21 сәуірде Астана қаласындағы «Keruen» сауда-ойын-сауық орталығында орналасқан Kinopark кинотеатрында «90+1» кинокартинасының жабық көрсетілімі өтті. Шараның ашылуында Мәдениет комитеті төрағасының орынбасары Айдын Қапашев отандық киноиндустрияның дамуы мен жаңа спорттық бағыттағы фильмге қатысты ойын ортаға салды.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұлттық мәдениетімізді жаңғырту, тарихи сананы қалыптастыру және өскелең ұрпақты тәрбиелеу ісінде киноның рөлі ерекше екенін бірнеше мәрте атап өтті. Өйткені кино – тек өнер туындысы ғана емес, ол – ұлттық болмысты айқындайтын қуатты құрал. Осы орайда мемлекет тарапынан әлеуметтік, тарихи тақырыптарды, отбасылық құндылықтарды қаузайтын мазмұнды киножобаларға ерекше көңіл бөлініп келеді. Бұл – ел болашағы үшін жасалып жатқан маңызды қадам.
Бүгін назарларыңызға ұсынылып отырған «90+1» фильмі де – осы бағыттағы маңызды туындылардың бірі. Фильм Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының қолдауымен жарыққа шықты. Біз бұл туындыны тек жастар ғана емес, әрбір ата-ана, әрбір отбасы көрсе екен дейміз. Себебі баланың бойындағы сенімді ояту – тек сөзбен емес, өнегемен келеді. Ал өнеге осындай мәнді де мағыналы туындылар арқылы беріледі», – деді А.Қапашев.
Аталған жобаны «SBA Enterprise» кинокомпаниясы жүзеге асырды. Кинокартинаның режиссері – «Бизнес по-казахски», «Әкім» секілді жобалармен танылған Тимур Дулатов. Басты рөлдерді Қуаныш Керімқұлов, Алмат Сақатов және танымал блогер Артур Асқарұлы сомдайды.
«Бұған дейін Кино орталық қоғам үшін маңызды 117 картинаға қолдау көрсетіп, көрерменге сапалы, әлеуметтік бағыттағы, тарихи, отбасылық құндылықтарды дәріптейтін, сонымен қатар балаларға арналған мазмұнды контент ұсынуға үлес қосты.
«90+1» фильмі – жастар мен жасөспірімдерге арналған мотивациялық туынды. Фильм арқылы: «Қандай жағдай болса да, арманыңнан бас тартпа!» деген басты ойды жеткізгіміз келеді. Бұл арқылы біз әртүрлі жастағы көрерменнің сұранысын ескеруді мақсат етеміз. Қазіргі таңда Ұлттық кино орталығы мемлекеттік қолдауға үміткер киножобаларды іріктеу конкурсының екінші кезеңін бастады. Биыл да біз сапалы туындыларды қолдауға күш салатын боламыз», – деді Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы басқарма төрағасының орынбасары Әділет Омаров.
Фильм сюжетіне келсек, басты кейіпкердің ата-анасы жол апатына ұшырап, оған отбасының тірегі әрі сүйеніші болуға тура келеді. Футбол десе, жанын беретін жігіттің бала күнгі арманынан қол үзгісі жоқ. Туынды шытырманға толы хикаяға негізделген.
«90+1» – бұл тек спорттық драма емесіз қандай қиындық болмасын, арманға жетуге болатынын көрсеткіміз келеді. Бұл – ата-аналарға да «балаларыңызға сеніңіздер, қолдау көрсетіңіздер!» деген үндеу», – деді фильмнің сценарисі және басты рөлді сомдаушы Қуаныш Керімқұлов.
Айта кетейік, «90+1» фильмі 2025 жылғы 24 сәуірден бастап Қазақстанның барлық өңірлерінде кең көлемді прокатқа шығады.