Жұбановтың «Ақ көгершін» әнінде осындай жолдар бар. Бірақ, ол кезде Қазақстанның айдай әлемге танылып, асқақ абыройы шартарапқа жайылатыны, ана тіліміздің мұхит асып жер жүзіне тарайтыны туралы армандау тұрғай, көзге елестету мүмкін емес еді.

 

Тәубе, Тәуелсіздігіміздің арқасында бүгін көз көріп отыр.

Мыңдаған мысалдар арқылы айтуға болады, соның бірі ғана ретінде, Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталықтың 2020 жылдың 10 сәуірінен бері Аргентина азаматтарына Zoom арқылы қазақ тілін оқыту курсын бастағанына тоқталып өтелік.

Әлбетте, мемлекеттік тілдің мәртебесі – күнделікті өмірде мемлекеттік тілдің қызмет ету аясының кеңеюі мен шет елдерде қазақ тілін қолданушылардың көбеюімен арта түсері анық.  Осы тұрғыдан келгенде шет мемлекеттердегі  қазақ тілін үйренгісі келетіндердің саны артып келе жатқаны қуантады. Онлайн курс барысында Аргентинаның Росарио қаласында орналасқан Қазақстандық мәдени орталық мүшелеріне қазақ тілінің қарапайым А1 деңгейі үйретілуде.

Онлайн сабақ ағылшын тілінде жүргізіліп жатыр.

Бұл курстың ерекшелігі – қазақ тілін үйрету ғана емес, қазақ халқының біртұтас мәдениетін дәріптеу және таныту. Қазақ тілінің базалық білімін игеріп, ауызекі тілде сұхбаттасуды үйрету, сөздік қорды көбейте отырып, ауызекі сөйлеу дағдысын қалыптастыру.

Бүгінде шетелдік аудиторияға арналған қазақ тілі курсының қарапайым А1 деңгейінің дәріс бағдарламасы, оқу жұмыс жоспары, оқу-әдістемелік құралы, таратпа материалдар дайындалды.

Сабақтың әр сағатында тиімді әдіс-тәсілдер мен соңғы инновациялық технологиялар пайдаланылып, аргентиналықтардың қызығушылығына ерекше мән берілуде.

Тіл үйренушілерді коммуникацияға бейімдеу, яғни, тіл үйренушілерге қазақ тілінің  бастапқы актив сөздерін, сөз тіркестерін, тіпті сөйлемдерін игерту басты  назарда.

Онлайн курсты «Haileybury Astana» мектебі қазақ тілі пәнінің мұғалімі, phd докторант Ақниет Озатұлы әр жұма сайын жүргізеді.

Әрине, ағылшын тілінің ішкі лингвистикалық табиғаты мен қазақ тілінің өзіндік табиғатының арасында түбірлі айырмашылықтар бар, – дейді дәріс беруші Ақниет Озатұлы. – Алайда оқытушының шетелдік тіл үйренуші аудиториямен еркін диалогқа барып, мәселені күрделендірмей мейлінше оңай, тиімді түсіндірудің нәтижесінде үш айдың ішінде тіл үйренушілерден  қазақ тілінде жауап алатын деңгейге жетті.

Қазақ тілін үйренуге зор қызығушылық танытқан Аргентина азаматтары: Густава, Ирина, Жульетта, Аника, Григорий, Сергионың  қазақ тілінде еркін сөйлеуге, ақпараттық технологияларды қолдануға деген танымдық кызығушылығы, тапсырмаларды орындауға, қазақ тілін меңгеруде мультимедиялық құралдар мен электронды оқулықтарды қолдануға деген ұмтылысы ерекше байқалуда. Сабақ барысында Сергио есімді азамат «Ұлттық домбыра» күніне орай  қазақ күйлерін орындап, көпшілікті тәнті етті.

Сонымен қатар олардың  қазақ  мәдениетіне, өнеріне, музыкасына ықыласы ерекше. Росарио қаласындағы ерікті топтың «Қазақ мәдениеті» орталығын  құруы – осының дәлелі. Олар еліміздің Тәуелсіздік күні, Наурыз сияқты мерекелерді жыл сайын атап өтуді дәстүрге айналдырған. Facebook әлеуметтік желісінде Rosario  қазақ мәдениет орталығының тарапынан  қазақ халқының мәдениетін насихаттауға және дәріптеуге арналған парақша тұрақты түрде жүргізіледі. Тіпті, халықаралық деңгейдегі спорттық шараларда Қазақстан азаматтарына жанкүйерлік танытатыны жүрекке жылы тиеді.

Росариода ту орнатуға арналған әлемдегі жалғыз монумент орналасқан, ол жерде жыл сайын желтоқсанның 16-сында Қазақстанның туы желбірейді.

Биыл елімізде тұңғыш рет мемлекеттік мереке ретінде аталып өткен Абай күні мемлекеттік органдардың делегаттары, Росарио қаласының әкімшілігі, Оңтүстік Америка мелекеттерінің академиялық және бизнес орталарының өкілдері, осы елдердің Бразилиядағы дипломатиялық миссияларының басшылары мен қызметкерлері, Қазақ мәдени орталығының волонтерлары қатысқан осы қаладағы бейнеконференцияға ұласты. Қазақтың ұлы ойшылының өмірі мен шығармашылығына арналған ғылыми іс-шаралар, әдеби кештер мен көрмелер ұйымдастыру жоспарланып отыр.

Мұхиттың арғы бетіндегі Қазақстанға, қазақ  ұлтына деген шынайы сүйіспеншілік мен үлкен құрмет мерейіңді өсіреді, кеудеде мақтаныш сезімін ұялатады.

Мыңнан бір мысал деген осы болса керек.

INFOTIMES

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *