Далапты дүние


        Ерінді далаппен бояу  қазіргі таңда нәзік жандылар үшін үрдіске айналған. Бұрын далаптың орнына әжелеріміз әр-түрлі майларды пайдаланған. Далап (ерінге жағатын) еріннің терісін жұмсартып, оны күн, жел қағудан қорғайды. Далаптың көмегімен еріннің пішіні мен көлемін өзгертуге болады. Егер ерін үлкен болса, далапты езуге жеткізбей еріннің орта тұсына ғана жағады; ауызы кішкентай әйелдер — еріннің бүкіл жоғарғы бөлегін, ал жоғарғы еріні қалыңдау болса — төменгі ерінді тұтастай, ерін жұқа болса — жоғарғы ерінді көбірек бояу керек; ерні қалың әйелдер далапты еріннің шетіне жеткізбей жаққаны жөн. Әуелі ауызды айнала сызық жүргізіп, сонан соң ерінге далап жаққан дұрыс. Далап қалың жағылып кетсе, оны жұқарту үшін ерін арасына қағаз қойып, ерінді қатты жымқырып қысу керек. Еріндегі далапты түнге қалдырмай, кешкісін нәрлі креммен сүрту қажет.

      Ерін далабы әртүрлі түсте шығарылады. Оның түсін беттің терісіне, көздің, шаштың киімнің түсіне сәйкес келетіндей етіп таңдау керек. Мезгіліне қарай күндіз және кешкісін пайдаланылатын далаптардың түсі әртүрлі болуы шарт. Күндіз қолданылатын далаптың түсі кешқұрым пайдаланатынға қарағанда ашық, нәзік болғаны дұрыс. Аққұба өңді әйелдердің қоңырқай түсті далапқа үйір болмағаны жөн, себебі мұндай түс оларды егде етіп көрсетеді, әрі бет-әлпетінің өңін бұзады. Қоңырқай күнқақты өңді, сондай-ақ қараторы әйелдерге далаптың ашық түстісінен гөрі қоңырқай-қызғылт түстілері жарасады, ал қоңыр-сары шашты әйелдер түсі онша ашық емес далапты,  шашының түсі сары әйелдер ашық түсті далапты пайдаланғаны жөн.

     Құрамында бояғыш заттар жоқ, тек қана ерінді жұмсартып, жарылудан, кеберсуден, жел қағудан қорғауға арналған түссіз гигиеналық далап та шығарылады. Еуропаның киносындағы әйелдердің ерін далабына мән берсеңіз өте ашық түстерге бояп жүргенін көресіз. Бұл дегеніміз нәзік жандылардың қоғамда өзінің бар екенін сездіріп, халық назарын өзіне аударту мақсатында жасалады екен. Азиялық әйелдер болса нәзік, қоңырқай түстерге бояғанды жақсы көреді. Бұл әйел затының сезімінің шынайылығын, сыпайылығын білдіртіп тұрады.

Қалилаева Әсемгүл


 

INFOTIMES

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *