Астана мемлекеттік қызмет хабына қатысушы елдер – Орталық Азия мемлекеттері және Ауғанстанның уәкілетті органдары және мемлекеттік басқару институттары өкілдері, сондай-ақ Нидерланды, АҚШ, БАӘ және басқа да елдердің сарапшылары Алматыдағы Халыққа қызмет көрсету орталықтары (ХҚКО) жұмыстарын көріп, тәжірибе алмасты.
Оннан астам елден келген қонақтарды ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Абылайхан Оспанов және «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорация басқарма төрайымы Әсемгүл Балташева қарсы алды.
Оларға Алматы қаласы Медеу ауданының Халыққа қызмет көрсету орталығы және сонда орналасқан цифрлық Халыққа қызмет көрсету орталығы жұмысымен таныстырылды. Цифрлық ХҚКО жұмысын көрсету барысында Әсемгүл Балташева Үкіметтің қазіргі таңда қазақстандықтардың цифрлық сауаттылығын арттыруға, атап айтқанда, азаматтарды орталықтарға бармай-ақ,қызмет түрлерін онлайн режимде алуды үйретуге баса назар аударуда екендігін айтты. Естеріңізге сала кетейік, бүгінде қазақстандықтардың EgovKzBot2.0 телеграм-боты, жаңартылған eGovMobile мобильді қосымшасы, сондай-ақ Facebook және Вконтакте әлеуметтік желілерінде мемлекеттік қызметтерді алуға және оларды пайдалануға мүмкіндіктері бар.
Халыққа қызмет көрсету орталықтарына шетелдік мамандардың оқу сапары мемлекеттік басқару оқу орындары мен институттарын нығайту бойынша халықаралық семинар аясында өткен. Бұл шара жан-жақты пікір алмасу, инновациялық иедяларды жеткізу және жаңа әріптестік байланыстар орнатуға бағытталған.
Бұған дейін Астана Хабы мемлекеттік қызмет көрсету саласындағы Қазақстан, Грузия және Әзірбайжанның алдыңғы қатарлы тәжірибесімен таныстыратын сараптамалық материалдар – кейс-стадилер әзірлеген. ЭЫДҰ хатшылығында орналасқан Тиімді институттар платформасы әдістемесіне сүйене отырып, Хаб мемлекеттік қызмет көрсету бойынша “тең теңімен”қағидасы негізінде Практиктер альянсын құрған.
Қазіргі уақытта Астана Өңірлік хабына 42 ел мүше, оның ішіне ЭЫДҰ, ТМД, Кавказ, Орталық Азия және АСЕАН мемлекеттері де кіреді