ХХІ ғасыр – мүмкіндіктер заманы. Жетістікке жетуді мақсат еткен адам білім мен табандылықтың арқасында биік шыңдарды бағындырары хақ. Абай атамыз айтқандай: “Адамның көңілі шын мейірленсе, білім-ғылымның өзі де адамға мейірленіп, тез қолға түседі”. Осы ретте білімге ұмтылған әр адам үшін жаңа мүмкіндіктердің бірі – IELTS емтиханы.
Ағылшын тілін білудің халықаралық өлшемі саналатын IELTS (International English Language Testing System) – ағылшын тілін білу дәрежесін академикалық тұрғыдан сынайтын тест түрі. Бүгінде бұл тесттің сертификаты әлемнің көптеген елінде білім алу, жұмысқа орналасу, тағылымдамадан өту және иммиграция үшін негізгі талаптардың бірі саналады.
IELTS кез келген адамға жетістіктерге жету жолындағы таптырмас құрал дер едім. Аталмыш тестілеуге дайындық арнайы курстар мен оқыту бағдарламалары арқылы жүзеге асады. Әрине, тіл білу қабілетін арттыратын әрі тестілеуге сапалы дайындайтын курсқа қатысу арзан болмауы мүмкін, бірақ білімге құйылатын инвестиция әрқашан өз жемісін беретінін естен шығармау керек. Соңғы жылдары тестілеудің арқасында өз мақсаттарына жетіп жатқан жастардың жетістігін жиі байқаудамыз. Мысалы, Назарбаев Университетінің түлегі, блогер әрі IELTS сарапшысы Әсел Амангелді өзінің ағылшын тіліндегі жоғары біліктілігінің арқасында «Ivy League» әлемнің элиталық университеттерінен құралған топтың шыңында тұратын Гарвард университетіне магистратураға оқуға түсті. Одан кейін, тағы бір таңғаларлық нәтижені 17 жастағы Сая Қыдырәлі көрсетті. Ол өзінің жеке тестілеуге дайындайтын курсын ашып, 8.5 балл алған оқушысына темір тұлпар сыйлады. Сонымен қатар, жақында өз біліктілігін дәлелдеп, үміткерлердің небәрі 0.5%-ы ғана қол жеткізетін 9 баллдық нәтиже көрсетіп, рекорд қойды. Әрине, бұл ауқымды жетістіктердің басында тек IELTS-тың ғана үлесі болмағаны анық. Дегенмен, бұл оның рөлі тек тіл деңгейін анықтаушы ретінде шектелмей, табысқа бастайтын стратегиялық құрал екенін айқындайды. Осыдан біз жас ұрпаққа ағылшын тілін меңгеру деңгейін толықтай жетілдіру маңызды деген тұжырымға келеміз. IELTS тек адамдардың жеке жетістігі ғана емес. Объективті түрде қарастырсақ, Қазақстандағы білім сапасының артуы, шет елдермен бәсекелестікке қабілеттілік, мамандардың білімі мен біліктілігінің артуы және олардың қаржылай тәуелсіздік орнатуы жалпы мемлекеттің экономикалық даму көрсеткіштерінің жоғарылауына септігін тигізері анық.
Бүгінгі таңда Қазақстанда да IELTS тестілеуінің рөлі жоғарылап, өз маңыздылығын арттыруда. Назарбаев Университеті, Мақсұт Нәрікбаев Университеті, КИМЭП Университеті және тағы да басқа жетекші жоғары оқу орындарына түсу үшін IELTS сертификаты міндетті. Сонымен қатар, қазақстандық мамандар «Болашақ» мемлекеттік бағдарламасы арқылы жыл сайын әлемдік университеттерде магистратура, докторантура деңгейінде білім алуға мүмкіндік алуда. 2024 жылының соңындағы қорытынды бойынш 271 азамат “Болашақ” стипендиясының иегері атанды. Олардың бірі М. Мақатаев атындағы № 140 гимназиясының қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Әбдіманап Нұрила. Ол мамыр айында АҚШ университетінде оқуын бастайды.
IELTS – жай ғана ағылшын деңгейін анықтайтын стратегиялық тест емес, адам үшін жаңа мүмкіндіктер ашып, мақсатқа жетелейтін құралдардың бірі. Белгілі бір кең ауқымды мақсатқа жетуді көздейтін тұлғаға оны қолдана білу – заман талабы.
Ханзада Оразбай