Стадиондар стандартқа сай ма?

Футбол стадиондарының стандартқа сай болуы – аяқдопшылар үшін де, жанкүйерлер үшін де маңызды. Еліміздегі алаңдар футбол ойыны секілді өз уақытымен бірқалыпқа түсіп келеді. Бүгінгі мақалада қазіргі таңдағы сыйымдылығы ең үлкен деген 5 алаңмен таныстырамыз.

Қазақстандағы ең үлкен стадион – “Астана Арена”. 2009 жылы іске қосылған алаңға 30000 жанкүйер сыйып кетеді. Аренада Қазақстан құрамасы, “Астана” ФК, “Бәйтерек” ФК жаттығады, қонақтарды қабылдайды. Стадион бастапқыда, ресми ашылу күнінде қазақтың атақты күрескері Қажымұқан Мұңайтпасұлының құрметіне “Қажымұқан стадионы” деп аталған. Кейінірек, стадион оның ағымдағы “Астана Арена” атауын алды.

А.Қапанов пен А.Коссовтың сәулет өнері негізінде салынған Алматы Орталық стадионына 22000 көрермен сыйады. Стадионда футбол, жеңіл атлетика, шапшаң жүгіру, коньки тебу, көгалдағы және доппен ойнайтын хоккей, волейбол, бокс және т.б. спорт түрлерінің барлық тарихи бүкілодақтық және халықаралық жарыстары өткізілген.  Ашылу уақытынан бері «Қайрат» клубының негізгі стадионы болып келеді. 2011 жылы қазан айында Алматының орталық стадионына жүгіру жолы күрделі жөндеуден өтіп, жаңа қабат төселді. Су жаңа жүгіру жолы Орталық Азия мен ТМД елдеріндегі тұңғыш жеңіл атлетикалық манеж. Мұндай жеңіл атлетикалық жол әлемде тек Берлин мен Барселона қаласындағы футбол стадионында ғана бар.

1967 жылы салынған Шымкент қаласындағы “Қажымұқан атындағы орталық стадион” 20000 көрерменді қабылдай алады. Тығыздығы жағынан елімізде үшінші орында тұрған стадионның жергілікті футбол клубы – “Ордабасы”. Аталмыш клуб 1988 жылы “Жігер” мен “Томирис” клубтарының қосылуымен пайда болды.

1958 жылы салынған “Шахтер”- Қарағанды қаласында орналасқан стадион. Алғашқы аумағы 2,6 гектар болған, бірақ келе-келе оған жапсарлас бірнеше құрылыс нысандары салынып, алаңқайлар қосылды. Бүгінгі күнде қаланың бас спорттық аренасының аумағы 14 гектарға дейін жетті. Бұл жерде халық футболмен ғана емес, жеңіл атлетика, бокс, пауэрлифтинг, бодибилдинг, конькимен жүгіру, городки, хоккей, үлкен және үстел теннисі, баскетбол, волейбол, ауыр атлетика, велоспорт, туризм, полиатлон, президенттік көрсайыс және мини-футбол сынды спорт түрлерімен айналыса алады.

Көрермендер тығыздығы бойынша бесінші орында тұрған алаң – “Қобыланды батыр атындағы орталық стадион”.  Қаланың негізгі футбол алаңы мен «Ақтөбе» футбол клубының үй алаңы. Стадион аумағында 13 500 адамға дейін орналаса алады.  Республикамыздағы жанкүйерлер саны ең көп келетін стадион.

Қазақстан Премьер-лигасының 1 туры аясында «Тобыл» мен «Ертіс» командалары арасындағы ойында “Тобыл Арена” манежінің ресми ашылуы өтті. Алаңға  3000 көрермен сыйады. “Тобыл Арена” футбол алаңын пайдалану көрсеткіштері бойынша бірқатар сынақтардан өтті: доптың секіруі, айналу кедергісі, өріс тегістігі, соққы амортизациясы, тік деформациясы. Тестілік сынақтарды жүргізу үшін барлық қажетті жабдықтары бар тәуелсіз зертхана пайдаланылды. Қостанайлықтарды жаңа алаңымен құттықтаймыз!

 

Ырысты ҚАДІРБЕК

Журналист 

 

 

 

 

INFOTIMES

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *